Жаздың аптап ыстығы – әртүрлі вирустық жұқпалы ауруларының өршуіне алып келетін кезең. Сондай қауіпті инфекциялық аурулардың бірі – конго-қырым гемморогиялық қызбасы. Олардың белсенділігі көктем, жаз маусымында арта түседі.
Кенелер негізінен далалық жерлерде, бұталы өсімдіктердің басында, мал жайылымдарында, мал қораларында кездеседі. Вирустың уақытша тасымалдаушысы – жануарлар. Ауруды жұқтыру қаупі ауру тасымалдаушы иксод кенелерінің көбеюіне тікелей байланысты.
Шымкентте жыл басынан бері кене шағып медициналық көмекке қаралған 477 адам тіркелген, былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда шаққандар саны 22,8 пайызға төмендеген. «Шымкент қаласы конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруына қолайсыз аймақтар қатарына жатады», дейді Шымкент қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Б.Мұсаева.
– Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Адамның ауруды жұқтыруы жұқпаланған кенемен қатынаста, кене шаққан жағдайларда, қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, сұйықтығымен және ағза бөлінділерімен ластанған медициналық құралдардан, жанама байланыс арқылы жұғуы мүмкін. Негізгі клиникалық көріністері – инкубациялық кезең 1-14 күнге дейін созылады, бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады. Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 39-40 градусқа дейін көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі, ал ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілері, ине енгізу орындарында қанталау белгілерінің байқалуымен сипатталады, –дейді маман.
Негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасымалдаушы кене, сонымен қатар жабайы және үй жануарларының ағзасында да ауру қоздырғыштары болады. Ауылдық жерлердегі шаруа қожалықтарында көп тарайтын кене шағудың алдын алуда халық қауіпсіздігі заңмен қорғалады. Қазақстан Республикасы 2020 жылғы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Кодексінің 107 бабының 1 тармағында «Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарына сәйкес жүйелі негізде профилактикалық, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуге міндетті» - делінген. Яғни, әрбір жеке меншік қожалықта аталмыш аурудың алдын алу мақсатында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін қала аумағында қора-жайлары бар елді мекен тұрғындары үйіне іргелес қораларда механикалық тазарту, қоқыстарын шығару жұмыстарын және кене анықталған қораларда шұғыл түрде тұрғындар өз қаражаты есебінен құзырлы мекемелер күшімен дезинсекция жүргізуге міндетті.
– Аурудың алдын алу үшін табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. КҚГҚ бойынша қолайсыз елді мекендерде санитариялық-қорғау аймақтар мен буферлік аймақтар, мал қоралары кенеге қарсы залалсыздандырылады. Осы жылы санитарлық қорғау аймағын құру мақсатында Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығы тарапынан кенеге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Үйге іргелес қора-жайларда, елді мекендерде кенеге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстары қалалық ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасының тарапынан «Энзоотиялық» аурулардың алдын алу мақсатында, кенелердің көбеюінің және адамдар арасында КҚГҚ ауруының тіркелуінің алдын алу үшін кенеге қарсы залалсыздандыру жасалынды. Сондай-ақ, дезинсекция жұмыстары тамыз айында ІІ кезеңмен қайталанады,– деді Б.Мұсаева.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдыналу және қорғану үшін мамандардың төмендегі кеңесін қаперде ұстаған жөн.
– Табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда, қырқым кезінде кенелердің шабуылынан және кене қанымен жанасты болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию керек.
– Табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек киіңіз. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды, бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қараңыздар.
– Кене шаққанда немесе кенемен жанаста болу арқылы аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болғандықтан, өзіңізді және өз отбасыңыды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз!
– Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.
Кененің белсенді уақытында абайлау және ұқыпты болу керек. Кене шаққан кезде жедел түрде медициналық мекемеге хабарласыңыз.
Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі.