Келісім комиссиясының сот шағымдарын қараудағы жұмысы талқыланды

Понедельник, 30 Октябрь 2023 09:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 663 раз

WhatsApp Image 2023-10-30 at 14.16.04

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Палата директоры, прокуратура басшылары мен судьялар, мемлекеттік кіріс департаментінің өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Майя Исаеваның мәліметінше, 2023 жылдың басынан бергі 9 айда 9 отырыс өтіп, 77 материал қаралған.

«Осы материалдардың ішінде 55 материал бойынша сотқа шағым түсірілсе, 22 материал бойынша сотқа шағымданудың негізі жоқ деп табылған. Тиісінше, комиссия сол компаниялардың дәлелдерін қабылдап, оң шешім шығарып отыр, істер сотқа өтпеді. Келісім комиссиясы жұмысының биыл қарқынды жүргізілуі кәсіпкерлер үшін оң үрдіс деп айтуға болады. Себебі, қалалық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының мәліметінше, былтырғы тиісті мерзіммен салыстырғанда кәсіпкерлердің келісімдерін жарамсыз деп тану екі есеге азайып отыр. Нақты айтқанда, 2022 жылы сотқа 182 шағым түсірілсе, 2023 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша сотқа түсірілген шағым саны 92 болып отыр», – дейді Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Майя Исаева.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Серік Сейтжанұлы соттарда қаралған істердің санына тоқталып, алдағы уақытта осындай шағымдарды қарау барысында олардың алдымен келісім комиссиясында қаралғанына назар аударылатынын айтты.

Кеңес отырысына қатысушылар жиын соңында салық органдарының кәсіпкерлердің келісімдерін жарамсыз деп тануына байланысты сотқа шағымдарын келісім комиссиясында қарауды жалғастыру туралы келісімге келді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.