ЖОЛАУШЫЛАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ТАЛҒАТ Избранное

Среда, 02 Август 2023 03:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 649 раз

Қарбаласы көп қалада қоғамдық көлікті пайдаланбайтын адам кемде-кем. Бірі – оқуға, бірі – жұмысқа, бірі – базарға баруға асық. Осындайда бізге қызмет көрсететін – қоғамдық көлік жүргізушілері. Елімізде жыл сайын тамыз айының бірінші жексенбісінде көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Бүгінде қоғам өмірін осы сала мамандарынсыз елестету қиын. Дегенмен таңның атысы мен күннің батысында автобус тізгінінде отыратын қоғамдық көлік жүргізушілерінің еңбегі еленбей жатады. Шынтуайтында күніне мыңдаған адамды діттеген жеріне жеткізу оңай емес.

700

 

Шымкенттік Талғат Белекбаев осындай қызығы мен шыжығы, машақаты көп мамандықты таңдапты. Он бір жылдан бері автобус жүргізетін Талғатты 103 бағытта жүретін көпшілік танып та қалған. Әрдайым күліп, көңілді жүретін, жайдары, иман жүзді жүргізуші халықтың ілтипатына бөленіп үлгерген. Кейіпкеріміз Талғат 4 баланың әкесі. Ол әкеден ерте айырылып, анасы мен қарындасына бас-көз болып, ерте есейген.
– Бала күнімнен жүргізуші болуды армандадым деп айта алмаймын. Рас, ер балалардың барлығы машина айдауды қалайтын. Сол оймен мен де елден қалмай оқып, жүргізуші куәлігімді алдым. Бір кездері камаз айдадым. Кейін өмірдің ағынымен осы салаға келдім. Жұмыстың оңайы жоқ. Барлық жерде қиыншылық болады. Бастысы кәсібімді жақсы көремін. Жұмысымды беріле атқарамын. Бірақ, жауапкершілігі де жоғары. Өйткені біз адам өміріне тікелей жауаптымыз. Табысымыз орта. Отбасымды асырауға жетеді. Қай кезде де күнкөріс мәселесі алдыңғы орында тұрады ғой.
Жолда әртүрлі жағдайлар болып жатады. Көлігіміз бұзылып, тұрып қалатын кездер де болған. Ондайда жолаушыларды артта келе жатқан автобусқа ауыстырып немесе басқа көлік шақыртып жататын сәттер кездеседі. Кейде техника тілін білгендіктен өзім де кірісіп кетемін. Жұмысымыз таңғы бесте басталады. Алдымен жүргізушілер таңертең медициналық тексерістен өтеді. Бұл жерде азаматтардың қан қысымы өлшенеді. Содан соң, алкотестер тапсырады. Бұл жүргізушінің ішімдік ішпегенін бақылайтын арнайы құрылғы. Міне, осы тексерістен өткендер ғана жолға шығып, жолаушылар тасиды, - дейді кейіпкеріміз.
Расында миллионнан асқан қалада қоғамдық көлікпен жолаушы тасу оңай емес. Таңның атысы, күннің батысына дейін қызмет көрсететін жүргізушілердің еңбегі ерен.
Талғатпен жұмысына кедергі келтірмейік деп түскі үзілісінде әңгімелескен болатынбыз. Біздің келетінімізді естіп, жұбайы Іңкәр да келіпті. Арагідік әңгімемізге жары да араласып отырды.
– Талғат автобусын жақсы көреді. Қашан көрсең іші-сыртын сүртіп жүргені. Сондықтан да болар көлігі таза. Қазір жолаушылар да талапшыл, тазалық болсын, жүргізушінің мәдениетіне де қарап жатады. Талғат әрдайым жолаушыларға күліп жауап беріп, көңілдерінен шығып үлгереді. Олай дейтінім, бірнеше жыл қасында кондуктор болып жұмыс істедім. Содан жұмыстың қыр-сырын жақсы білемін. Тіпті таңғы бесте үйден шығып, түнгі онда келетініне де үйренгенбіз. Талғат жұмыста елдің көңілін тапса, үйде мен отағасының көңілін табуға тырысамын, – дейді жары.
Шымкентте тасымалдау саласын модернизациялау бастамасынан кейін жағдай түбегейлі жақсарды. Сервис пен сапаға мән берудің нәтижесінде қалада жайлы, ыңғайлы іші кең автобустар жүреді. Сонымен бірге мегаполиске жаңадан қосылған шеткі ауыл-аймақ та толық жаңа автобустық бағыттармен қамтамасыз етілді және ең бастысы, қоғамдық көліктер бекітілген кесте бойынша жүріп жатыр.
– Шыны керек, «Көлік қызметкерлері күні» деп аталатын арнайы мерекенің бар екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Барша әріптестерімді мерекемен құттықтаймын! Отбасыларына бақ-береке, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тілеймін! Халықпен жұмыс істегендіктен, әрқайсының көңілінен шығу оңай емес. Адамдардың көңілі жақсы болса, маған тіптен жақсы, – дейді жұмысына асыққан кейіпкеріміз.
Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Кейіпкеріміз Талғаттың бойынан осы қасиеттерді көруге болады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.