ТАБИҒАТТЫ ТІЛСІЗ ЖАУДАН ҚОРҒАЙЫҚ

Среда, 14 Июнь 2023 04:59 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 670 раз

Мамандар орман өртінің шығу себептерін сараптай келе көбінесе өрт адами фактордың салдарынан болатынын алға тартып отыр. Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мен үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатар қоғамдық мекемелер де жүргізгені абзал.

 

Орман шаруашылығында өрт қауіпсіздігін сақтау – ең өзекті мәселе. Орман шаруашылықтарының барлығында орманды өрттен қорғау жоспары болады. Жоспарда орманның түрі, ортаның рельефі, су жолының, теміржол, автомобиль жолдарының жақындығы ескеріледі. Аталған жағдайлардың барлығын ескере отырып, орман шаруашылығын өрттен қорғаудың жоспары мен сызбасы жасалады.
Жоспарда көлік жолдары, тұрғын үйлер, кардондар, өзен, көлдер, орман шаруашылығының кеңселері, өрт бақылайтын мұнаралар, хабар қабылдайтын бекеттер, өрт шығу қаупі бар нысандар белгіленеді. Сонымен бірге, оған өрт қауіпсіздігі құрылымының жоспарында орманды бақылау қызметін ұйымдастыру, өрт сөндіру-бақылау құрылғыларын салу, телефон байланысының жүйесін жаңартып тұру, радиобайланыс ұйымдастыру, ерікті өрт жасақшыларын дайындау және оларды көлікпен қамтамасыз ету қызметтері кіреді.
Орман және дала өрттерінің алдын алу, оны болдырмауға бағытталған үгіт-насихат жұмыстарына аудан көлеміндегі мекемелерде лекциялар, баяндамалар оқып, аудандағы ауылдық округтер мен шаруа қожалықтарға таратылатын ескерту хаттар жатады. Орманға барар жолдарда, демалатын жерлерде, саяхаттық бағыттарға хабарламалық ескертпе баннерлер, стендтер қою арқылы өрттен сақтандыру шаралары жасалуы қажет. Алайда, орман-тоғайлы жерлер маңында демалушылар көбінесе ескертулерді назарға алмайды. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы – орманды тілсіз жау өрттен қорғауға, аман сақтауға ықпалын тигізетіні анық.
Демалушылардан қалған сөндірілмеген шылым не сіріңке — дала өртінің негізгі себептерінің бірі. Сондай-ақ, аңшылық кезінде атылған оқтан да қураған шөп бықсып, тұтануы мүмкін. Ал, орманда өрт қауіпсіздігін сақтай бермейтін кейбір механизаторлардың әрекеті де тілсіз жаудың тұтануына әкеледі. Олар далада тұтануға бейім, майланған материалды тастап кетеді және техника қауіпсіздігін бұзып, көліктің жанында шылым шегеді. Демалушылардың кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерде от жағуы, күн сәулесі мол түсетін жерлерде шыны сынығының қалуы да өрттің тұтануына әкеледі. Яғни, жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып, құрғақ шөпті тұтандырады.
Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Себебі, орманда көлік жүрмейтін, орманшының өзі аса қиындықпен жететін аймақтар бар. Сондықтан ормандағы өрттің алдын алу шарттарын қатаң сақтау қажет.
Өрт — тілсіз жау. Ол ауқымына қарай көлемді шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан жаз, күз мезгілдерінде өрттен сақтану шараларын күшейткен абзал. Бұл, сондай-ақ, әрбір азаматтың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігіне тікелей байланысты. Табиғатты қорғайық!

Ғ.МҰРАТОВ,
Абай ауданы төтенше жағдайлар басқармасының
бастығы, азаматтық қорғау полковнигі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.