Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін сыбайлас жемқорлық туралы: «Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былайша айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек»,-деген болатын. Осы жағымсыз құбылысты жою бағытында кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табуда.
Сыбайлас жемқорлық заманның ағысымен өсіп келе жатқан, мол қаражат болған жерге тамырын тереңінен жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған қоғамдық дерт. Осындай келеңсіз құбылыстармен күрес жүргізу тек сот және құқық қорғау мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, әрбір ұлтжанды азаматтардың парызы. Мұндай ауыр дертті тек мемлекет және құқық қызметкерлерінің күшімен жеңе алмаймыз. Жемқорлықтың алдын бүкіл халық болып қолға алсақ қана тоқтатуға болады. Сол себептен барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыретінің шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге міндетті. Бүгінде барлық мекемелерде сенім телефондары жұмыс істейді. Мемлекеттік органдардың қызметшілері халыққа мемлекеттік қызметтерді электронды түрде қолжетімділігі жөнінде кеңінен насихаттауда. Бұл да белгілі бір дәрежеде сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жолы болып табылады.
Ертеңгі болашағы үшін алаңдайтын әрбір саналы азамат жемқорлықты ауыздықтау ісінде өзінің жеке үлесін қосқаны абзал.
А.АХМЕТОВ,
«Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі» коммуналдық мемлекеттік
мекеменің аға кеңесшісі, заңгер