ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ҚУАТЫ – ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕ Избранное

Среда, 21 Июнь 2023 06:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 829 раз

Шымкентте «Қазақстанның үздік тауары –2023» конкурсының өңірлік іріктеу кезеңі өтті. Іс-шараға қала әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасының қалалық филиалы ұйытқы болды. Арбат алаңында ашық аспан астында өткен екі күндік көрме-байқауда шаһардың 70-тен аса кәсіпкері өз өнімін ұсынды. Көрмеде қазақтың ұлттық тағамы құрт пен майдан бастап, құрылыс материалдары, жиһаз, киім-кешек, сәбилерге арналған жөргек, дәрі-дәрмек өндірісі, тоқыма бұйымдар, тамақ өндірістері, күнделікті тұрмыс пен құрылысқа қажеттінің барлығы бар. Тіпті, қаламызда аяқ киім шығаратын үш фабрика бар екеніне көзіміз жетті.

207

 

Мұндай іс-шараның мақсаты – халық арасында отандық өнімдерді кеңінен насихаттау, оларды күнделікті қолданысқа енгізіп, өндіріс көлемін ұлғайту. Қала тұрғындары тек өзімізде өндірілген өнімді тұтынар болса, шағын кәсіптің өндірісі кеңейіп, ірі кәсіпорындарға айналары сөзсіз. Нәтижесінде жалпы ішкі өнімнің көлемі артады. Сонымен, байқауда бақ сынауға алып компаниялармен қатар, кәсібін жаңадан бастаған өндірушілер де қатысты. Осындай игі бастама арқылы шағын бизнес өкілдері де өзінің өнімін таныстыруға мүмкіндік алды. Отандық өндірушілердің көрмесін аралап шыққан қала әкімінің орынбасары
Мақсұт Исахов бес жыл ішінде қаламызда өндіріс орындары 2 есеге өскенін, оларға қолдау көрсету мақсатында әкімдік тарапынан индустриалды аймақтар құрылысы қолға алынғанын айтты.

208

 

–Шымкент қаласы 2018 жылы 19 маусымда республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болғаннан кейін экономикалық дамуында үлкен серпіліс орын алды. Осы бес жылдың ішінде өндіріс көлемі 2 есеге артты. Қазір қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Өндіріс алаңында 358 млрд. теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бүгінде қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Қажеттіліктің артуына байланысты жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда 400 млрд. теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылып, 12 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Өндіріс орындарының көптеп ашылуы халық тұтынатын өнімдерді өз елімізде өндірілуіне, бағасының қолжетімді болуына ықпал етеді. Көрмеде ереше кәсіпті қолға алған отандық өндірушілерді көрдік. Күнделікті дүкен сөресінде көріп жүрген тауарлар өз қаламызда өндірілетіні қуантты, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
Көрме-байқауға 10-нан астам өндіруші алғаш рет қатысып отыр екен. Оның ішінде көрпе мен киім өндірісі, аяқ киім, кондитерлік өнімдер, табиғи шырындар мен ірімшіктер, ашытылған сүт өнімдері және халық тұтынатын тауарлар бар. Соның бірі – Салтанат Қалапберген. Осыдан бірнеше жыл бұрын 200 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алып, ешкі сүтінен дайындалған өнімдерді шығара бастаған. Көрмеге ешкінің айраны мен құрты, ірімшігі, майын ала келген Салтанат кәсіп бастауда аяқтан тұруға көмегі тиген мемлекеттің қолдауына ризашылығын білдірді.
–Мұндай ауқымды көрмеге алғаш рет қатысып отырмын. Үш жыл бұрын мемлекеттен грант алып, асыл тұқымды екі ешкімен өз кәсібімді бастаған едім. Қазіргі таңда ешкі басы 15-ке жетті, саудаға шығарып жатқан өнім көлемі де өсті. Әр ешкі күніне 4-5 литр сүт береді. Ешкі сүтінің өніміне сұраныс өте жоғары. Осы арқылы үйде отбасылық бизнесті дамытып отырмыз. Бүгінгі ірі кәсіпорындардың өнімдерін көріп, өзіме үлкен жігер алып, алға көптеген мақсат қойып отырмын, - дейді Салтанат Данатқызы.\

209


Байқауда үміткерлердің көздегені – жеңіс. Әр кәсіпкердің өнімі бір-бірінен асып тұр. Үміткерлердің өнімін тәуелсіз сарапшылар мен бизнес-қауымдастықтар, салалық-қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бағалады. Сараптамалық комиссия үш номинация бойынша конкурс дипломанттарын таңдауы қажет. Олар – халық тұтынатын үздік тауарлар, өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар және үздік азық-түлік тауарлары. «Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтің айтуынша, барлық отандасымыз күнделікті тұрмыста өз өнімдерімізді қолданса, импорттың үлесі бәсеңдеп, тауарлардың бағасы да оңтайлы болар еді.
–Жыл сайын өтетін әр байқауда жаңа тауарларды көреміз. Бүгін де кәсібін жаңадан бастап, ішкі нарыққа кіре бастаған жаңа өндіріс орындарымен таныстық. Осы іс-шара арқылы кәсіпкерлер халыққа өз өнімдерін таныстырып, брендін қалыптастыруға мүмкіндік алады. Көрмеде қала тұрғындары «Осының бәрі өзімізде өндіріле ме?» деп таңдануда. Қала деңгейінде анықталған жеңімпаздар жыл соңында республика көлемінде бақ сынайды. Тұрғындарымызға айтарымыз – күнделікті тұрмыста, құрылыста, жалпы барлық жағдайда тек отандық өнімді тұтынсаңыздар екен. Осындай қадамдар еліміздің өндіріс саласының дамуына, экономиканың ілгерілеуіне зор үлес қосар еді, –деді Т. Нақыпбеков.
Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясымен Ak-su корпорациясы, Asia Trafo және Medcomfort кәсіпорындары марапатталды. «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясына «Бал Текстиль», «ШымКай», «Әлем БТ» лайық деп табылды. Ал, «Рахат», Van elle және Sweet ideas кәсіпорындары «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша марапатталды.
Кез келген дағдарыс жаңа мүмкіндікке жол ашады. 2020 жылы әлемде орын алған пандемияның салқыны Қазақстанның экономикасына кері әсерін тигізбей қоймады. Күрделі жағдай отандық өндірістің қанатын кеңге жаюына жол ашқанын Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының деректері жарқын мысал бола алады. Жуырда аталған басқарма тарапынан қаладағы дүкен сөрелеріндегі тауарларға талдау жүргізіп, басым бөлігі отандық өнім екенін анықтапты. Әсіресе, елдегі пандемиядан кейін бизнестің барлық саласы ілгерілей бастаған.
–Қалада өндіріс орындары халықтың сұранысына сай дамып келеді. Кәсіпкерлер қай салаға сұраныс жоғары болса, сол бағытқа бетбұрыс жасап келеді. 2020 жылы басталған пандемияның өзі отандық өндірістің қарыштауына алып келді. Індет өршіген сәтте еліміздегі барлық тауардың бағасы күрт өсіп, тіпті, кей өнімдер тапшылығы орын алды. Тапшылық отандық кәсіпкерлердің өнім өндіруге деген қызығушылығын арттырды. Міне, бүгін өздеріңіз куә болғандай шымкенттіктерге қажетті тауардың барлығы өз қаламызда өндіріліп жатыр. Біз жуырда дүкен сөрелеріндегі құрылыс пен тамақ өнімдеріне талдау жасап, тауардың 70 пайызы өзімізде өндірілген отандық өнім екеніне көз жеткіздік. Геосаяси жағдайға байланысты импорт көлемі азайып, еліміздегі кәсіпорында өндірілген тауарларға сұраныс артып отыр. Көрмені тамашалаған халық та таңданысын жасыра алмады. Біздің көздегеніміз де осы. Қала аумағындағы кәсіпорындарды елге таныстыру, – деді басқарма басшысы Береке Дүйсебеков.
Халық арасында «Біз қарапайым шұлықты да өндіре алмаймыз. Қытайдың тауарына тәуелдіміз» деген пікірлерді жиі құлағымыз шалады. Арбат алаңында отандық «Әлем БТ» фабрикасының тоқылған шұлықтарын көргендер жоғарыдағы пікірін өзгерткені анық. «Қазақстанның үздік тауары-2023» конкурсының өңірлік іріктеу кезеңінде «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясы бойынша жеңімпаз болған фабриканың шұлықтарын көрмеде сатып алушылар көбейді. Алғышқы сәттерде-ақ шұлықтың 1500 жұбы сатылыпты.
–Таңертеңнен бастап «Әлем БТ» шұлықтарының саудасы қызып жатыр. Көрмені тамашалауға келген адамның барлығы «Шымкентте осындай шұлық шығара ма?» деп таңданды. Сөйтіп, барлығы шұлық сатып алуда. Бұрын өнімдерімізді отандық нарыққа шығарған едік. Шұлықтардың бағасы 300-400 теңге аралығында болды. Табиғи таза мақта талшығынан тоқылған бұйым болғасын сапасы да бағасына сай қойылған. Өкінішке орай, көп адам Қытайда өндірілген, құны 150-200 теңгелік шұлыққа әуес. Қазір өніміміздің 90 пайызы экспортқа шығады. Қалған бөлігін қаладағы дүкендер тапсырыс негізінде сатып алады. Ал, адам көп шоғырланатын базарда шымкенттік шұлықтың табыла бермейтіні де сондықтан. Десе де, қала тұрғындарына арналған үлкен жоба жасауды қолға алып отырмыз. Яғни, қаланың әр жерінде сауда нүктелерін іске қосып, жарнамаға мән бермекшіміз. Отандық әрі сапалы шұлықтың бар екенін білмегендіктен болар, бүгін көп сатып алып жатыр, - дейді сату бөлімінің менеджері Гауһар Бимішова.
Жарнаманың бизнестің алға жылжуына, сауданың өркендеуіне үлкен әсер ететіні сөзсіз. Жарнама тек өнім туралы ақпарат беріп қана қоймай, оның тұтынушы санасында әлдебір бейне ретінде қалыптасуына әсер етеді. Bal Tekstil кілем фабрикасының директоры Талғат Исхахов отандық өндіріс орындары өз тауарын елге таныстыруда үлкен мәселе бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдегі өнімдерді сыртқы нарықтан қорғау бағыты да назардан тыс қалған. Шет елден келетін бренд тауар мен енді өндірісін бастаған компанияның қаржылық жағдайы жер мен көктей. Сондықтан телеарна, радио, жарнама компанияларының тарифіне өзгеріс енгізу қажет.
–Теледидарды қоссаңыз күнделікті шетелдік брендтердің жарнамасы алдыңыздан жиі шығады. Мәселен, «Кока-кола» өнімдерін алып қарайық. Еліміздегі алкогольсіз сусын шығаратын кәсіпорындар мен шетелдік брендтің қаржылық жағдайы сай келмейді. Осыны ескере отырып, отандық өнімдер мен шетелдік брендтерге жарнама ақысын бөлек қарастыру керек. Қаржысы көп шетелдік компания үшін біздің телеарналарға жарнама беру ақысы түк емес, ал, енді аяққа тұрып келе жатқан кәсіпорындар мұндай қаржыны көтере алмасы анық. Сол үшін отандық өндіріс орындарының дамуы, импортқа деген тәуелділіктен арылу мақсатында өз өнімдеріміздің жарнамасын арзандату тарифи заңмен бекітілсе, елдегі кәсіпорындар мен фабрикалар республикалық теле-радиолар арқылы тауарын таныстыруға жол ашады.
Сонымен қатар, Т.Исхахов өз өнімдерімізді қорғау үшін кедендік баж салығына да өзгеріс енгізілсе деген ойды алға тартты. Әйтпесе, шеттен келетін импорт тауарлары отандық өндірісті құлдыратуы мүмкін.
– Біздің елде сырттан келетін кедендік салық мөлшері төмендігінен импорт тауарлары өз өнімдерімізден де арзанға түсіп жатыр. Мұндай жағдай ішкі нарықта отандық өнімдерді құлдырататына бесенеден белгілі. Кәсіпкер ретінде бұл мәселені Үкіметке, Сауда және интеграция министрлігіне де шеттен кіретін тауарлардың кедендік салығын күшейтуді ұсындым. Біз тек осы жолмен ғана өз өнімдерімізді импорт бәсекесінен қорғай аламыз, - дейді ол.
Иә, елдегі өндіріс ошақтары күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды өндіруді мықтап қолға алды. Кез келген елдің экономикасын дамытатын төл өнімі. Қазақ кілемінің брендін қалыптастарған бизнесмен жоғарыда айтқан өзекті мәселелер шешімін тапса, Made іn Kazakhstan деген белгісі бар бренд-өнімдердің қатары артары сөзсіз.