Шымкент қаласы әкімдігімен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны 172-ге жетіп, биыл 7 жаңа қызмет түрі қосылды. Мемлекеттік қызметтердің 98 пайызы автоматтандырылған. 2022 жылғы статистикаға сүйенсек, 155 қызмет электронды түрде көрсетіліп келген.
Осыған байланысты, Шымкент қаласының әкімдігімен ұсынылатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді толығымен автоматтандыру мақсатында 2022 жылдың қаңтар айынан бастап I-Shymkent.kz қалалық қызметтер мен сервистердің орталықтандырылған порталы іске қосылған болатын.
Аталған жоба аясында әрбір мемлекеттік көрсетілетін қызметтің бизнес-процестері зерделеніп, деректер қоры қалыптастырылды. Қазіргі таңда бүкіл қызметтер электронды форматқа көшуде. Мұнда бір терезе арқылы бірнеше қызметті атқаруға мүмкіндік бар.
Сонымен қоса мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау жұмыстары жүргізіліп, 2022 жылдан бастап автоматтандырылуы қажет 10 мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 7 түрі осы порталда толыққанды электронды форматқа көшті. Ал жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау қызметі Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы тарапынан геопортал ақпараттық жүйесі арқылы автоматтандырылатын болады. Сондай-ақ, жергілікті әкімдікпен көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізіміндегі он жасқа толған баланың пікірін есепке алу туралы қорғаншылар мен қамқоршылар органдарының шешімін беру және балаға кері әсер етпейтін ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарға баламен кездесуіне рұқсат беру туралы 2 қызмет қағаз жүзінде көрсетілетін болып белгіленген («Отбасы және балалар саласында мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 158 бұйрығына сәйкес).
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ