ҒАСЫР ДЕРТІ КИБЕРКЕҢІСТІКТІ ЖАУЛАП БАРАДЫ Избранное

Пятница, 09 Июнь 2023 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 784 раз

Нашақорлық – қазіргі қоғамның өзекті проблемаларының бірі. Соның ішінде есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың, әсіресе, жастардың арасында кеңінен таралуы адамзатты алаңдатып отыр. Шымкентте бұл бағытта құқық қорғау, жоғары оқу орындары, білім және медицина мамандары бірлесе жұмыс істеп жатыр. Дәл қазіргі уақытта нашақорлықтың алдын алу айлығы аясында оқушылар мен студенттер арасында кездесулер, семинар, түсіндірме жұмыстары жүруде.
Шымкент қаласының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан КАРБЕКОВПЕН әңгімеміз осы тақырыпта өрбіді.

339

 

– Бауыржан Қанатұлы, жалпы «есірткі», «нашақорлық» деген сөздердің өзінен шошимыз. Бірақ бұл дерт қоғамға дендеп еніп, сіңіп бара жатқан сыңайлы...

– Иә, бұл сөзіңіздің жаны бар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткілердің қолжетімді болуына байланысты тәркіленген есірткі заттарының 10 есе өскенін атап өтті. 2019 жылы еліміз бойынша тәркіленген синтетикалық есірткілер 10 келіден 2021 жылы 100 келіге дейін өссе, 2022 жылы бұл 229 келіні құраған. Бұл бірінші кезекте, әртүрлі интернет-технологиялардың, қаржылық қызметтер нарығының дамуы және шекараның ашықтығымен байланысты болып отыр. Есірткі сатушылар есірткіні таратудың жаңа тәсілдерін меңгеруден бөлек, «заңды» ингредиенттерді қолдана отырып, олардың кең өндірісін құруды игеруде. Қазіргі заманғы есірткі бизнесі дәстүрлі саудадан киберкеңістікке еніп, одан да жасырын болып отыр.

– Яғни, уақыт талабына сай интернет кеңістігіне тосқауыл болмай тұр десеңізші?

– Әрине. Көптеген интернет-ресурстарда есірткінің түрлері мен қасиеттері, оларды жасау, тұтыну түрлері туралы толық ақпарат бар. Сондай-ақ қауіпсіз сату әдістері туралы егжей-тегжейлі нұсқаулықтар жариялануда.
Ең алдымен, мұндай жолмен есірткіні насихаттауға кәмелетке толмағандар мен жастар ілігіп қалады.

– Деректер көзінен белгілі болғандай, соңғы жылдары елімізде кәмелетке толмағандардың есірткі саудасына қатысуы артқан сияқта. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында есірткі бойынша қылмыс көрсеткіші қандай?

– Үш жылдық статистиканы салыстырсақ. Егер, 2020 жылы жасөспірімдер 15 қылмыс жасаған болса, оның ішінде 5-еуі есірткі өткізу қылмысы. 2021 жылы бұл көрсеткіш 26 дерекке өсті, оның ішінде 10-ы есірткімен байланысты қылмыс. Ал, өткен жылы кәмелетке толмағандар 25 есірткі құқық бұзушылықтарын жасады, оның 12-сі есірткі сату қылмысы.
Биылғы жылдың 4 айында қылмыстық қудалауға 14 кәмелетке толмаған бала түсті. Олардың бір бөлігі әкімшілік жаза арқаласа, бір бөлігі қылмыстық істерде айыпталушы ретінде емес, басқа да іс жүргізу мәртебесіне өтуі мүмкін. Алайда, бұл статистика 18 жастан асқан жастарды қамтымайды. Оны айтатын болсақ, жағдай бұдан да ушығып тұр.

– Кәмелетке толмағандар құқық бұзушылыққа жол бергенде қандай жаза тағайындалады?

–Жасөспірімдерді көбінесе есірткіні өткізу немесе қарапайым тілмен айтқанда есірткіні сатуға тартады. Оның ішіне есірткіні тікелей сату, жасырын орындарға тығып қою, есірткіні интернет атқылы өткізуге қатысу және есірткіні тарататын әлеуметтік желілердегі сайттарды немесе арналарды басқарулар да кіреді.
Бұл қылмыстар үшін ең ауыр жаза қарастырылған, яғни 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Ал, оларды топпен немесе білім беру ұйымдарында немесе кәмелетке толмағанға қатысты жасаған кезде, кінәлілер 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. Яғни, көріп отырғанымыздай, есірткі қылмысы үшін жаза өте қатал.
Әрине, сот қылмыскердің жасын ескереді, кәмелетке толмағандар ең аз жазасын өтеу мерзіміне ие болады. Бірақ бұл жағдайда да қылмыстық жаза 6-7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Мұндай жасөспірім жазасын өтеу орнынан, түрмеден, әдетте, қылмыстық бейімділігі қалыптасқан адам ретінде оралады.
Жасөспірімдер мен жастар қатыса алатын қылмыстардың екінші санаты ол – есірткі заттарын жарнамаланған және насихатталған парақшаларды тарату, граффити-суреттер салу, интернет-дүкендердің жарнамалары бар форумдарға қатысу. Бұл әрекеттер де Қылмыстық кодекстің ауқымына жатады және 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жататын қылмыстық іс.
Қазіргі уақытта осы екі қылмыстық бағыт жасөспірімдер мен жастар қатысатын негізгілер болып табылады.

– Бүгінгі күні жастардың көбі интернетте отырады, яғни, олардың кез келген уақытта есірткіні таратушылар желісіне қатысуына қатысты қауіп бар. Сондықтан жастарды қалай сақтандыра аламыз?

–Алдымен «Олар мұндай жұмысты қалай табады?» деген сауал қойсақ. Бұған әрине, интернеттегі немесе әлеуметтік парақшалардағы интернет-дүкендерге сілтемелері бар жарнамалар арқылы қол жеткіеді.
Бұл ретте жұмыс берушілер жасөспірімдер психикасының ерекшеліктерін жақсы меңгергендіктен мұндай жұмыстың кез келген моральдық аспектілерін тез ақтап көрсетіп, жасөспірімдерге оның салдарын жете түсінуіне мүмкіндік бермейді. Мұның зардабынан «есірткі заттарын өткізуден көп ақша табамын» деп ойлаған жасөспірімдер мен жастар ұсталып, азабын көруде.
Себебі, есірткі өткізушілер немесе жоғарғы жағындағы қылмыскерлер өздері барып, жаяу жүріп, тұтынушыға жеткізумен айналыспайды. Олар байланыссыз жолмен, әлеуметтік желілердегі анонимді аккаунттар арқылы өзінің заңсыз қызметін жүзеге асырады. Жұмыс берушілердің ешқайсысы төменгі сатыдағы адамдардың болашағына алаңдамайды.
Есірткі өткізушілер үшін кім осал болып табылады? Бұл, әрине, ауылдық жерлерден көшіп келген жастар, балалар үйінің түлектері. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан жасөспірімдер. Олар ұзақ уақыт бойы балалық сезімде қалып, ата-аналарының барлық мәселелерді шешетініне сенімді болады. Сол үшін, бұл жағдайда оқу орнына түсуші талапкерлермен ғана емес, олардың ата-аналарымен де әңгімелесу, ескерту өте маңызды.
Көп жағдайда ересектердің өзіне есірткінің жарнамалық ұсыныстарының қауіптілігін анықтау қиын. Бұл үйлердің қабырғаларына жазылған немесе жарнамалар түрінде желімделген сайт атаулары болуы мүмкін. Сондай-ақ, бұл бейтарап мазмұны бар жарнамалық түрлі-түсті плакаттарда көрсетілген QR кодтар болуы мүмкін. Ересек адам өтіп кетеді, ал жас жігіт кодты сканерлейді және есірткі сайтының бетіне өтеді. Онда барлық қызметтер ұсынылған. Яғни есірткі ассортиментінен бастап жұмысқа дейінгі ақпараттары жетерлік.
Осы жерде атап өтетін болсам, 2019 жылы еліміздің 4 қаласындағы үлкен билбордттарда осындай жасырын есірткі заттары жарнамаланған орындар жойылды. Ол жерлердегі суреттерде үлкен жазулармен фитнес-орталық туралы ақпарат жарнамаланса, астындағы QR кодты сканерлейтін болсаң, есірткіні сататын сайтқа сілтеме жасаған.
Сонымен қатар, осы «жарнамалық акцияны» ұйымдастырушылар өздерінің аудиториясының санын арттыру мақсатында, бағалы сыйлықтар табысталады деген желеумен конкурс ұйымдастырған. Оның талабы бойынша сол баннердің жанында суретке түсіп, жолдау қажет болған. Осылайша, есірткі туралы ақпарат бүкіл елге таралуы керек еді. Алайда, олардың ойы іске аспай, дер кезінде полиция қызметкерлерімен анықталып, жарнама иелеріне шара қолдандық.

– Қазір жоғары оқу орындарында есірткімен күрес ең басты тақырыптардың бірі болып отырғаны мәлім. Үйдегі баланы ата-анасы қадағаласын десек, шалғайда оқып жүрген балаға кім жауапты?

– Жоғары оқу орындарының қабырғаларында туындауы мүмкін проблемалардың бірі – ол есірткіні қолдану. Мұнда әкімшіліктің нақты ұйымдастырылған стратегиясы қажет. Әкімшілік ғимараттардың, жатақханалардың және жақын маңдағы үйлердің қабырғаларындағы жазуларға назар аудару керек.
Оқу ордасындағы техникалық қызметкерлер қасық түрінде пайда болған фольга, пипеткалардың шыны түтіктері, ысталған шыны сынықтары, «Трамадол» дәрілік препаратының пластинкалары мен сыртқы қабықтары секілді қоқыстағы заттарға назар аударуы керек. Егер оқу орнының жанында немесе университеттің өзінде осындай заттар табылса, онда бұл есірткіні тұтынудың және тиісінше есірткі айналымының дамып келе жатқанының сенімді белгісі.
Мұндай жағдайда учаскелік полиция инспекторына мүмкіндігінше тезірек хабарласу қажет. Егер осындай фактілерді жасыруға тырыссаңыз, онда жағдай міндетті түрде бақылаудан шығады. Есірткі қылмыстары ғана емес, сонымен бірге оларға қатысты құқық бұзушылықтар – ұрлық, тонау, дене жарақатын салу, есірткіні шамадан тыс қолдануда болған өлім және т.б. жасалатын болады.
Өйткені, есірткіге тәуелді бір адам бір жыл ішінде 7 адамды есірткіні тұтынуға тартады деген статистика бар.

– ХХІ ғасыр індеті – синтетикалық есірткі. Бүгінде химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты қиын емес көрінеді…

– Бұл тұрғыда бөлек тоқталатын әңгіме, ол – «Трамадол» мәселесі. Бұл препарат емдік мақсатта қолданылатын, ауруды басатын, құрамында героиннің аналогы бар апиын қатарындағы анальгетик. Бұл таблеткаларды қолдану жасөспірімдер мен жастар үшін нашақорлыққа «кіру нүктесіне» айналады. Трамадолдың 5 таблеткасы героиннің 1 дозасына тең.
Бүгінде көп жастарымыз, оның босаңсуға және көңіл-күйді көтеруге көмектесу қабілеті туралы өте жақсы біледі. Алайда, есірткіге тәуелділіктің дамуына себеп болатын есірткі деп ойламайды. 2023 жылғы 7 сәуірден бастап трамадол еліміздегі бақылаудағы заттардың қатарына қосылды және оны сатып алу, тасымалдау, сақтау үшін басқа есірткілермен қатар қылмыстық жауапкершілік туындайды. Сол себепті, мұндай зардаптар туралы әкімшіліктің қатысуымен әр оқу орнында түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек.

– Енді нақты есірткімен күресте атқарылып жатқан істер жөнінде айтып өтсеңіз.

– Елімізде полиция департаменттерінде профилактикалық жұмыстарға тағайындалған есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлер бар. Олар әрқашан заңсыз айналымға қатысудың құқықтық салдары туралы ескертеді. Одан бөлек, оқу орындары арнайы уақыт белгілеп, есірткіні қолдану қаупі туралы наркологтарды шақырып, кездесу ұйымдастыра алады.
Полиция үшін кәмелетке толмағандардың қылмыс жасауының әрбір фактісі төтенше жағдай ретінде қарастырылады. Әрбір оқу орнындағы нақты себептер мен жағдайлар мұқият зерттеледі. Нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдарға және оқу орындарының басшылығына ұйғарымдар шығарылады.
Бүгінде елімізде есірткімен күресу және нашақорлықтың алдын алудың тиімділігін арттыру мақсатында маңызды құжаттар әзірленуде.
Оның негізгісі «Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді» жоспары болып табылады. Қазіргі таңда оның жобасы толық аяқталып, мемлекеттік органдармен келісіліп, бекітілу үстінде. Аталған құжат аясында алдағы уақытта кең көлемді іс-шараларды кезең-кезеңімен атқару жоспарланған.
Ғасыр дертімен күресу – баршамызға ортақ іс. Сол себепті, осы басталған айлық кезінде барлығымыз бірлесіп, жұмыс атқарсақ, оның оңды нәтижесі боларына сенімдімін. Қазіргі таңда өзіміздің іс-шараларымызды нақтылап, арнайы кешенді жоспарды әзірлеп, бекіттік. Жалпы 21 профилактикалық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз.
Осы жұмыстарға барлық мүдделі мемлекеттік органдардың жеке құрамын, сонымен қатар үкіметтік емес ұйым өкілдерін, қоғам қайраткерлерін, танымал тұлғаларды, еріктілерді және жанашыр қала тұрғындарын жұмылдыруды көздеп отырмыз. Бұл іс-шаралар осы аймен ғана тоқтап қалмайды. Одан әрі де қайта жалғасын табатын болады. Оның барлығы азаматтарға салауатты өмір салтын насихаттау, оны ұстануға баулу, психикалық саулығын нығайту, қоғамды есірткіге қарсы қою, халық арасында есірткіге қарсы иммунитетті барынша көтеру, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою, есірткіні пайдаланудың зиянды жақтары мен оның заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылық түрлері бойынша белгіленген жауаптылықты түсіндіруге бағытталды.
Сол себепті, қолға алған іс-шаралар нашақорлықтың алдын алуға оң ықпалын тигізеді деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.