Жан басына қаржыландыру: жаңа өзгерістер мен талаптар

Пятница, 24 Февраль 2023 06:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 903 раз

jan-basyna-karzhylandyry 1

Спорттың 64 түрімен қамтиды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауында балаларды бұқаралық спорт түрлеріне белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және балалар клубтарының қызметін жандандыру міндетін қойды. Өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық секцияларды жүргізуге мемлекет тарапынан тапсырыс беріліп отыр. Бұл тапсырыс аясында жеке кәсіпкерлер мемлекет есебінен спорттың 64 түрі бойынша қаржыландырылып, 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің таңдауы бойынша спорт секцияларында тегін жаттығады.

Қазіргі таңда шаһарда спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру жобасы тиімді жүзеге асырылуда. 2022 жылы спорттық секцияға 14 000 баланы немесе 4-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 16 пайызын қамту жоспарланған-тын.

Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, жылдан жылға мемлекеттік тапсырыс көлемі артып келеді. 2023 жылға жергілікті бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2 323,0 млн теңге қаржы бағытталып отыр. Спорттық секциямен 20 000 баланы немесе 5-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 20 пайызын қамту жоспарға алынды. Қазіргі таңда жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына 1330 өтінім түсіп, оның ішінде 113 кәсіпкердің өтінімі мақұлданды. Ата-аналардан жалпы саны 33 864 өтінім түсіп, 20 533 баланың ата-аналарымен келісімшарт жасалды. Осы жоба аясында 338 жаттықтырушы және 200-ге жуық басқа да қызметкерлер жұмыспен қамтамасыз етілді.

Аталған жобаға 2023 жылы бірқатар өзгерістер енгізілді. 2022 жылдың 2 қазанынан бастап мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша бірқатар өзгерістер қолға алынды. Мәселен, 71 спорт түрі 64 спорт түріне қысқартылды. Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменовтың айтуынша, биыл мемлекеттік спорттық секцияға балалар 4 жастан емес, спорт түріне қарай 5 жастан бастап қатыса алады. Ендігі ретте ата анадан спортқа немесе үйірмеге әрқайсысына 1 ғана өтінім қабылданады.

Бұдан бөлек, қауіпсіздікті күшейту бағытында спорт секцияларының ғимараты, жаттығу залдары бейне мұрағатты кемінде күнтізбелік 30 күн ішінде сақтау мүмкіндігі бар бейнебақылау камерасымен қамтамасыз етіліп, өртке қарсы қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы тиіс.

Электронды табельді қазіргі таңда бірегей логин, пароль арқылы әрбір ата-ана өзінің жеке кабинетіне кіріп растайды. Егер жаңа ақпараттық жүйеде электронды табелді растау бойынша өзгерістер болған жағдайда алдағы уақытта өнім берушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы айтқанда, жобаның дұрыс жүзеге асырылуын, ата-ананың электрондық табелдерінің растауы бойынша құзырлы органдар тексеріп, анықтайды.

 

«Жаттығу үзілмесе екен...»

Бұқаралық спортпен шұғылданушылардың санын арттыруды мақсат еткен бағдарлама бойынша балалардан нақты нәтиже талап етілмейді. Жасөспірімнің көрсеткіші жақсы болған жағдайда, ата-ана баласын спорт түріне сәйкес спорт мектебіне ауыстырып, жарыстарға шығуына мүмкіндік алады.

Қазіргі уақытта көптеген ата-аналар жаңа жобаның тиімді екенін айтады. Олар қолжетімді спорттық секциялардың үздіксіз жұмыс істеп, балаларды саламатты өмір салтына тәрбиелесек екен деген талап-тілектері бар.

Осындай көпбалалы ананың бірі – Гүлбану Таласбаева. Үйде бала күтіміндегі ананың 8 жасар ұлы қазір грек-рим күресі секциясына қатысады.

– Ұлымды күрес секциясына өткен жылы наурыз айында бердім. Жаттығу залында барлық жағдай қарастырылған. Жеке бапкері де білікті маман. Енді ұлымнан жақсы нәтиже күтіп отырмыз. 3 сыныпта оқитын ол мектепке де барып, спорт секциясына да уақыт тауып жүр. Ынтасы өте жоғары екенін байқаймын. Қазір ол біршама әдістер үйреніп, жаңа достар тапты. Бұл – өте қажетті жоба. Ең бастысы, жаттығу үзілмесе екен деп тілейміз. Мұндай жобалар балалардың бос уақытын тиімді өткізу, дені сау болып өсуіне септігін тигізеді, – дейді жеті баланың анасы Гүлбану.

16 шағынаудандағы «Голден фит» залында жаттығатын Сұлтан Өмірзақтың талабы таудай. Ол қазіргі таңда екі рет жарысқа қатысып, бапкерлерінің үмітін ақтап келеді. Мұнда балаларға күрестің әдіс-тәсілдерін үйретіп жүрген маман – белгілі балуан Агит Сүлейманов. Өзі грек-рим күресінен ҚР чемпионатының жүлдегері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Күрес секциясында жаттығу аптасына үш рет, 1, 1,5 сағат аралықта, кестеге сай өткізіледі.

Қазіргі уақытта «Голден фит» залында күрестен бөлек, балаларға арналған таэквондо, каратэ, ММА спорт түрлерінен де жаттығулар өтеді. Кәсіпкерлер күрес секциясын кеңейту бағытында жанынан қосымша ғимараттың құрылысын жүргізіп жатыр.

jan-basyna-karzhylandyry 2

Балаларға кей-кейде елімізге белгілі балуандар шеберлік дәрістерін өткізіп тұрады. Мәселен, грек-рим күресінен ардагерлер арасында әлем чемпионы, халықарлық турнирлердің жеңімпазы Жолдыбай Тоқбаев қолы қалт еткенде кішкентай шәкірттерден ақыл-кеңесін аяған емес. Белгілі балуан әдетте «Тұран» спорт кешенінде жаттығу процесіне көмектесіп жүр. Ол жастарға қосымша мотивация беретіні анық.

 

Ұлттық спортқа бетбұрыс

Таяуда ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов спортты дамыту мәселелері бойынша кеңейтілген алқа отырысын өткізіп, балалардың спортпен, дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануына жіті назар аударылатынын айтты. Бұл ретте, мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыстар жалғасын табады.

2023 жылы ARTSPORT бағдарламасы аясында 560 мыңнан астам бала мен жасөспірім қамтылады.

– Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдардан 86,7 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балаларды тегін спорт секцияларымен және шығармашылық үйірмелермен қамту ұлғаяды. Аталған бағдарлама аясында былтыр 400 мың балаға жағдай жасалған болса, биыл 560 мыңнан астам бала тегін секциялармен және үйірмелермен қамтамасыз етіледі. Бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 160 мыңға артық. Енді кезекте өңірлерге ұйымдастыру мәселелерін шешуді жеделдетіп, дереу жұмысқа кірісу қажет, – деп атап өтті Асхат Оралов.

Биыл бұл бағыттағы жұмыс одан әрі күшейтіледі. Қажетті қаржы бөлінген. Аталған жиында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов кәсіби спортшылардың, жаттықтырушылар мен мамандардың бірыңғай электронды деректер базасын іске қосудың маңыздылығын атап өткен. Деректер базасы таланттарды іздеу және дамыту бойынша жұмысты жүйелеуге және спортшылар мен жаттықтырушыларды бағалау кезінде субъективтіліктен аулақ болуға мүмкіндік береді. Сол себептен де Мәдениет және спорт министрлігіне Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен серіктестікте E-sport платформасын іске қосуды жеделдету тапсырылды.

Сондай-ақ, балалар арасында ұлттық спортты насихаттау басым міндеттердің бірі болмақ. Бұдан былай «Қазақша күрес» – мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын спорт секцияларының тізіміне енгізіледі. Жобаға алдағы уақытта тоғызқұмалақ пен асық атуды кіргізу жоспарланып отыр.

Одан бөлек, биыл жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды басқарғаны және спортшыларды жоғары тұрған спорт ұйымдарына бергені үшін, сондай-ақ спорттық атақтары үшін үстемеақылар мен қосымша ақылардың жаңа түрлерін енгізу жоспарлануда.

Т. ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.