Елді ер теңестіреді Избранное

Пятница, 18 Ноябрь 2022 05:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 805 раз

Осы аптаның жексенбісінде, яғни, 20 қараша күні елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтетіні белгілі. Бұл, ешқандай әсірелеусіз-ақ айтқанда, шын мәніндегі маңызы зор тарихи оқиға. Себебі, біз осы жолы Мемлекет басшысын жеті жылдық мерзімге сайлап жатқанымызбен, Қазақстанның осы ғасырда қандай ел болатыны халықтың осы жолғы таңдауына байланысты болмақ.

811

 

Олай дейтініміз, бұл жолғы сайлаудың бұрынғы саяси додалардан ерекшеліктері де бар. Біріншіден, бұл қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін өтіп жатқан алғашқы сайлау. Әлеуметтік шиеленісті қоздатып, арандату әрекеттері арқылы халықтың бейбіт шеруін жаппай тәртіпсіздік пен қантөгіске ұластырып жіберген күштерге қарсы екенімізді осылайша паш етіп, сайлауда Қазақстан халқының біртұтастығын, ынтымақ-бірлігін көрсетуіміз керек. Ішкі саяси тұрақтылықты сақтай отырып, экономикалық өрлеу мен заң үстемдігін орнату арқылы өркениетті ел боламыз ба, әлде алауыздыққа бой алдырып, тұңғиыққа қарай құлдыраймыз ба, оны осы жолғы саяси науқан айқындап бермекші.
Екіншіден, биылғы сайлау халықаралық жағдайдың шиеленісіп, өте күрделі геосаяси ахуал қалыптасып тұрған кезеңмен тұспа-тұс келді. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың ажырамас бөлігі болғандықтан Украинадағы соғыс, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығына сызат түсуі, Ресей мен Батыс әлемі арасындағы саяси қақтығыстар мен санкциялық текетірес сынды оқиғалар мен факторлар бізге де әсер етпей қоймайды. Мұндайда Қазақстанның ендігі жерде қандай сыртқы саясат ұстанатыны, қайсы елдермен және қай халықаралық одақтар, ұйымдармен жақын қарым-қатынас орнататыны айқын болғаны жөн. Яғни, біз ертеңгі сайлауда Қазақстанның сыртқы саясатын дұрыс белгілеп, әрі оны шеберлікпен жүзеге асыра білетін, сөйтіп, қазіргі қиын-қыстау кезеңде елімізді әлемдік саяси ойындардың салқынына ұрындырмай алып шығатын лайықты көшбасшыны таңдай білуіміз керек.
Дәл қазір дүние жүзі елімізге көз тігіп, әр басқан қадамымызды бағып отыр десек, артық айтқанымыз емес. Тәуелсіздік алғалы қалыптасқан тұрақтылығымызды ел болып сақтап қала білуіміз керек. Сайлау ауызбіршілікпен өткеннен кейін ұзақ мерзімді міндеттер мен күн тәртібіндегі әлеуметтік маңызды бағдарламаларды, ауқымды жобаларды жүзеге асыруда айқындылық орнамақ.
Шымкент қаласында сайлаудың әділ әрі ашық, заң талаптарына сәйкес өтуі үшін барлық шаралар қабылданған. Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, шаһарда 316 сайлау комиссиясы құрылған. Оның 5-еуі аумақтық сайлау комиссиясы болса, қалған 311-і учаскелік сайлау комиссиясы. Оның ішінде 18-і жабық сайлау учаскелері болса, 293-і азаматтардың тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс беруіне арналған учаскелер.
Қаладағы барлық сайлау комиссияларының мүшелерін арнайы дайындықтан өткізіп, біліктілігін арттыру үшін арнайы семинар кеңестер ұйымдастырылған. Оған Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясынан арнайы келген білікті мамандар қатысып, дәріс өткен.
Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, шаһардағы барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне қажетті қолайлы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, арнайы кабиналар бөлініп, ол пандустармен, көру және есту қабілеті нашар адамдарға арналған арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Айта кетейік, Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 38 703 азамат бар. Оның ішінде бірінші топтағылары – 3 715 азамат болса, дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды талап ететін мүгедектігі бар азаматтардың саны 7 514 азаматты құрайды екен. Жалпы, Шымкент қаласында дауыс беру құқығына ие 634 818 азамат бар. Бұл қаланың жалпы халқының 56,6 пайызын құрайды.
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл сайлаудың демократиялық қағидаларға сай, ашық, әділ, таза өтуіне кепіл болатынын айтты. Егер Президент берген уәденің шындыққа айналғанын қаласаңыз, онда оған өзіңіз де белсенді араласып, үлес қосуыңыз керек. Себебі, бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен елдегі келісімді сақтаудың бір жолы.
Тағы бір ескеретін жәйт, егер даусыңызды дұрыс есептелмеуі мүмкін деп алаңдасаңыз, дауыс беруден шет қалмай, керісінше, ашық әрі әділ бәсекені ұйымдастыруға атсалысыңыз. Әсіресе, қоғамдық немесе коммерциялық емес ұйымдар, заңға сәйкес, өз байқаушыларын сайлауға қатыстыра алады. Сол арқылы сайлаудың әділ өтуіне ықпал жасайды. Сонымен бірге байқаушы ретінде әр үміткердің де сенімді адамдары қатысады.
Сонымен сайлау ашық әрі әділ өтуі үшін не істеу керек? Біріншіден, ерікті және тәуелсіз байқаушылар көп болуы керек. Олар алдын ала дайындалған, заңды құқығын білетін, ерік-жігері мығым, таза адамдар болуы тиіс. Екіншіден, байқаушылар дауыс беру процесін жіті бақылап және дауыс берген адам санын есептеп отырады. Сол арқылы заңсыздықтың алдын алуға болады. Мысалы, бір адам келіп, 5-10 бюллетень салып кетсе, соңында санағанда, учаскеге келген адам санынан артық болып шығады. Үшіншіден, еліміздің байқаушылары мүмкіндігінше шетелдік байқаушылармен қатар дауыс санауды толық қадағалауы керек. Оған қоса байқаушы дауыс санап болған кезде жасалған хаттаманың көшірмесін куәландырып алуға құқылы. Осылай істеу арқылы нәтиженің бұрмалануының алдын алуға болады.
Осының барлығын ескерсек, сайлауға қатысу – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін байқауға болады. Әділ сайлау өткізу – өз қолымызда. Шын мәнінде, сайлаудың әділ өтуі әр азаматтың құқықтық санасы мен ортақ жауапкершілігіне байланысты. Олай болса, 20 қараша күні тәуелсіздігіміздің баяндылығы, Қазақстанның жарқын болашағы үшін, балаларымыздың дамыған, өркениетті, бейбіт елде өмір сүруі үшін бір кісідей сайлауға қатысып, өзіміз таңдаған кандидатқа дауыс берейік.