Шымкент қаласында шалғай елдімекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қалалық цифрландыру басқармасының қолдауымен және жеке инвестор «Спец автоматика сервис» ЖШС тарапынан Еңбекші ауданындағы «Оңтүстік» тұрғын алабы талшықты-оптикалық интернет желісімен қамтылды. Елді мекенде 38 000-ға жуық тұрғын бар.
Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов, қалалық мәслихат депутаты Айжан Наимбекова, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев тұрғындармен кездесіп, жоғары жылдамдықты интернеттің сапасын тексерді.
Биыл сәуір айында 4 инвестормен меморандум түзіліп, 2023 жылы 20 шағынауданды сапалы интернетпен қамтуға келісім жасалған.
– Заманауи талшықты-опитика желісінің басты ерекшелігі – интернеттің жылдамдығы. Былтыр 14 елді мекен қамтылса, биыл 20 елді мекенге аталған оппткалық желіні тарту бойынша жеке инвестолармен меморандумға қол қойылды. Келісімге сәйкес, 2023-2025 жыл аралықта тұрғын алаптар тізімі және олардың мерзімдері белгіленді. 2025 жылы қаланың шеткі аймақтарын толық оптикалық желімен қамту көзделіп отыр. Қазіргі таңда Қайнарбұлақ, Нұршуақ, Ынтымақ -1, Ынтымақ-2 тұрғын алабында жұмыс басталып кетті, – деді басқарма басшысы тұрғындармен кездесуде.
Іс-шара барысында көпшілік талшықты-оптика желісінің сапасын байқап көрді. Сонымен қатар, биыл қалада мобильді байланысты жақсарту бағытында 29 тұрғын алап анықталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Базалық станция орнату үшін бос жер телімдері белгіленген.