Осыған орай Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының қауымдастығы» өкілдері №9 Шымкент қалалық емхана мамандарымен бірлесіп, «Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» атты Жаңаталап тұрғын алабының аналарымен еркін форматта кездесу ұйымдастырды.
– Шалғай аймақта тұратын аналармен байланыс орнатып, кездесу ұйымдастырудамыз. Мұндай кездесулердің мақсаты – қиын жағдайға түскен аналарды қолдау, үйде отырып қалған көп балалы аналарды жұмысқа, кәсіпке баулу, олардың құқықтары мен мансаптық өсу, кәсіби дайындық мүмкіндіктерін нығайту, сондай-ақ, отбасы мен жұмыс арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті сақтау, – дейді «Салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандарының ассоциациясының» маманы Айжан Молдабаева.
Кездесуде «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Айтбекқызы сөз сөйледі. Жиналған жас аналар психолог, гинеколог мамандарға сұрақ қойып, кеңес алды.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың себебі, көбіне әлеуметтік мәселелерге тікелей байланысты. Жұмыссыздық, жалпы психологиялық тұрақсыздық, отбасындағы материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік осы факторлардың барлығы адамды құлдыратады. Қазір жұмыссыздарды жұмыспен қамту, өз ісін бастауға ниеттенгендер үшін мемлекеттік грант секілді мүмкіндіктер көп. «Бақытты жанұя» орталығы жайлы біреу білсе, біреу білмей жатады. Осындай әлеуметтік орталықтар қазір әйелдерге көп қолдау көрсетуде. Тегін кәсіптік оқулар бар. Біз Шымкент қаласының әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарымен бірлесе тығыз байланыста жұмыс жүргізіп, көмек сұраған аналарға кеңесімізді беріп отырамыз, – дейді Баян Жандосова.
Жиынға қатысқан аналар көп пайдалы ақпарат алғандарын айтады. Тағдырдың талайымен 5 баланы жалғыз бағып отырған жалғызбасты ана Әсембаева Ақтолқын осындай кездесулер жиі өткізілсе дейді.
– Мен бүгін көп жаңа ақпарат алдым. Өзім жалғыз 5 баланы бағып отырғандықтан біреудің демегеніне, көмек қолын созғанына мұқтажбыз. Уақтылы дәрігерге барып көрінуге уақыт таппай жатамыз. Кездесуде психолог, дәрігер маманнан пайдалы ақпарат алдық. Алдағы уақытта әлеуметтік орталықтарға барып, ебіме қарай кәсіптік білім алсам деймін, – дейді Ақтолқын.
Ұйымдастырушылар осындай кездесулерді алдағы уақытта шалғай орналасқан басқа да елді мекен тұрғындармен бірлесіп өткізетіндіктерін айтты.
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ