ЖАҢА ТЕТІК КІМГЕ ТИІМДІ? Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2022 05:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 813 раз

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарды төлеудің жаңа тетігі іске қосылды. 5 қыркүйектен басталған шарада бұл тетікті жүйеге ешқашан төлем жасамаған азаматтар немесе оны жүйесіз жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, республикада бүгінде шамамен 3,4 млн адам тұрақты табысының немесе жалпы табысының болмауына байланысты медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр. Шымкент қаласында бұл жұмыстар қалай жүріп жатыр? «Емханаңды таңда» акциясының нәтижесі қандай? МӘМС жүйесіндегі өзге де жаңалықтармен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕКПЕН әңгімелестік.

810

 

Сәбит Раймбекұлының айтуынша Шымкент қаласында 1 127 298 адам тұрса, оның ішінде 896 089-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған, яғни бұл шаһар тұрғындарының 79,5 пайызы. Ал 20,5 пайызы (231 230) сақтандырылмаған. Олардың ішінде жұмысшылар саны – 44 151 (19 пайыз), азаматтық келісімшарт бойынша – 6 702 (2,9 пайыз), жеке кәсіпкерлер – 6634 (2,9 пайыз), бірыңғай жиынтық төлеушілер – 2 945 (1,3 пайыз), өз-өзін жұмыспен қамтитындар – 5 090 (2,2 пайыз), басқалар – 278 (0,1 пайыз), сақтандыру мәртебесі жоқтар – 165 400 (71 пайыз) құрайды.
– Қаламызда 200 мыңнан астам тұрғын сақтандыру мәртебесін алмаған. Себебі, шаһардағы жұмыссыздық және маусымдық жұмыстарда істейтіндердің көптігінен бұл жұмыс баяу жүруде. Сондықтан МӘМС-тің маңыздылығы жайында қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жергілікті әкімдіктер, халықты жұмыспен қамту орталығы, денсаулық сақтау басқармасы және сақтандыру қорының қызметкерлері бірігіп, үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде кейбір тұрғындардың сақтандыруға тіркелгісі келетінін, бірақ қаржылай мүмкіндігі жоқтығы анықталды. Мұндай азаматтарға жұмыссыз ретінде тіркеліп, сақтандыру мәртебесін алу мүмкіндігі бар екенін жеткіздік. Биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар үшін сақтандырудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізілді. Заңға енген өзгерістерге сәйкес, бұдан былай сақтандыру жүйесіне қосылу үшін алдағы 12 айға жарна төлеуге болады. Яғни, сақтандырылмаған пациенттер медициналық көмекті пайдалануда қыркүйек айынан бастап 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жарна аудара алады. Сол арқылы олар алдағы бір жылға өзін-өзі сақтандыру мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл мүмкіндікті тұрғындар өткізіп алмауы керек, – деп атап өтті Сәбит Раймбекұлы.
Қазіргі таңда өз бетінше төлем жасаушылардың ай сайынғы жарнасы 3000 теңгені құраған. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақы мөлшері өзгеріп отыратындықтан жарна мөлшері де көтерілуі мүмкін бе деген сауалымызға жауапты басшы былай деп жауап берді.
«Төлемдердің мөлшері белгілі бір қаржы кезеңінен бастап, әдетте 1 қаңтардан бастап белгіленеді. Қазіргі уақытта дербес төлеушілер 60 мың теңгенің 5 пайызын төлейді, бұл – 3 мың теңге. Тиісінше, егер азаматтар осы жылы жарналарды төлейтін болса, келесі жылды ескере отырып, жарналардың қолданыстағы мөлшеріне назар аудару керек. Мәселен, егер азамат 2021 жылы өткізіп алған айларды төлегісі келсе, онда 2 125 теңгеден төлейтін болады, өйткені, сол кезде ЕТЖ мөлшері 42 500 теңге деңгейінде бекітілген болатын. Егер МӘМС-ке жарналарды 2023 жылдан бастап төлейтін болса, онда жарналардың мөлшері басқа болуы мүмкін».
Жалпы МӘМС жүйесі емделушілерге сапалы медициналы қызмет алуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұрындары КТ, МРТ тексерулерін ақысыз түрде өту кезегін айлап күтетін болса, бүгінде кез келген қосалқы орындаушы ретінде тіркелген жекеменшік емхана қызметін тегін пайдалана алады. Сонымен қатар жоғары технологияны керек ететін оталар мен ЭКО жүйесі де қолжетімді бола бастаған.
–2022 жылдың 8 айында 577 әйел жасанды жолмен ұрықтандыру көмегін алса, науқастарға 123 күрделі ота жасалынған. Бұл оталарға қор есебінен 2 млрд. теңге бөлінді. Қордың негізгі міндеті – сапалы, қолжетімді медициналық көмек беру және науқастардың қалтасынан шығатын қаржыны азайту. Осы тұста айта кетерлігі, елімізде әлеуметтік әлсіз топтағы жандардың пайызы басым. Сол себепті, қаржы шығындары ортақ жауапкершілік қағидатымен «Мұқтаждығы аз адамдар көмекке зәру адамдарға төлейді» қағидатымен бөлінеді. Яғни МӘМС жағдайындағы ортақ жауапкершілік қағидаты барлық сақтандырылған азаматтарға табыс пен төлем көлеміне қарамастан, сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеді. 15 қыркүйектен баталған «Емханаңды таңда» акциясы 15 қарашада аяқталды. Екі айлық акция аясында әрбір азамат өзі емделетін медициналық жеке немесе мемлекеттік ұйымды еркін таңдай алады.
Бұдан шығатын қорытынды МӘМС жүйесінде ауруханалар мен емханалар пациент үшін бәсекеге түсіп, медициналық қызмет сапасын жақсартуға және дәрігерлердің біліктілігін көтеруге мүдделі болады. Ендігісі, тұрғындар арасында сақтандыру мәдениеті дұрыс қалыптасса деген ой бар,- дейді С.Құралбек.
Сәбит Раймбекұлы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері медициналық ұйымдардың жұмысының сапасы да жақсарып келеді дегенді алға тартты. Пациент қай маманға көп қаралса немесе қай емхана, ауруханаға халық көбірек жүгінсе, соған аударылатын қаражат көлемі де ұлғаяды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өздерімен келісімшарт жасасқан ауруханалар мен емханаларға тиісті қаржыны аударып, оның мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Осыған байланысты көптеген жекеменшік емханалардың да қормен келісімшарт жасасуға деген сұранысы артқан.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.