Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «БАРЛЫҚ САЛА БОЙЫНША ТИІСТІ ШАРАЛАР ҚАБЫЛДАНАДЫ» Избранное

Среда, 14 Июнь 2023 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 917 раз

Абай облысындағы алапат орман өртінен 14 отандасымыз көз жұмды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына шұғыл ұшып барып, өртке оранған орман алқабын аралап шықты.
Президент орманшылардың отбасы мүшелерімен кездесіп, жақындарына көңіл айтты. 12 маусым – елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

718

 

– Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Мемлекет басшысы.

717


Президент алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізіп, жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпхановты таныстырып, ведомствоға жүктелетін басты міндеттерді атап өтті.
– Алда ауқымды жұмыс бар. Жалпы, бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл, ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Бұл жағдай кәсіби салғырттықты, адамдардың тағдырына бей-жай қарайтынымызды көрсетті. Мен бұған тағы да көз жеткіздім. Ал қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік және оның басшылары өздерінің қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай қайғылы жағдай болып отыр, – деді Президент.
Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 миллион теңгеден төленетін болады. Бұдан бөлек, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды.
Айта кетейік, 8 маусым күні тұтанған «Семей» орманы резерватындағы өртпен күрес жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Өрттің жалпы аумағы шамамен – 60 мың гектар. Алайда елді мекендерге қауіп жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өрттің таралуын шектеу үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта өртті сөндіруге барлығы 1803 адам, 348 бірлік түрлі техника мен 12 тікұшақ жұмылдырылған.

Шымкентте жыл сайын 19 маусым «Қала күні» дәстүрлі түрде аталып өтетін. Биыл Абай облысында орын алған орман өртіне байланысты «Қала күніне» жоспарланған мерекелік іс-шараларды «Республика күні» қарсаңында өткізу жоспарлануда.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.