ХІХ ғасырда өлке түгелдей орыс билеушілерінің қоластына өткен кезеңде алғашқы рет Шымкенттің батыстық қала кластеріне өтуі кезеңі жүзеге асты. Отаршыл билік табан тіреген қалалардың маңызын жоғарылату үшін Қазалыны Түркістан, Чуст, Ура-Төбе, Самарқан, Ташкент қалаларымен бір деңгейге көтеріп, оны 3-ші Әулиеата, Перовск, Верный, Қаттақорған қалаларына 4-ші класты қала деген дәреже берсе, ал, Шымкент қаласы Қапал, Сериополь, Тоқмақ, Лепсі қалаларының қатарында 5-ші класты қала дәрежесіне ғана іліне алды. Бірте-бірте Түркістан қаласы да 3-ші кластан 5-ші класқа ауыстырылғандығын да Өзбекстан Республикасындағы мемлекеттік орталық архивінің №1-ші қорының №242-ші іс-қағазындағы«Об определении класса городов Туркестанского края по торговому их значению» деген құжатының дерегіне сүйене отырып айта кетуге болады. Шымкент қаласы 42°18´ солтүстік ендікте және 39°16´ шығыс бойлықта, теңіз деңгейінен 1660 фут (30,48 см.), яғни 506 метр биіктікте, Сырдарияға оң жағынан келіп құятын Арыс өзенінің сол қолтығы Бадам өзенінің алқабында орналасқан қала екендігін ХІХ ғасырда орыс картографтары дәл анықтап алып, жаңа отарлық биліктің өлкені толық басқаруына жағдай жасау үшін «Карта Туркестанского генерал-губернаторства. 1868 г.» деп аталатын арнайы карта сызып алған. Қазіргі кезеңде ол карта Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық архивінің №689 қорында сақтаулы тұр. Шымкент қаласы М.Черняевтің басып алуынан бастап Жаңа-Қоқан әскери линиясының құрамына, ал 1865 жылдың 12 ақпанынан бастап Түркістан облысының, 1867 жылдың Сыр-Дарья облысының уездік орталығы болып бекітілген Шымкент, уездік қалалардың ең көрнектісі және ірі сауда орталығы болатын. Ол табиғаты сұлу жерде, Ташкент қаласынан 116,5 верст жерде орналасқан. Қошқарата бұлағының қасиетті суы үшін қалаға келушілердің саны өте көп болған. Қала Қоқан хандығының қол астында болған кезде, 1856 жылы Ташкент беклербегі Мырзахметтің бұйрығымен алғаш рет базар салынды. Ол туралы дерек оңтүстік өлкесін зерттеуші барлық тарихшыға белгілі сол заманның зерттеуші-авторы А.И. Добросмысловтың 1912 жылы Ташкент қаласының «Эл.-пар. Типо-лит. О.А. Порцева» атты баспаханасында басылып шыққан «Города Сыр-Дарьинской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулиеата и Чимкент. С рисунками и 2 снимками с рукописей» атты кітабынан алынды.
Шымкент қаласы қарастырылып отырылған кезеңдегі саяси-әлеуметтік және экономикалық-шаруашылық жағдайын сипаттайтын гербке ие болды. Герб қалқаны «Геральдика» ғылымында «Кантон» деген классификацияға ие болған үлгіде жасалған. Яғни, герб қалқанының оң жақ жоғарғы бөлігі оның оң кантоны деп есептеледі және ол жерге қаланың Сырдария облысының уезі екендігін көре аламыз. Осыған дейін Сырдария облысының «Фарс» деген стильдегі гербі жасалып, ол Сырдария өзені, оның екі жағалауындағы құмды және облыста жақсы өнім беретін жүзімді бейнелейтін сурет салынған герб те қабылданған болатын.
Сурет №1 – Шымкент қаласының 1909 ж. 21 сәуірде бекітілген гербі (Сурет еркін интернет көзінен алынған)
Осы герб Шымкент қаласы гербінің оң кантонына орналастырылған. Осылайша уездік қаланың әкімшілік-саяси жағынан қандай облысқа қарасты екендігін аңғара аламыз. Сонымен бірге, гербтің тәжіне отаршылдық қамал салынып, уездік қаланың бодандық сипатын да аңғартады. Ал, шаруашылық-экономикалық жағдайын өңіріміздің және қаланың жүзім, ақ бидай, қызыл бидай, мақта өсірілуінің патшалық отаршылдарды қызықтырғандығын көре аламыз. Ал табиғат байлығының әлемдік деңгейдегі №1 табиғи монополист дәрежесіне шығарған дермене өсімдігі үшін гербте негізгі орталық орын беріліп, ол шымды бейнелейтін жасыл мауытыда күміс жіптермен кестелене, әшейкейленіп салынғандығынан анық көре аламыз. Қазіргі заманауи қалалардың барлығының қаланың бас жоспары болатындығы белгілі. Шымкент қаласының осындай бас жоспарын алғаш рет 1904 жылы әскери губернатор Корольков бекітіп берген. Бұл жоспар бойынша қаланың жер аумағы 21841 десятина 1280 шаршы сажень (52419,68 гектар) болып анықталған. Жоспардың қазақтарды қала тұрғындарына айналдыру үшін емес, Шымкент қаласын Ресей патша отаршыларының табыс көзіне айналдыру үшін жасаған құжаты екендігін «Сведения их области о количестве городских земель, об имуществе городского, и о городских оброчных статей» деген құжаттың өзінің аты көрсетіп беріп тұр. Құжат аталымындағы «Оброчная статья» дегеніміз Ефрон-Брокгауз сөздігі бойынша «Оброк» салығын төлей алатын бап дегенді білдіреді. Яғни аталмыш құжатты жасаушы орыс шенеуніктері Шымкенттің түкпір-түкпірін толық аралап, түрткілеп, қайдан тағы да қосымша табыс табуға болатындығын жатпай-тұрмай іздестірген, өлшеген, есептеп шығарған. Бұл жерде құжатқа екі түрлі қатынас жасауға болады. Біздің қазіргі түсінігімізше қала дегеніміз – құрылыстар мен ғимараттардың және қала инфрақұрылымының жиынтығы болатын болса, дерек куәлігіне қарасақ – ХІХ ғасырдағы қала келбеті біздің түсінігімізге мүлдем сәйкес келмейтіндігін көре аламыз. Әскери губернатордың бекіткен қала жоспарында ХІХ ғасырдағы Шымкентте егістік алқаптары да (8264 десятина 70 шаршы сажень), тыңайтуға қалдырылған жерлер де (728 десятина 670 шаршы сажень), шөп шабындығы да (1060 десятина 400 шаршы сажень), жоңышқа егілетін жерлер де (523 десятина 2190 шаршы сажень) болған екен. Десятина деп аталған революцияға дейінгі орыс жер алаңын өлшеу бірлігі 2400 шаршы саженьге тең болған. Ал, шаршы сажень деген өлшем бірлігі қазіргі заманғы метрлік өлшемге айналдырсақ, ол 2,134 шаршы метрді құрайды. Сонда қала жеріндегі егістік алқаптары 42325 гектарды құрағанын, ал тыңайтуға 3730-ға жуық гектар жер қалдырылғандығын, шөбі шабылып алынып, қысқа әзірлену үшін бөлінген жер көлемі 7,5 мың гектарға жуықтағандығын, жоңышқа 1,2 мың гектардан аса жерге егілген. Яғни, қала ішіндегі бірқатар жерлер және қала маңындағы жерлердің барлығы мал ұстау үшін арналғандығын көреміз және осыған орай егіншілік пен мал шаруашылығы қала тұрғындарының негізгі кәсібі болғандығын анықтай аламыз. Қала тұрғындарының негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысқанын көрсететін негізгі көрсеткіштің бірі – қаланың жайылым жерлерінің қала жоспарына енгізілуі де болып табылмақ. Әскери губернатор Корольков «под выгоном» деп көрсеткен мал жайылымы жерлеріне 9430 десятина 1580 шаршы сажень, яғни, 22633,6 гектар жер бөлінгендігі белгілі болды. Шымкент қаласының аумағына тал егу атадан келе жатқан дәстүр екендігін ол үшін 214 десятина 840 шаршы сажень, яғни 515-ке жуық гектар жерлер бөлінгендігінен аңғаруымызға болады. Қаланың сайлы шатқалда, бұрынғы өзен аңғарында орналасқандығына «Корольков жоспарының» «Под галечной массой были заняты 408 десятин 500 квадратных саженей» деп көрсетуі дәлел. Яғни, бұл сандарды қазіргі заманғы өлшем бірліктеріне ауыстырар болсақ, онда 980 гектар болып шығады. Осы аумақты қазіргі «Жеке құрылыс» үшін берілетін 8 соттық жері бар учаскелер санымен салыстырар болсақ, осы кезде 9800 учаскелік жердің орнын осы шағыл тас басып жатқандығын көреміз. «Қала жоспары» зираттардың алып жатқан жер көлемін де есептеп шығып, олар 18 десятина 770 шаршы сажень деп көрсеткен. Онымыз 44 гектарға жуық жер. Осыдан соң «қала жоспары» біртіндеп тұрғылықты мекендерді өлшеуге кіріскен. Қала құрылысының жалғыз нысаны ретінде «Қала мешіттері» айналасындағы тоғайларымен қоса есептелінген, осыдан басқа қала құрылыстары туралы «Сведения их области о количестве городских земель, об имуществе городского, и о городских оброчных статей» деп аталатын дерек ешқандай мәлімет бермейді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде Шымкент қаласында қаланың мешіттері айналасындағы тоғай ағаштарымен қоса есептеген кезде 10,42 гектар (4 десятина 820 шаршы сажень) жерді алып жатқандығы дерек мәліметі бойынша анықталды. «Оброк» салығын жинай алмайтын келесі жерлер – қала аумағындағы батпақтар мен қамыстар алып жатқан жерлердің алаңы – 18 десятина 1490 шаршы сажен, яғни 45 гектарға жуық жер. Бадам өзені, ағын сулар мен арықтар 161 десятина 740 шаршы сажен жер аумағында ағып жатқан. Сонымен бірге, салық салынбайтын жерлер қатарына «Әскери ведомствоның» иелігіндегі 288 десятина 920 шаршы сажен, яғни, 692,12 гектар жер де кірген [281]. Сонымен, бас-аяғы Шымкент қаласының барлық жер аумағынан патша билігі 900-ға жуық десятина немесе 2000-нан асатын гектар жерді алып жатқан екен. Оның өзінің 700-ге жуық гектары «Әскери ведомствоның» жері дейді Өзбекстан Республикасының архивінен алынған«Сведения их области о количестве городских земель, об имуществе городского, и о городских оброчных статей» атты құжат-дерек. Аталмыш дерек осы архивтің 1-ші қорының №1199 іс-қағазынан алынып отыр. Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Созақ, Сайрам бірнеше мәрте жоңғар шабуылдарына және өзара соғыс әрекетіне ұшырап, олар әлденеше рет талқандалған, Орта Азия хандықтарының да қоластына түскен. Сөйтіп, ақырында қалалардың үлкен бөлігі қаңырап бос қалған болатын. Қазақстан жеріне осы кезеңде келген орыс саяхатшылары оның оңтүстігіндегі қалалардың барлығының көп жерлері қирандыларға айналғандығы туралы айтады. Мысалы, 1800 жылы, сол жерлерде болған Поспелов пен Бурнашев Түркістан қаласы туралы былай деп жазады: «Ертеде бірталай даңқты болған бұл қаланың қаңырап қалғаны сондай, мұнан қазір 300 үйді де санап шығуға болмайды, қаланың бұрынғы кең аумағы тек кұлап жатқан үйлерден ғана көрінеді». 1898 жылы осы жерге келіп кеткен Филипп Назаров та Шымкент төңірегіндегі қазақтардың тастап кеткен үйлері, бақтары мен егістік жерлері туралы осылай хабарлайды. Ал, 1893 жылы өзінің «Отчет о командировке в Среднюю Азию» атты еңбегінде В.В. Бартольд Шымкент пен Сайрам арасында арнасы кеуіп қалған арықтар өте көп деп жазды. Шымкент ХІ ғасырдың басында классикалық ортағасырлық қала сипатына еніп, цитадель, шахристан, рабад бөліктері анықталып, бөлініп шыға бастады. Цитадель қамалының қалыңдата қаланған пахсадан тұрғызылғандығы белгілі. Оның ішінде орыс отаршылдары кезінде шенеуніктердің үйлеріне, солдаттардың казармасына айналдырылған бектердің ортағасырлық ортаазиялық сарайлары болды. Екі қорғаныс қамалдың ішінде орналасқан цитадельдің (қамал) қақпасы оның оңтүстік-батыс жағына орналасып, Ташкент, Түркістан, Сайрам және Әулиеатаға баратын негізгі көше-жолдар қамалалды алаңынан тармақталып бөлінетін. Осы аталған төрт қалаға баратын жолдарға көптеген тар және тұйық көшелер келіп жалғасып, қаланың көшелер жүйесін құрайтын еді. Осы тармақталған көшелерге шығатын көптеген тар және қисық тұйық көшелер көптеген көше жүйесін құрады. Цитадель екінші қорғаныс қамалының ішінде болды. Бұлар қаланың солтүстік және шығыс бөліктерінде Қошқарата өзені арнасының бойымен өтетін. Ортағасырлық Шымкенттің шахристанында бір және екі қабатты саманнан тұрғызылған каркас үйлер болса, рабад бөлігінде киіз үйлер, саз балшықтан соғылған егіншілер мен қолөнершілердің үйлері тұрғызылған еді. Қаланың орталығы, әсіресе базар алаңының ішкі аймағы түгелдей дерлік екі қабатты үйлерге толы болғанын атап айту керек. Мұнда үйдің бірінші қабаттарына әдетте сауда және шеберханалар орналасты, ал екінші қабаттары түрғын үйлер болды. Базар алаңының біраз солтүстік жағын ала жұма мешітінің ескі үйлері тұрды, мұның орнына XIX ғасырдың аяғында қазіргі жаңа мешіт салынды. Шымкенттің өлкедегі орталық ретіндегі рөлінің жоғарылауы туралы К.А. Пищулина «Присырдарьинские города и их значение в истории Казахских ханств в ХV- ХVIII вв.» атты мақаласында 1969 жылы «Постепенно роль экономического и административного центра Сайрамского района перешла в середине ХVIII века к соседнему Чимкенту, который до этого был одним из многочисленных селений, окруживших Сайрам», - деп жазады. Ал, 1886 жылы бұл жерге келген П.И.Пашино Шымкентті баққа бөленген қала деп атайды. Бірақ қалада көк-жасыл ағаштарды орналастырудың ерекшелігі мынада: саз балшықты дуалдар қоршаған аулалардың ішінде көк-жасыл ағаштар болды, ал көшелерде жалғыз-жарым қара ағаштар мен тұт ағаштары өсті. Қоғамдық бақтар мен скверлер мүлде болмады. Қала территориясын суаруға арналған арықтардың жүйесі қаланы олай да, бұлай да әртүрлі бағытта кесіп өтетін. Қаланың көптеген көшелерінде төсеніш болмады. Жам жолдардың кейбіреулеріне күйдірілген кірпіш төселетін еді. XIX ғасырдың 60 жылдарының аяғында орнаған жаңа қала дейтін қала Шымкент маңының солтүстік-шығысына орналасты. Мұның ескі қаладан айырмашылығы, ол жоспармен салынды және көшелері түзу кең болған еді. Көшелердің екі жағына көк-жасыл ағаштар егіліп, арықтар қазылған. Қазіргі Тәуке хан даңғылы (бұрынғы Сталин) және қазіргі Қазыбек би (бұрынғы Совет) көшелері жоспар композициясының негізгі тіректері болды, бұлардың түйіскен жерінде тас шіркеуі бар коғамдық бақ орналасты. Қаланың жаңа бөлігінің дұрыс жоспарлануы ескі қаланың жоспарлануымен жақсы байланыстырылмады. Базар алаңына алып баратын тек бір ғана көше, бұрынғы Совет көшесі болтан. Қаланың осы жаңа бөлігі де усадьбалары көп және негізгі фасадтары көше жаққа қараған бір қабатты үйлерден салынған. Бұл үйлердің көпшілігі шикі кірпіштен қаланды және екі жаққа еңіс салам және темір шатырлармен жабылған. Фасадтары сыланып, әкпен ағартылды. Осы жаңа қала деп аталғандар XIX ғасырдың 60 жылдарында Жамбылда, Түркістанда, Ақмешітте және басқа сипаттағы қоныстары бар тұрақтар да көріне бастады. Бұлар жасалған жоспар бойынша салынды және ескі қалаларға қарағанда айрықша жағдайда болды. Бұлардың жоспарлап ұйымдастырылуында Ресейдің қала салу тәжірибесі мен жергілікті дәстүрді шебер пайдалану байқалатындығын ерекше атап өткен жөн екендігі туралы толымды ғылыми уәжді атақты археолог Әлкей Марғұланның 1950 жылы жарық көрген «Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана» атты еңбегінен таныса аламыз. Егер ел қоныстаған тұрақтардың ретті жоспарын жасау және оларды жұртшылыққа арнап ағаш егіп, көгерту орыс қала құрылысының тәжірибесін пайдалану болып келсе, ал көше бойларына арық жүйелерін қазып, ағаш отырғызып қалаға өзіне тән көрік, тұлға беру Орта Азия халықтарының қала салу дәстүрін тиімді пайдалану болып табылды. Осы тіршілікке қажетті құрылыс ісінің жергілікті тәсілдері мен орыс халқының қала салу мәдениетін тиімді ұштастырудан сол кездегі Қазақстанда қала салудың прогресшіл сипаттарының бірін көруге болады. Орыс жиһанкезі Ф.Назаров Созақ қаласынан Шымкент қаласына қарай жүрген жолында маңайында салынған егістігі және киіз үйлері тұрған қазақтардың бекіністі жайларын талай жерден көргенін хабар етеді. ХІХ ғасырда қала тұрғындары Бадам және Қошқарата өзендерінің суын ауыз су ретінде пайдаланған. Бұл үшін өзеннен арықтар қазылып әрбір көше мен үйдің тұсына келетін жүйе жасалған. Бадамнан сондай-ақ, кәріз құбырлары да шығарылып, олар арқылы қала бекінісінің ішіне су тартылып беріліп отырылған. Нақ осы кәріз құбырларына өрмелеген Черняевтің әскері қоқандық қала-бекініс Шымкенттің ішіне кіруге мүмкіндік алғаны да белгілі. Осы жүйені кейін орыстар да пайдаланған және қаланың ирригациялық жүйесін жаңғыртып отыру мақсатында қала қазынасынан жыл сайын 2500-3000 рубль қаражат та бөлініп отырылған. Бұл турасында Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивінің №1 қорының №70-ші іс-қағазынан табылған «Об устройстве в Чимкентской крепости машинного водопровода» атты құжаттан белгілі болды. Қала бекінісінің ішіне құбырлар арқылы енгізілетін ауыз су және суармалы егіншілікке пайдаланылатын су арнайы ирригациялық жүйе арқылы жеткізіліп отырылған. Қаладан алыстау жерде бастау алатын су көздері қала шетіне келгенде екі бөлімге бөлінген. Оның біріншісіне Бадам, Доңызлау, Леңгір, Тоғыс, Қошқарата өзендеріне барып құятын арықтар жүйесі кірсе, екінші бөліміне бастауын Сайрамсу, Қасқасу, Жаңғақты өзендерінен алатын арықтар кіргендігін сол заманның белгілі су маманы Н. Дингельштедттің Санкт-Петербург қаласының «Жол қатынасы министрлігінің баспаханасынан» басып шығарған «Опыт изучения ирригации Туркестанского края. Сыр-Дарьинская область» атты еңбегінен таныс бола аламыз. Жалпы алғанда, орталық қаламен қосып алғанда Шымкент уезінде жалпы ұзындығы 5484 верст болатын 1506 арық қазылып, егіншілік пен ауыз суды қамтамасыз еткен. Ол турасында ізденуші Ташкент қаласынан жыл сайын басып шығарылып отырылатын «Обзор Туркестанской области» атты есептік жинақтар материалдары арқылы таныс бола алады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қала көшелеріне тас төсеу, оларды абаттандыру жұмысы өте-мөте баяу жүргізілген. Себебі, қаланың бос жатқан жерлеріндегі шым топыраққа шыққан көк шөп жаяу жүргіншілердің жүруіне өте жұмсақ, әрі ыңғайлы болған. Бірақ, қалаға топталып, топырлап енген отаршыл орыс әскері мен жергілікті жер ерекшелігімен онша таныс емес, саны көп қоныстанушылар осы шымды таптап, қара топырақ қабатын жойып жіберіп отырған. Осыдан соң оның астындағы ғылыми тілмен айтқанда «лесс» деп аталатын, құрғақ кезде шаңданып кететін сары лай-топырақтың бетін жалаңаштанып кетіп отырған. Бұл әрине, жаздыкүні қала тұрғындарының шаң-топырақ астында қалуына, ал, көктем мен күзде қала көшелері лай-батпаққа айналып, көшедегі қозғалысқа үлкен кедергілер мен қолайсыздықтар туындатып отырған. Әрине, мұндай жағдай қала тұрғындарының өміріне қолайсыздықтар әкелуімен қоса-қабат, үнемі шаң-топырақсыз, лай-батпақсыз таза жерде жүруге ұмтылған жүргіншілердің жердің құнарлы шым қабатын үнемі таптап, жұқартып, әлсіретіп отыруына алып келіп отырды. Ресейден көшіп келген отаршылдар санының көбеюіне байланысты жердің адамдардың аяғынан тозуы, шаң-тозаңның көбеюі осы мәселенің шешімін табуға мәжбүрлеген. Оның шешімі, әрине, адам көп жүретін жерлерде Еуропадағыдай жолдарды салу болатын. Дегенмен, Шымкентте күйген кірпіштен төселген жаяу жүргіншілердің жолы тек ХХ ғасырдың басында ғана салына бастаған. Ол туралы Өзбекстан Республикасының Орталық архивінің №188 іс-қағазында сақталынып келген «О шоссировании улиц в Чимкенте» деген арнайы құжат та қабылданған. Қаланы сол заманғы абаттандырудың бір түрі көшелерге жарық шамдарын орнату болса – керосин лампылармен жарықтандыру ісі ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап жолға қойыла бастаған. Олардың өздерінің «керосинно-кадильный» және «фонарь-коптилка» деген түрлері болған. Шымкент қаласының дамуының жаңа заманға қадам басқан кезінде үш демалыс бауы да жасалған. Тіпті оған жылына 1100 рубль қаржы да бөлінген. Олардың дербес атаулары да бізге деректер арқылы белгілі: «Черняев бауы», «Городской» бауы және «Соборный» бауы деп аталады. Олардың нақты орналасқан жерінің карталық нұсқасы қалалық музейде немесе қала архивінде сақталмаған. Дегенмен, олар туралы сол көршілес Өзбекстан Республикасының №264-ші іс-қағазында сақтаулы тұрған «Об уступке В. Танторину 110 кв. сажен земли города Чимкента для опрямления улицы» атты дерек мәлімет бере алады. Қала сол кезеңде өнеркәсіптік кәсіптерді де меңгере бастаған болатын. Оған себеп болған нәрсе – қала гербінде суреті салынған дермене болатын. Дермене жинау өлкені орыс билігінің отарлауы басталған 1860 жылдардың соңынан басталса – дерменені тікелей жиналған жерде өңдей бастау тек 50 жылға тақау уақыт өткеннен соң ғана қолға алынып, завод 1909 жылдың 29 желтоқсанында жұмыс жасай бастады және осы еңбек жазылып жатқан сәтте оған нақ 110 жыл толып отыр. Яғни, қаламыздың заманауи өндірістік өнеркәсіптік тарихының өзі екінші ғасырға аяқ басып қалған екен. Бұл завод негізгі капитал айналысы жүз мың рубль болған, толық серіктестік негізінде құрылған «Сантонин» заводы болғандығын Қазақстан Республикасының Орталық архивіндегі №439 қордың №13-ші «Химический сантонинный завод Иванова и Савинкова» атты іс-қағазы толық дәлелдеп бере алады. Бұл заводтан басқа Шымкент қаласында бірнеше мақта тазалау, мал терісі мен шектерін өңдеу, балауыз шырақтарын жасау заводтары болған. Орыс отаршыл әкімшілігі өз билігін орнатқаннан кейін Шымкент қаласының дәл ортасында орналасқан осы кәсіптік орындарға бірден назар аударып, оларды қала сыртына көшіруге пәрмен береді. Уезд бастығы полковник Шустов 1868 жылдың сәуір айында тері өңдеу зауыттарын қаланың батыс жағына қарай көшіру туралы бұйрық шығарғанын Өзбекстан Республикасының Орталық архивінің №94-ші қорында сақталған «О перенесении кожевенных заводов в Чимкенте» атты құжатынан біле аламыз.
РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ӘСКЕРИ ТАРИХ АРХИВІНЕН ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АРХИВІ ҚОРЫНА
ҚАБЫЛДАНҒАН КАРТАЛАР МЕН СЫЗБАЛАР
Қаланың абаттандырылуы, оның шығыстық типтен батыстық типке қарай көшуі ХІХ-ХХ ғасырлар бойына жалғаса берді. Бұл туралы қосымша деректер анықталған жағдайда тағы да таныстыратын боламыз. Дегенмен, бұл келтірілген фактілердің барлығы да Шымкенттің ортаазиялық қала үлгісінен келімсек билік иелерінің батыстық типке жергілікті жердің барлық салт-дәстүрін белінен баса отырып қалай көшіргенінің орта тұсынан ғана көрініс бере алады.
Ал, осы үдерістің басталған тұсында не болғанын, қаланың қала ретіндегі мінездемесінің түп-тұқиянымен қалай өзгергенін іздестіру – Шымкент мегаполисінің тарихи ақтаңдақтарын жоюға мүмкіндік бере алар еді. Осыған байланысты материалдарды Шымкент қалалық архивінің арнайы іссапарымен Мәскеу қаласында орналасқан Ресей мемлекеттік әскери тарих архивінің қорлары мен құжаттарынан іздестірдік. Басқа материалдарды қоспағанда – осы мақала шеңберінде графикалық-шартты түрде болса да, қаланың сол кездегі кескін-бейнесін көз алдымызға келтіруге мүмкіндік жасайтын карталар мен шартты сызбалар үлкен қызығушылық туындатты.
Елдер мен мемлекеттер арасындағы кез-келген басқыншылық қарудың күшімен жүргізілетіндігі белгілі. Бұл үрдістен Ресей империялық басқыншылары да шет қалмаған екен. Қалаға Черняев әскері толық басып кіргеннен кейінгі салынған ең алғашқы құрылыс, ол – «Оқ-дәрі қоймасы» екен. Өйткені, «План и профиль порохового погреба» деген сызбаға түсірілген қолдан жазылған ескертпеде №1 нысан екендігі туралы мәлімет бар.
Сызбаны 1866 жылдың 24 сәуірінде Орынбор әскери округінің инженерлерінің генерал-майор инженер шеніндегі бастығы мен Түркістан облыстық инженерлік бөлімінің меңгерушісі инженер-капитан Яблонский деген бекіткен. Яғни бұл кезеңде Шымкенттің Орынбор генерал-губернаторлығының құрамында болғандығын көрсетеді. Бұл құжатқа Шымкент бекінісіне ХІХ ғасырдың ІІ жартысында отаршыл билік жүргізген алғашқы құрылыс – оқ-дәрі жерасты қоймасының сызбасы түсірілген. Сызбаның масштабы сол кезеңдегі картографиялық, геодезиялық талаптарға сәйкес жасалған. Яғни, болашақта оның макетін жасауға жақсы негіз болары анық. Сызбада оқ-дәрілердің жер асты қоймасының сыртқы көрінісі мен қойма шахтасының тік кесінді көрінісі берілген.
Сурет №2 – План и профиль порохового погреба крепости Чимкент. г. Ташкент. 24 апреля 1866 г. [1].
Келесі сызба – бұл Шымкент бекінісіне ХІХ ғасырдың ІІ жартысында отаршыл билік жүргізген азық-түлік қоймасының сыртқы көрінісі мен қойманың қасбетінің көрініс-сызбасы. Қолдан жазылған ескертпеде бас жоспардағы №2 нысан екендігі туралы мәлімет бар. Сонымен бірге «Пока ничем не обшит» деген, яғни қабырғалары мен іргелері жабылып бекітілмегендігі туралы жазба түсірілген. Бұл сызбаны 1866 жылдың 24 наурызында Орынбор әскери округінің инженерлерінің генерал-майор инженер шеніндегі бастығы мен Түркістан облыстық инженерлік бөлімінің меңгерушісі инженер-капитан Яблонский деген бекіткен. Яғни бұл кезеңде де Шымкенттің Орынбор генерал-губернаторлығының құрамында болғандығын көре аламыз.
Сурет №3 – По укреплению крепости Чимкент. Чертеж провиантского склада. г. Ташкент. 24 апреля 1866 г. [2].
Ресейдің архивінің ұзақ-сонар тексерулерінен соң қалалық архивтің қорына келіп түскен келесі құжат: Шымкент бекінісіне ХІХ ғасырдың ІІ жартысында отаршыл биліктің басып алу құралы – әскерилерді орналыстырған казарманың сызбасы. Кондуктор Шостыков дайындаған сызбаны 1866 жылдың 14 сәуірінде Орынбор әскери округінің инженерлерінің генерал-майор инженер шеніндегі бастығы мен Түркістан облыстық инженерлік бөлімінің меңгерушісі инженер-капитан Яблонский деген бекіткен. КАЗАРМАНЫҢ сызбасында оның сыртқы көрінісі мен қасбеті берілген. Ал, жеке ескертпеде бекіністің бас жоспарының №20 нысаны екендігі туралы мәлімет бар.
Сурет №4 – План и профиль казармы для одной роты в крепости Чимкент. г. Ташкент 14 апреля 1866 г. [3].
Оқ-дәрі қоймасы, солдаттардың казармасы мен азық-түлік қоймасын салып, жайғасқан империялық басқыншылар енді бекіністің өне-бойын зерттеп, сызбасын түсіріп, әскери дәлдікпен карталар мен картосхемалар жасай бастады.
Сөйтіп олардың алғашқысы «Шымкент бекінісінің бас жоспары» деп аталды. Кондуктор Шостыков дайындаған бас жоспарды 1866 жылдың 14 сәуірінде Орынбор әскери округінің инженерлерінің генерал-майор инженер шеніндегі бастығы мен Түркістан облыстық инженерлік бөлімінің меңгерушісі инженер-капитан Яблонский бекіткен. Ол жерде бекіністің жалпы сұлбасы мен бекіністің ішкі жағы мен айнала орналастырылған құрылыстардың орындары белгіленген.
Бекініс құрылыстарының тізімі (Картосхмадағы мәлімет бойынша):
1. Пороховой погреб; 2. Артиллерийские склады; 3. Лазаретные цейхгаузы; 4. Помещение для орудий; 5. Инженерный цейхгауз; 7. Провиантский магазин; 8. Провиантский ?; 9. Гаупвахта; 10. Квартира плацъ Адъютанта; 11.Комендантский дом (собственный); 12. Батальонная ? Канцелярия. Военно-судная комиссия и помещение для аудитора. Комендантская канцелярия; 13. Помещение для полуарсенальной команды и Командира; 14. Офицерская квартира (собственная); 15. Помещение для саперов; 16. Дом для проезжающих; 17. Бывшое лазаретное помещение; 18. Лазарет; 19. Лазаретная кухня, аптека и фельдшерская; 20. Казарма на 200 человек; 21. Навес для лошадей конной дивизии; 22. Навес для лошадей казачьей дивизии; 23. Квартира кондуктора; 24. Инженерная кузница; 25. Инженерная мастерская; 26. Артиллерийская кухня; 27. Артиллерийские погреба; 28. Артиллерийский аммуничник; 29. Казачья казарма; 30. Батальонная плотничная и кузница; 31. Батальонная кузница; 32. Помещение для фурштатов; 33. Амбар; 34. Цейхгауз; 35. Цейхгауз 3-й роты 3-го батальона; 36. Кухня 3-й роты 3-го батальона; 37. Цейхгауз 4-й роты 4-го батальона; 38. Кухня 4-й роты 4-го батальона; 39. Помещение для ротных конюхов; 40. Кузница 3-й роты; 41. Солдатские слободы; 42. Разломанные Кокандские слободы деп аталған мекендер мен жайлардың орындары мен кескіндері осы бас жоспарда толық берілген.
Сурет №5 – Генеральный план крепости Чимкент. г. Ташкент 14 апреля 1866 г. [4].
Архивтік ізденіс барысында нақ осындай «Генеральный план» деп аталған бекіністің бас жоспарының бірнеше данасы Шымкент қалалық архиві қорына алынды.
Ресей империясының оңтүстікті басып алуының тірегіне айналдырылған қасиетті ЦИТАДЕЛЬДІҢ жалпы сұлбасы, бекіністің ішкі жағы мен айнала орналастырылған құрылыстардың орындары белгіленген алғашқы, яғни 1866 жылғы бас жоспарға қарағандағы айырмашылық өзгерістерін көре аламыз. Егер 1866 жылғы бас жоспарда басқыншылардың тек 42 құрылысы ғана болған болса – бұл жоспарда оның санының 48-ге жеткізілгенін, оның өзінде кейбір құрылыстардың санының бірнешеу болғанын, Қоқан хандығы кезіндегі үйлердің қирандысының жалпы тізімнен шығарылып тасталғанын және «Бекіністің» өзінің сырт жағынан арнайы жолмен жалғастырылған «Русская слобода» дегеннің пайда болғанын көре аламыз.
Сурет №6 – Генеральный план крепости Чимкент. г. Ташкент 1875 г. [5].
Бұл жоспардан империялық басқыншылардың өздерінің Қазақстанның оңтүстігіндегі іс-қимылдарының неғұрлым табысты жүргізілуін қамтамасыз етуі үшін әскерилерінің санының ұлғайғанын , олардың осы жоспардағы құрылыстарының санының көбейгенінен көруімізге болады. Яғни, алдыңғы жоспарда құрылыстар саны 48 болса, бұл жоспарда олардың саны 54-ке жеткізілген. Сонымен бірге «Анатомический покой» және «Церковь» деген құрылыстар қосылған. Бұл жаңадан қосылған құрылыстар басқыншылардың күнделікті әрекеті мен өмір тынысы, әскери ырғақтан, бейбіт өмірге ауыса бастағанын, сөйтіп, өздері қарудың күшімен алған өлкеде «КЕЛІМСЕКТЕР» ролінен «ЖЕРГІЛІКТІЛЕР» роліне еніп кіре бастағанын көрсетеді. Бұл карталардың ерекшелігі оларды енді Түркістан генерал-губернаторлығының құрамында болғандығын аңғартатын 1883 жылы кондуктор Варушкин деген сызып, оны Түркістан әскери округінің бастығының міндетін атқарушы, әскери инженер-полковник пен Түркістан әскери округінің сызбалар мен есептерді тексеру штабының офицері, әскери инженері бекіткен. Құжатта сызбаны жасаушылар ғана өз аты-жөндерін толық жазған, ал бекітушелердің аты-жөндері жазылмаған, тек қана қол қойылған.
Cурет №7 – Генеральный план крепости Чимкент. г. Ташкент 1883 г. [6].
Сонымен бірге, бұл картосхема империялық басқыншылардың бекіністің сыртқы жағына шығып, Шымкент қаласы көшелеріне қарай ендеп, кіргізіліп салынып жатқан құрылыстарын көрсетеді. Құрылыстардың жалпы саны 70-ке жеткен.
Сурет №8 – По укреплению Чимкент. Чертеж здания под №31, занимаемого главной гауптвахтой, с показанием работ, проведенным в 1887 г. г. Ташкент 1887 г. [7].
1887 жылы салынған «Гауптвахта» деп аталатын құрылыс. Жалпы жоспары, №1 кесіндісі мен «А», «Б» қасбеті көрсетілген. «Гауптвахта» 11 бөлмеден тұратынын көре аламыз.
Сурет №9 – Генеральный план расположения военной строений крепости Чимкент. г. Ташкент 1900г. [8].
Бұл картосхема 1900 жылы 25 ақпанда жасалған. Құрылыстардың жалпы саны 70-ке жеткен.
Сурет №10 – Генеральный план крепости Чимкент. г. Ташкент 1900 г. [8].
Бұл картосхема империялық басқыншылардың бекіністің сыртқы жағына шығып, Шымкент қаласы көшелеріне қарай ендеп, кіргізіліп салынып жатқан құрылыстарын көрсетеді. Құрылыстардың жалпы саны 77-ге жеткен. Оның өзінде «Русская слобода» құрылыстары есепке алынбаған. Олай болса – империялық әскерилер мен олардың күнделікті өміріне қажетті құрылыстардың жалпы саны 100-ден асқан деп болжауымызға болады.
Дереккөздер:
1 РГВИА. Ф.349. Оп.43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1782.
2 РГВИА. Ф. 349. Оп. 43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1783.
3 РГВИА. Ф. 349. Оп. 43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1786.
4 РГВИА. Ф. 349. Оп. 43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1788.
5 РГВИА. Ф. 349. Оп. 43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1789.
6 РГВИА. Ф.349. Оп.43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1790.
7 РГВИА. Ф.349. Оп.43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1793.
8 РГВИА. Ф.349. Оп.43. Чертежи и планы на букву «Ч». Д. 1805.
Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,
Айпар АМАНГЕЛДИЕВА,
Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің
директоры