Жүнді өңдеу бірнеше сатыдан тұрады: жуып, кептіру, жүн сұрыпталып қоқымнан қолмен тазартылады. Бұл шаруа асықпай атқарылатын болғандықтан бірнеше күнге созылатын. Жүнді тулақ үстіне жайып қойып, айналасына әйелдер отырып қолына сабау алып, жүнді баппен сабаған. Бұл жұмыс әбден жаттығып икемделгенше оңайға соқпаған. Сабап болған соң жүнді қолмен түткен немесе қолмен ұстап отырып тарауға арнайы жасалған тұтқалары бар тарақпен түткен. Ол тарақ әрқайсысының иілген темір тістерінің бағыты қарама қарсы икемделіп орнатылған екі тақтайдан тұратын болғандықтан сабап жуғаннан кейін қалып қойған ұсақ қоқымдар түгел түсіп әбден тазаланып үлпілдеген жұмсақ күйге енетін. Ұршықтың көмегімен жүнді иіріп, өте сапалы жіп әзірленетін болған.
Ежелгі заманның жүнді ұршықпен иіру тәсілі бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Ұзындығы 20 метрдей жіпті иіру үшін ісмер әйел мөлшермен 3 сағаттай уақытын жұмсаған. Жүн иіру уақытына шектеу жоқ. Кез келген қолы босаған сәтте әйел қолына ұршығын алып жібін иіре берген. Жіпті иіріп болған соң табиғи жолмен алынған түрлі түсті бояуларға бояған. Жіпті бояйтын бояуды даярлау, жүнді бояу, бекіту жұмыстарының бәрі бояу сұйықтығын ұдайы отта ұстаумен іске асатын.
Тоқу өнері - қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, көрші халыктардың өнер шығармашылықтарымен толысып, дамып, әсемдігімен, көркемдігімен көз тартып, эстетикалық талғамда өркендей бермек.
Ж.МАЛИКОВА, А.ЕРГЕШБАЕВА
М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжі
Арнайы пән оқытушылары