Бас бостандығынан айырылса да құқығы қорғалуы тиіс
Осы аптада Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Шымкенттегі бірқатар мекемелерді аралады. Алдымен №78 түзеу мекемесінде болған уәкіл ондағы жазасын өтеп жатқан әйелдердің жағдайымен танысып, мұң-мұқтажын тыңдады. Әйелдердің басым көпшілігі түзеу мекемесіндегі жасалынған жағдайға көңілі толатындықтарын айтып, қызметкерлер тарапынан ешқандай қысым көрсетілмейтіндігін жеткізді. Әйткенмен, кейбір айыпталушылар медициналық қызметтің қол жетімсіздігіне шағымданды. Мәселені шешу үшін уәкіл шағымданған әйелдерге жеке қабылдау жүргізді.
–Бүгінгі таңда Шымкент және Түркістан қалаларындағы бірқатар әлеуметтік мекемелердің қызмет көрсету сапасын, сондай-ақ ондағы адамдардың құқықтарының сақталуы қаншалықты екендігін тексеріп, көз жеткізу мақсатында іссапарға келіп отырмыз. Себебі осы уақытқа дейін түскен шағымдар бар. Дәл қазір №78 түзеу мекемесі әйелдер колониясындағы жағдаймен түгел танысып шықтым. Мұнда 195 сотталушы жазасын өтеп жатыр. Бұл – Қазақстандағы ең үлкен түзеу мекемесі. Кемшіліктер бар, әрине. Жазасын өтеушілердің басым көпшілігі медициналық препараттардың уақытылы жеткізілмейтіндігіне, сондай-ақ, дәрігерлік қызметтің қолжетімсіздігіне шағымдануда. Бұл мәселені қазір анықтайтын боламыз. Өйткені, мемлекеттен тиісті қаражат бөлінуде. Жыл басында түзеу мекемелеріндегі медицина қызмет көрсету ісі денсаулық сақтау министрлігіне берілген болатын. Арада енді ғана жарты жыл уақыт өтті. Жұмыс дұрыс жолға қойылмауы мүмкін. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдайтын боламыз. Президент тапсырмасына сәйкес, мекеменің барлық жеріне камералар қойылған. Бұл да айыбын өтеушілердің құқығына қол сұғылмауына септігін тигізеді. Адамдар қай жерде болса да, тіпті, бас бостандығынан айрылса да құқығы тапталмауы тиіс, – деді уәкіл Артур Ластаев.
Колонияда жүріп колледж тәмамдады
Колонияда асхана, тігін цехы жұмыс істейді, жалпы 114 жазасын өтеуші еңбекке тартылған. Асханада үш мезгіл тамақ дайындалады. Айыпталушылар берілетін ас-ауқатқа көңілі толатындықтарын айтады.
–Мен Гүлжан Тасқынбаева (аты-жөні өзгертілді) мұнда Ақтау қаласынан түсіп, жазамды өтеп жатырмын. 25 жасымда алаяқтық бабымен сотталып, бес жылымды өтедім. Енді бір жылдан соң туған-туыстарыммен көрісемін. Қателестім, жаза бастым, өз ісіме өкінемін. Бұл сынақ оңай емес, тар қапаста жатқанымда әке-шешемнен, ата-әжемнен айрылдым. Жалғыз бауырым ғана қалды. Бұл жерде біз таңнан кешке дейін жатпаймыз, оқып білім аламыз, еңбек етеміз. Мен өзім асханада жұмыс істеймін. Жақында колледжді бітіріп, тігін мамандығынан сертификат алдым. Бостандыққа шықсам осы салада жұмыс істеймін деген үмітім бар,–дейді айыпталушы.
Асханадан соң тігін цехындағы жұмыспен танысқан уәкіл ондағы жұмыс істеп жатқан айыпталушылармен де сөйлесті. Тігін цехында 56 адам жұмыс істейді. Екі ауысыммен қызмет атқаратын олар Ішкі істер қызметкерлерінің формасын тігеді. Мұнда атқарған еңбектері, жақсы мінез-құлықтары сотталушының жазасының жеңілдеуіне септігін тигізетін көрінеді. Мұнан бөлек колонияда колледж және мектеп бар. Айыпталушылардың 36-сы мектепте білім алып, қырыққа жуығы колледжді аяқтап диплом алыпты.
Колония ішінде жазасын өтеушілердің арыз шағымын оңай жеткізе алуы үшін арнайы терминалдар орнатылған. Президент тапсырмасына сәйкес, привенсиялық механизмді іске асыру мақсатында колониядағы тәртіп бейнекамералар арқылы бақылауда. Айыпталушыларға құқық қорғау қызметкерлерінің зәбір көрсететіндігі жайлы жел сөзді жиі естиміз. «Бүгінде бейнебақылау камералары бұл мәселені толықтай шешті» дейді жазасын өтеушілер.
Мекемедегі жағдайдың жай-жапсарымен танысып болғаннан кейін А.Ластаев кейбір сотталушыларды жеке қабылдады. Уәкілдің айтуынша, шағымданушылардың басым көпшілігі жазамен келіспейтіндігін айтып, айыпты жеңілдетуін сұраған.
Адам құқығы – бала құқығын қорғаудан басталады
А.Ластаев мұнан кейін Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы балалардың жай-күйімен танысты.
Орталықта 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық ауруы бар мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Жүйке-жүйелерінің ауруы "Эпилепсия" диагноздары бойынша тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың қимыл-қозғалысын оңалтуға бар күштерін жұмсауда. Емдік шаралар барысында ROBACTIV Локомотив жүйесі, Модульдік баспалдақ "STEP" түрі мен басқа да заманауи медициналық құрал-жабдықтары қолданылады. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі сапар барысында ерекше балалардың құқықтарының қадағалануы мен қызмет сапасына айрықша назар аударды.
Бүгінде №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тірек-қимылы жүйесі бұзылған балалардың денсаулығында оң өзгерістер байқалуда. Заманауи медициналық құрал-жабдықтар мен оңалту шараларының әсерінен мұнда қимыл-қозғалысы нашар балалардың денсаулығы жақсарған. Басқарма басшысының орынбасары Көпжан Тұрлыбеков пен орталық директоры Камила Ауанасова омбудсменге жалпы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында атқарылып жатқан жұмыс барысын баяндады.
– Қазіргі таңда біздің мекемеде 124 ақыл есі кем балалар қызмет алуда. 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар біздің қызметімізді алады. Балалардың барлығы жатын орынмен, тамақпен қамтамасыз етілген. Олардың ішінде ата-анасы бас тартқан, тұл жетім қалған 25 бала бар. Барлығы да баспана кезегіне қойылған. Ауыр жағдайда, тамақ іше алмайтын арнайы түтікшемен тамақтанатын балаларымыз да бар. Мұндағы медицина мамандарының еңбегі зор. Себебі, мұндай жағдайда баламен қоса ата-ананың да жүйкесі сыр береді. Баласына дәрілік препараттарды салуға тыйым салатын ата-аналар да кездескен. Балалардың ақыл-есі дұрыс болмағандықтан мұндай кезде біздің медицина мамандарының өміріне қауіп төнеді. Сонымен қатар бала да қиналады. Біз мұндай ситуацияларды арнайы мамандардың түсіндіруімен шешіп келеміз,–дейді К.Ауанасова.
Орталықтағы Мехонотерапия, кинотерапия, психологиялық көмек беру бөлмесі, медициналық бекет, монтессори бөлмесін аралап, қызмет барысымен танысқан уәкіл мұндағы жұмысқа жоғағы баға берді.
–Атқарып жатқан жұмыстарыңыз орасан. Оң нәтижелерін де байқауға болады. Дегенмен, ерекше балалардың күтімі үнемі асқан мейірімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Олардың құқықтарының бұзылмауын қадағалау басты назарда болуы қажет,–деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.
Орталықта қазіргі таңда стационарлық жағдайда – 124, ал, күндізгі стационарда – 82 бала қызмет алып жатыр. Оның ішінде тұл жетім, тастанды және асыраушысынан айырылған 25 бала орталық қамқорлығында. Емделушілерге 8 арнаулы әлеуметтік психологиялық қызмет түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар балаларды қоғамға бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген. Медициналық бөлімде физиоемдеу, стоматология мен емдік кабинеттер қарастырылған. Дәрігерлердің тағайындауы бойынша науқастарды емдеу үшін физиотерапиялық бағытта қызметтер көрсетіледі. Орталық директоры Камила Ауанасованың айтуынша, келесі жылы орталықта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қалалық мәслихат қарауына ұсынылмақ.
Арнайы уәкіл Қалалық прокуратурада болып, жеке қабылдау өткізді. Мұнан әрі іссапар Түркістан облысында жалғасын тапты. А.Ластаев маңызды мәселелердің оң шешім табатынын, жіті қадағалауда болатындығын айтып өтті.
Гүлнұр БАЛАБАСОВА