Ахмет Байтұрсынұлы мұраларындағы тәуелсіздік идеясы Избранное

Среда, 19 Октябрь 2022 07:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1461 раз

Қазақ елінің тарихы кешегі кеңестік қоғамда қатты бұрмаланды, соның ішіндегі «Алаш» партиясы, қозғалысы, олар құрған үкімет жайында да тым теріс, жалаң айыптауларға толы түсінік қалыптастырылды. Сан алуан оқулық, зерттеулерде, монографиялық еңбектердегі қиянаттар бірінен-бір асып түсіп жатса, тіпті, энциклопедиялық анықтамалықта да әділетсіз пікір, дәйексіз дәлелдер келтіріліп жатты. Мысалы: «Алаш» – буржуазияшыл-ұлтшыл партия. Қазақ аулындағы феодал-байлардың, кертартпа дін басыларының және буржуазияшыл-ұлтшыл интеллигенцияның оңшыл тобының мүддесін білдірді». Мұндай әділетсіз байлам Алаштың қозғалысы мен үкіметіне де осы тұрғыдан берілді. Өкініштісі сол, мемлекеттік деңгейдегі анықтамалық осылай деп түсіндірген соң басқаға не жорық. Одан әрі дәл осы түсінікпен әлденеше ұрпақ тәрбиеленді. Академик Рымғали Нұрғали атап көрсеткендей: «Алаш қозғалысы, «Алаш» партиясы, Алашорда өкіметі туралы тарихи шындық бұрмаланып, қып-қызыл өтірік айтылып келді. Ең бастысы, Алаш қайраткерлері қазақ ұлтының қас дұшпаны болып көрсетіліп, олардың шығармаларына тиым салынды».

501

 

Тәуелсіздікпен бірге тарихымыздағы ақиқаттар қалпына келтіріліп, «ақтаңдақтар» ашыла бастады, соның бірі «Алаш» тарихына қатысты екені қуантады. Біздің айтуға ниет еткен мәселеміз – Алаш ұранды әдебиеттің биігінде тұрған тұлға, аса ірі мемлекет қайраткері, Ұлт ұстазы
Ахмет Байтұрсыновтың шығармалық мұраларындағы тәуелсіздік идеясы жайында. 1905 жылдары-ақ негізі қаланып, ғасыр басындағы аласапыран, төңкеріс кезінде өздерінің күрескерлік рухымен тарих аренасына шыққан оларды отаршылдық пиғылы Ресей империясынан да асып түскен большевиктер қоғамы мүлдем тұншықтырып тастады. Соған қарамастан Алаш қозғалысына қатысқан аяулы тұлғалардың дені ұлт мүддесін биік қойған іс-әрекеттерімен күрес жүргізді және өздері қуғын-сүргіннен көз ашпай жүрсе де ұлттық рухты оятатын әдебиет, публицистика, ғылым саласында мол мұра қалдырды.
ХХ ғасырдың бас кезі дауылды, дүрбелеңге толы болып басталды. Ұлт-азаттық көтерілістер, сан алуан қозғалыстар мен төңкерістер, азамат соғысы, аштықтың етек алуы сияқты зұлматтар қазақ елін тарих аренасында не бар ететін, не жоқ ететін жағдайларға әкеліп тіреді. «Өлім ұйқысы» құшағында жатқан халықтың құлағына Ахмет Байтұрсынов «Маса» болып ызыңдады, «қаққы жеп, қанаттары бұзылғанша» қайтпай әрекет етті. Міржақып Дулатұлы «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты», «Қазағым енді жату жарамас-ты!» деп ұран салды.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары, дәлірек айтқанда 1923 жылы ұлы ұстаздың 50 жасқа толу тойы аталып өтті. Осыған орай қазақ әдебиетінің «қызыл сұңқары» атанған ақын Сәкен Сейфуллин «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген тақырыпта мақала жазды. Кеңестік қоғамға құлай сенген, Алаш партиясы жайлы мүлдем қарама-қарсы көзқарастағы қайраткер былай деп жазды: «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді». Қалың қазақтың ұлттық намысы мен арын жоқтаған
Ахмет Байтұрсынов жайында осы мерейтой аясында жазылған саналуан пікірлер болған. Соның ішінде ХХ ғасырдың ұлы жазушысы
Мұхтар Әуезовтің «Алаштың ардақтысы» деп аталатын еңбегіне соқпай кету мүмкін емес. Ендігі ретте аталған еңбектегі түйінді ойға назар аударсақ: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын», – деп баға беретін жазушы пікірінің мәні зор. Шынында да біз біршама уақыт Алаш ардақтыларын ұмыттық, ұмыттырды, естен шығардық, шығарғызды. Ал тарих төреші ұмыта қоймапты, соған көзіміз енді жетті.
Осы бір аласапыран жылдары ахметтанудың іргетасы қаланды. Ұлы ұстаз жайында тек ақын-жазушылар ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткерлері де үнсіз қалмады. Осы кезеңде өз халқының ұлы ақындарына тек таптық сарынмен баға беріп, әсіресе, алашордашылар дегенде тіпті теріс атқа мінетіндерге ұлтын сүйген ұлы тұлға Сұлтанбек
Қожанов: «Қазақтар арасындағы революция туралы мәселе қозғалғанда Абай
Құнанбаев пен Ахмет
Байтұрсыновты айналып өтуге болмайды. Қазіргі революционерлердің барлығы да Абай мен Ахметтің шәкірттері болып табылады», – деп жауап беріп, шәкірттік пейілмен сүйсіне жазды. Атақты Ахаңның 50 жасқа толу мерекесі қарсаңында «Ақ жол» газетінің 1923 жылдың 4 мамырында айтылған бұл пікірдің келесі бір жалғасы 1924 жылғы 3 сәуіріндегі «Жақындық па, жалақорлық па?» атты айтыс мақалада жалғасын тапты. «Қазақ жазба әдебиетінің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса, кім болады? Басқа да аға бар ма? Бар болса кім?» – деп сұрақ қойды. Ұлт әдебиетінің, ұлт мектебінің негізін қалаушы кемеңгерлер туралы айтқан С.Қожанов пікірінің дұрыстығын уақыт кеш те болса дәлелдеді. Ол сол кездің өзінде-ақ «жоқты жазып, бар әдебиет маңайын былапыттайтындардың» жақындығы мен жалақорлығын әшкереледі. Үлкен жүректі азамат әдебиетті, сөз өнерін сүйді, әсіресе, төл әдебиетіміздің көшбасында тұрған ұлы тұлғалар – Абай мен Ахметті, Мағжанды сүйді, замана дүмпуінен теперіш көре бастағанда алғашқылардың бірі болып, қолын созды, қорғап жазды және осы әрекеттері үшін сан мәртебе соққы жеді, ақыры мерт болды.
Ахмет Байтырсыновтың өмірі мен шығармашылық өнерін, ұлттық рухты оятып, азаттық аманатын алаш жұртына жан-жақты жеткізетін еңбектің бірі де бірегейі «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты тарихи еңбек. Алғаш рет 1932 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген, Алаш зиялыларының өмірбаяны мен шығармашылық өнерін сарапқа салып, кеңінен талдайтын кітаптың кеңестік жүйенің қисынына келмей, қатты сынға ұшырап, қайта басуға, оқуға тыйым салынуы, сөйтіп төл әдебиетіміздің «ақтаңдағына» айналуы өкінішті-ақ.
Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты кітабы үлкен-үлкен екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлім «Әдебиеттегі ұлтшыл, байшыл дәуірдің сыны» деп аталса, екінші бөлім «Ұлтшыл-байшыл дәуірдің ақын-жазушылары» деген атпен берілген. Автор «Ұлтшыл-байшыл дәуірдің ақын-жазушылары» қатарында А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, О.Қарашұлы, М.Жұмабаев, С.Торайғырұлы, С.Дөнентайұлы, Б.Күлейұлы, М.Әуезов, Ж.Аймауытов сынды әдебиет өнерінің биік тұлғаларын зерттеу нысанына алады. «Ұлтшыл-байшыл дәуірдің ақын-жазушылары» деп аталатын екінші бөлім Байтұрсынұлы Ахметтен басталған. Сәбит Мұқанов А.Байтұрсынұлы жайында мына мәселелерге кеңінен тоқталған: «Өмірі», «Қырық мысал», «Маса», «Басқа қызметтері».
Зерттеуші Мұқановтың атақты Ахмет Байтұрсынұлының «Өмірі» туралы айтқанда мынаны аңғардық. 1988 жылы ғана толық ақталған ақынның өмір жолы, қоғамдық қызметі жайында біршама біліп қалдық. Ал енді сол деректердің негізгі көзі Мұқанов зерттеуі екенін қапысыз көруге болады. Қай жылы, қай жерде дүниеге келді, ата-бабасы кім, олардың басына түскен қиянат, қуғын-сүргін, жетімдік, жоқшылық тақсыреті, «Анама хат» өлеңінің дүниеге келу себептері, сондай-ақ, қоғамдық қызметке араласқаннан кейінгі сан алуан қызметтері, «Қазақ» газетін шығарудағы жанкешті ерлігі, «Алашорда» партиясын құрушылардың бірі екенін айта келіп, әйгілі тұлғаның қазақ елінің азаттығы мен тәуелсіздігіне сіңірген еңбегі жайында бүгінгі күні де баға жетпес қасиеттерін атап өтеді.
Мұқанов былай дейді: «Кеңес үкіметімен сөйлес қылғаннан кейін Ахмет Алашорда мүшелеріне, көсемдеріне кешірім жариялатқан: содан кейін Қазақстан автономиясын ашу мәселесін сөйлесіп, автономия берілетін болғаннан кейін Орынборға келіп, партияға кірген».
Осы арада есте ұстайтын екі ақиқатты автор қапысыз көрсеткен: бірі – алаштықтарға кешірім жасату, екіншісі – қазаққа автономия әперуі. Білімі мен парасаты, қайраткерлігі мен қажырлылығының арқасында Мәскеуге дейін барып, большевиктер көсемі Ленинмен тең дәрежеде сөйлесіп, туған елінің арда ұлдарына ең алдымен «кешірім» әперді, бодан елінің бостандыққа ұмтылған тілегін оятып, автономияға қол жеткізді.
Қатыгез қоғам бұл «кешірімді» араға он жыл салып ұмытты, Алаш туралы көзқарас мүлдем басқа қисынға кетті. С.Мұқанов Ахаң сынды ардақты жанның қайраткерлігін, ел алдындағы еңбегін таныды және де елге жаю үшін осы еңбегін жазды. С.Мұқанов сынды зерттеуші негізінен алғанда Ахмет Байтұрсыновтың басты-басты екі кітабына, яғни, «Қырық мысал» мен «Масаға» талдау жасайды. «Маса» тұсында Ахметтің істейтін ісінің программасы ашылды. Ол –
қазақ елін орыс отаршылдарына қарсы көтерту. Бұл үшін Ахмет қазақты оятуға тырысты. Оятуға құрал қылған нәрсесі – қазақтың ескі өмірін дәріптеу, отар болған өмірдегі кемшілігін көрсету, оятып ел қылу, ел қылу үшін мәдениеттендіру» деп келетін пікірден-ақ С.Мұқановтың ұлт әдебиетіне деген адалдығын анық аңғаруға болады. Зерттеуде автор байшыл-ұлтшыл дегенді жиып қойып, ұмыт қалдырып, жан-тәнімен талдайды, әсіресе, Ахмет Байтұрсынов өлеңдерінен мол мысал келтіре отырып, жоғарыда көрсеткендей, отарлық езгіні, орыс өктемдігінің озбыр әрекеттерін ащы айтудан қаймықпайды. Туған халқын тәуелсіздікке жеткізу, азат ел болу идеясына шақырады. Ақынның «Жиған-терген» өлеңіндегі:
Ұйқышыл жұртты
Түксиген мұртты
Обыр обып, сорып тұр.
Қазағым, елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып, - дейтін жан айқайды,
Ахмет Байтұрсыновтың туған елінің тағдыры жайлы тебіренген ащы зарын халыққа қапысыз жеткізді. Ақын шығармаларындағы азаттық ой, тәуелсіздікке жету жолындағы қилы-қилы тағдырды баяндаған зерттеушінің «Маса» жинағы жайындағы түйіні төмендегідей: «Осының бәрінде Ахметтің айтайын деп отырғаны: еліңді орыс алды, жеріңді орыс алды, ел болудан қалдың, бұдан құтылмасаң жарық сәуле жоқ, деген сөздер» деп бір түйсе, одан әрі «Осы сөздерді Ахмет жарқылдатып айтпай, көмескілендіре берді. Ахметті іле-шала шыққан ақындар Ахметтен гөрі бұл мәселеге ашығырақ, қаттырақ кетті» деп келесі бір ойға меңзейді.
Қазақ халқының бостандық, тәуелсіздік жолындағы күресте жүздеп, мыңдап құрбан болғандар болды. Соларының бір шоғыры ғасыр басындағы алаш ұлдары – А.Байтұрсынов,
М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сияқты аяулы тұлғалар. Өмірін де, өнерін де күрес жолына, қазақ елінің азаттық жолына арнаған бұл қайраткерлердің қайсыбір шығармасын оқысаң да азаттық рухы менмұндалап тұрады. Бұл ақындар өз ұлтының «талауға түскен малына», «қамауда қалған жанына» жаны ашып, оянуға шақырып, оятуға әрекет етеді.
Халқымыздың қадірлі Ахаңына айналған Ахмет Байтұрсынов өзінің «Жиған-терген» атты шығармасында:
Түн етіп күнін
Көрсетпей мінін
Оятқызбай қорып тұр.
Обыр болса қамқорың,
Қайнағаны сол сорың, - дейді.
Шын қасіреттің қайдан келе жатқанына ұйқыдағы жұртты «түкті», «мұртты» обырлардың қалай қорып, «қамқор» болып тұрғанына соры қалың халқының шын жанашыры А.Байтұрсынов ерекше күйінеді. «Нулы жерден», «сулы көлден» айрылған қазақ елінің бостандыққа жетер күнін аңсайды.
Алашордалықтар, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов арман еткен тәуелсіздікке
ХХ ғасырдың соңында ғана қол жеткіздік. Тәуелсіздік жолындағы күреске ғұмырларын арнаған алаштықтардың басынан қауып-қатер бір күн де кеткен емес, оған тарих куә. Олардың жанкешті күресі арқылы қолымыз жеткен азаттықты да қандай қауіп-қатерден болса да қорғауға енді біз дайын болуымыз керек. Қаншама ғасырлар бойы күткен, сол жолда қаншама зұлматтарды, қасірет пен қайғыны басынан кешірген, ең өкініштісі, сол тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтар қаншама. Демек, сол тәуелсіздік жолында күреске шыққан, саяси партия құрған, Алаш ұранды әдебиетті дүниеге әкелген, ең бастысы, ұлттық ояну мен ұлы мұраттарға толы тәуелсіздікті ту етіп, халық көсемдері бола білген аяулы азаматтарды үнемі есте сақтап отыру,
рухани дүниеміздің төрінде ұстау бүгінгі азаттық арманына қолы жеткен бақытты ұрпақтың басты парызы болуға тиіс.
Түйіндей айтқанда, азаттықты армандаған алаштықтардың рухын ешқашан да ұмытпауымыз қажет, сол арқылы кешегі тарихты, бүгінгі бірлікті ойлаған аманатын бәріміз бір кісідей орындауымыз керек, сонда ғана ұлттың ұлы мұраттары жүзеге асады.

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
ОҚМПУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.