Өнерлінің алды жарық

Среда, 24 Май 2023 05:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 532 раз

Шымкенттегі биіктігі 30 метрлік Бәйдібек би ескерткіші кімнің қолынан шыққанын білесіз бе? Әрине, баршамызға таныс туынды болса да, оның қай шебердің туындысы екені көп насихаттала бермейтіні анық. Осындайда Майлықожа ақынның «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» деген өлең жолдары оралатыны анық. Біз оқырмандарға өз ісінің білгірі, кәсіби шебер, он саусағынан өнер тамған мүсінші Серікбай Жорабеков жайлы аз-кем айтуды жөн көрдік.

 

Серікбай Құлышұлы Жорабеков — өнерде өз соқпағын қалыптастырған қылқалам шебері, мүсінші. Ол 1963 жылы қазіргі Түркістан облысы Абай елді мекенінде дүниеге келген. Өнерге жаны құштар жас 1980 жылы Түркістан педагогикалық училищесінің «Сурет және мүсін» мамандығына түседі. Өнердің шыңын бағындыруды көздеген Серік Құлышұлы Шымкент педагогикалық институтының «Көркемсурет, графика» факультетіне түсіп, білімін жетілдірген. Жоғарғы оқу орнын аяқтаған күннен бастап ұстаз болған суретші қазіргі таңда М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы қызметін атқарып, шәкірттеріне кескіндеме мен мүсіндеу өнерінің қыр сырын үйретуде.
С.Жорабеков — еңбегі елеулі, ел алдында абыройы асқақ жан. Бүгінге дейін ҚР Суретшілер одағының мүшесі атанып, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері құрметті атақтарын иеленіп үлгерген. Түрлі дәрежелі грамота, алғыс хат, төсбелгілермен марапатталған. Ұстаздық пен шығармашылық жұмысты қатар алып жүрген шебердің туындылары еліміздің түпкір-түпкіріне тараған. Шымкенттегі биіктігі 30 метрлік Бәйдібек би ескерткіші, «Ауылым — алтын бесігім» горельефі, ұзындығы 60 метрлік «Жібек жолы» мүсіндік композициясы, Бадам көпіріндегі «Тайқазан», Ақтөбедегі Дәуімшар батыр ескерткіші, Түркістандағы Шырағдан, Астанадағы «Тайқазан», Қазалыдағы «Асандар көтерілісі» және «Бегім Ана» горельефі, Түгіскендегі «Туған жер» монументі – осының барлығы өнерлі де іскер ұстазымыздың қолынан шыққан туындылар.
Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкіртін биікке жетелеп, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын салып, оның әр жетістігіне қуанып, қиын шағында демеу — тек ұстаздың қолынан келетін іс. Қазақ «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» деп адамға қарап, оның ұстазын тани білген. Біздің шебер-ұстаздың студенттерін де дәл солай адаспай тануға болады. Ал, замандастары мен оқытушылар қауымы әріптесіміздің әр туындысына қуанып, мақтан тұтамыз.

Ш.РСМАХАНБЕТОВА,
М. АБУОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ Мәдениет және өнер факультеті «Бейнелеу өнері және дизайн»
кафедрасының оқытушылары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.