Халқымызда «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген аталы сөз бар. Бұл кей ретте. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарына арналғандай көрінеді. Жойдақсыз жүргізілген оңтайсыз жекешелендіру іскер адамдардан бөлек қолының жымысқысы бар ұры, қары, тіпті күні кеше сасық портвейнді қанып ішіп, көрінген жерде ұйықтап қалатын «сантехниктерге» дейін есіртіп жіберді. Жоғарымен ауыз байланысқан олар әлемдегі ең бай шикізат қоры бар Қазақстанды отыз жылдың ішінде жөнсіз тонап, ұрланған, сұрауы жоқ қаржыны сыртқа шығарып жіберіп келді.
Осыған байланысты Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шексіз байыған 160-қа жуық олигархтардың түсін түстеп, сыртқа заңсыз шығарылған активтердің түбінде Қазақстанға қайтарылатынын айтқан болатын.
Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына да қол қойды.
Заң жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын (атқарған) субъектілерге, мемлекеттік заңды тұлғаларға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, сондай-ақ аталған тұлғалармен аффилирленген субъектілерге қолданылады.
Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн. АЕК-тен асатын (44 млрд. 850 млн. теңге немесе шамамен 100 млн. АҚШ доллары) активтері болуға тиіс.
Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган (Бас прокуратура ведомствосы) жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.
Халықтың қазынасын жеген түбі бір тұтылады. Енді олар заңсыз иемденген қаржысы үшін Заң алдында жауапкершілікке тартылып, активтерін елге қайтарады.
Бұл қаражаттар Қазақстанның экономикасы өсіп, әлемдегі мықты елдер санатына қосылуына қызмет ететін болады.
Шалатай МЫРЗАХМЕТОВ, Қоғам қайраткері