ЖОЛДАУ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ Избранное

Среда, 04 Октябрь 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 390 раз

Шымкентте академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің сарапшылары студенттермен жиын өткізді. Жиында Мемлекет басшысының халыққа арналған Жолдауындағы экономикалық реформаның негізгі бағыттары талқыланды. Университет басшылары мен профессорлар сарапшылық еткен жиында философия ғылымының кандидаты, доцент Қанатбек Бердалыұлы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдаудың негізгі басым бағыттарына тоқталып өтті.

512

 

–Жолдауда белгіленген жаңа мақсаттар халықтың тұрмыстық жағдайын арттыру мен экономикаға бағытталғаны қуантады. Жаңа бағдарламалық құжаттың экономиканың дамуына негізделгені кездейсоқ емес. Жолдау аясында орта бизнесті дамыту, экспортты ынталандыру, агроөнеркіәсіпті арттыру сияқты міндеттер шешілетін болады деп ойлаймын. Өскелең ұрпақ тәрбиесі мен еңбек адамынның беделін арттыруға назар аударылып отыр. Болашағымыз балалар үшін білім сапасын арттыру, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жайында айтылды. Ал, қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы ауыр өнеркәсіп салаларында жұмыс істейтін азаматтардың еңбек құқықтарын жақсырақ сақтауға мүмкіндік бермек. Бұл әрқайсымыз үшін маңызды. Сондай-ақ, прогрессивті міндеттер де бар, олар ең алдымен, су және энергия үнемдейтін технологиялар саласы, жаңартылатын энергия жобаларын жүзеге асыру. Біз болашағымызға батылдықпен қараймыз, ысырапшылдыққа, табиғи ресурстарды ұқыпсыз тұтынуға орын жоқ, оны болашақ ұрпақ үшін сақтауымыз керек. Мемлекет басшысы осы тұрғыда атқарылуы тиіс нақты қадамдарды көрсетті, – деді Қ.Бердалыұлы.

511


Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда студенттердің де өзіндік көзқарасы бар, жастардың заманауи даму үдерісіне ілескен қуатты толқыны қалыптасуда. Ел болашағына үн қоса алатын нағыз патриот, білімді жастар жиында өз ойларын ортаға салды. Мемлекеттің дамуы үшін маңызды шешімдерді талқылауға және қабылдауға атсалысуға дайын екендерін жеткізді. Бұл – қоғамның одан әрі демократиялануының айғағы.

Әкімдерді сайлау және тәуелсіз бюджет елімізге елеулі өзгеріс әкеле ме?

Сарапшылардың айтуынша, егер әкімдерді халық сайласа, олардың билігі күшейіп, шешім қабылдауда тәуелсіз әрі дербес бола түседі.
–Блоктық бюджеттің идеологиясы қазіргіден басқаша. Әкімге сенім шкаласы бойынша белгілі бір қаржы лимиті, мысалы 100 миллион тенге бекітіледі. Осы қаржы көлемінде ол өз шешімі негізінде әрекет ете алады. Яғни, кез-келген жағдайға дайын, кұбыр жарылса да, желден шатыр ұшып кетсе де, ол оны тез арада жөндей алады. Артынан, белгілі бір уақыттан кейін облысқа есеп беріп, қаржының қайда жұмсалғанын көрсетеді. Осы жүйеге көшу үшін аудан әкімдерін сайлау идеясы қатар жүзеге асуы керек. Беделі кіршіксіз, түрғындардың сеніміне ие болатын, қолынан іс келетін азаматты халық өзі таңдап, әкім етіп сайлауы керек. Сондай жалынды жастарға сенім артылып, мүмкіндік берілсе, олар өзі басқаратын ауданды үш жылдың ішінде адам танымастай етіп өзгерте алады. Жергілікті бюджетке корпоративті, жеке табыс салығымен бірге қосылған құн салығы да берілмек. Демек, әр аудан әкімі бұдан былай өз жерінде бизнес нысандарының көп болуына, олардың салық төлеуіне мүдделі болады. Көп салық жинадың ба, ол ақша өз ауданыңның бюджетінде қалады. Баяғыдай тек жоғары тұрған бюджеттің бергенін ғана игеріп отыратын тиімсіз кездер артта қалмақ. Аудандар бизнесті тарту, қызық локациялар ашу, креатив бойынша бір-бірімен бәсекелесе бастайды. Осы ретте инфрақұрылым да түзеліп, түрлі кәсіптің пайда болатыны анық, – деді академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің тәрбие және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Берік Садықов.
Жолдаудағы толғақты мәселенің бірі АЭС салу мәселесі болды. «Қазақстанда АЭС салу тақырыбы аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналған. Оған қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданады» делінген Президент Жолдауында. Бұл ауқымды мәселе жастарды да бей-жай қалдырмады. Өздерін алаңдатқан сұрақтарды сарапшыларға жолдап, ойларын ортаға салып, референдум арқылы мәселені шешуді қолдайтындықтарын жеткізді.

Агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін үш жылда 70 пайызға жеткізу керек

Президент өз Жолдауында алдымызда тағы бір өте маңызды міндет - агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау тұрғанын айтты. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырғандығымызды атап өткен болатын.
«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты - Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең әуелі, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде түрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек» – деді Қ.Тоқаев
–Президенттің айтуынша, ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған жөн. Сонжай-ақ Президент дарынды әрі креативті азаматтарға өз әлеуетін толық ашуы үшін жағдай жасау керек екенін айтты. Президент елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отырғанын айтты. Бірақ ол мұнымен тоқтап қалмау керек деп есептейді. Президенттің сөзінше, кейінгі жылдары қабылданған шаралардың арқасында шағын және ірі бизнес түрақты дами бастады. Алайда орта кәсіпкерліктің даму қарқыны әлі де бәсең. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге жасалатын жағдай жақсара түспек,– Берік Садықов.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.