«CАҒАН ОН ЖЫЛ, САҒАН ДА ОН ЖЫЛ...» Избранное

Пятница, 15 Март 2024 05:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 542 раз

Біздің соттарға «Дала заңы» шот емес сияқты

Редакцияға мақала келді. Судьядан. Біліктілігін арттыру, көрсету үшін олар мерзімдік басылымдарға шығып тұру керек. Есепке алынады. Хош.

sot12

 

Қазақстандағы сот жүйесі туралы жақсы жазыпты. Ананы оқып отырып Л.Гайдайдың «Кавказская пленница» кинокомедиясындағы Г.Вицин образын жасаған суаяқ еске түсіп кеткені.
Сотқа тартылғанда «Дүние жүзіндегі ең әділ, әрі ізгі Совет соты жасасын!» деп ұрандайтыны бар еді ғой.
Біздің судьяның жазғанына қарасаң келмеске кеткен КСРО-ның соты емес біздің Қазақстанның сот жүйесі ең мықты екен. Өз көзімізге сенбей кей тұсын қидалап тастадық. Қайшыға іліккен ойлардың бірі мынау.
«Бүгінгі Қазақстанның сот жүйесі әлемнің ең озық мемлекеттерінің халықаралық деңгейде танылған стандарттарына сәйкес келеді».
Мұны неге қадап айттық?!
Шымкент қалалық сотының жанында қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Біз де мүшесіміз. Біздің міндет – Жоғарғы Сот тағылымдамасынан өткен, емтихан тапсырған судьялар мен үміткерлерді қоғамдық кеңестің тезінен өткізу. Бұрынғы облыстық сот төрағасының орынбасары дәргейіне дейін өскен Ақылбек Елшібаевтың төрағалығымен өткен кеңестің дені сот саласының ардагерлері, адвокаттар алқасының мүшелері.
ҚР Жоғары Сот Кеңесі судьяларының бос орындарына орналасу үшін конкурс жарияланған. Оған қатысу үшін 6 судья, судья лауазымына үміткер 4 азамат өтініш білдіріпті.
Алдымыздан өтіп жатыр. Сұрақтар жаттандылау. Қызмет өтілі, бұрын қайда істегені, теріс сипаттайтын мәліметтердің бар-жоғы, т.б.
Ой келді. Осы біздің судьялардың Қазақтың Дала заңы -- «Жеті жарғы», «Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолынан» хабары қалай? Абақты ұстамаған қазақ даласындағы медиацияның түп қазығы неге тіреледі, қылмыскерлер қалай жазаланады?!
Бұл сауалды үміткерлерге емес, осы конкурсқа қатысып жатқан, ішіндегі біліктісі деген, үлкен қалаларда судья болған, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясын тәмамдаған, бүгінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасына қойдық.
Айтсам, жаға ұстайсыздар ғой. Қазақтарда көршілеріндей зындан, абақты болмауы ұдайы көшіп жүруіне ғана байланысты екен. Яғни, зындан, түрмеге ықыласы болғанымен, қарауға уақыты жоқ сияқты.
Ал, барымташылар елден шығарылады екен. Былай айтқанда артынан бір теуіп, «кет, оңбаған» дегенге келеді. Барымта жалғыз ұрының қолы емес, оған көрші рудың әрекетіне наразы болған атқамінерлердің кек қайтару үшін де топ аттандыратыны туралы сөз жоқ.
Барымтаға бардың деп мықты жігіттерді елден шығара берсе, сол тайпаның намысын кім жыртады, қорғаны қайда?
Бұдан кейін ер құны, жесір дауы сияқты от мәселелерді дала билерінің қалай шешкендігі, кесігі туралы сұрау артық еді..
Кеңес төрағасы сыпайылап қана бұл судьялардың емтиханнан өткенін, мұндай сұрақ құзыретімізге кірмейтінін ескертті.
Осыдан кейін біздің де талағымыз тарс айырылды. Судьялар әбден білуге тиіс «Дала заңына» қатысты сұрақ қоюға болмаса өзімді кеңес құрамынан шығаруды өтіндім. Сөйтсем, қабылданған ереже бойынша екі жылсыз шыға алмайды екем.
Әсілі, әбден соттасып үйреніп қалған, судьяның, прокурордың не ойлап тұрғанын айтқызбай-ақ біліп қоятын журналист Амангелді Батырбеков мүше болатындай-ақ кеңес екен.
Жарайды, біз-ақ біліксіз болайық. Қазақстан Соты мақала басында судьяның негіздегеніндей ең мықты екен. Әбден жүйеленіпті. Кемшілік таппайсың. Енді сұрақ?
Сарыағаш аудандық соты бір кездері көршісін балталаған қылмыскерді мерзімнен бұрын босатып жібереді. Көзі қызарған педофил көп ұзамай көршісінің бүлдіршін қызын зорлап, өлтіріп қояды. Қоғамда үлкен резонанс туғызған осы мәселеде судьяның жауапсыздығы танылды. Әрі қарай тереңдемей-ақ қоялық, бірақ ел ішінде соттардың адалдығына, баяғы билердей қара қылды қақ жара алмайтын әділетсіздігіне мысал көп.
Дүниеде ең мықты, әділетті ұлт туралы сөз болса, қазақ орта шегінде жүреді. «Тура биде туған жоқ» деген мәтелдің иесі біз емес, халық. «Жеті жарғымен» ел ішін тең ұстаған, телі мен тентегін тыйған кешегі билердің, ақсақалдардың кеңесі мен кесігі бүгінгі судьяларға керек болмаса жетіскен екенбіз. Ар соты сол ғой.
Сот та, прокурор да білікті, білімді, ұлтжанды, әділ болуы үшін бабаларының өткенін білуі керек. Олардың ізгі амалдарын бойына сіңіру үшін тарихын таразылап, содан қуат алуы керек.
Бұл жайт тек Соттарға, құқық қорғау орындарына ғана қатысты емес. Шегесі шығып, топсасы босап тұрған салаларымыз көп.
Қалалық білім басқармасында мектеп директорлығына үміткерлерді аттестациядан өткізетін қоғамдық кеңестін мүшесі болдық. Бұрнағы жылы. 10 үміткер қатысты. Екеуі ғана көңілден шықты. Біздің Алаш қайраткерлері киіз туылдырықты қазақты өзге мықты елдермен теңестіру үшін білімнен бөлек жандарын да аямады. Сол үшін отқа түсті. Болашақ директорларға осы сипатта сұрақтар қойдым. Ұлт көсемі
Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген мық шегедей пікірін ешбірі негіздеп бере алмады. Онда да өкпеміз қара қазандай болып кетіп едік. Қазаққа мына ұланғайыр жерді ешкім сауғаға берген жоқ. Бүгінде біз мықтымыз дейтін кейбір ұлттардың демінен нан піседі. Ал, неге олардың ата-бабалары қуықтай жерін кеңейте алмады?!
Яғни, ұлтқа табан тірегің келсе, кешегі ер түрік бабаңның істегенін істе, тарихын біл, кейінгі ұрпаққа айтар ғибратың сол болсын.
Осындайда еске түседі. Кеңес өкіметінің қанқұйлы саясаты қазақты отап түсті. Қырғынға ұшыратты. Ноқтаға басы сыймаған еркін қазақтар әр жерде көтеріліп жатты. Соның бірегейі – Созақ көтерілісі.
Көтеріліс пулемет, зеңбіректің күшімен басылды. Прокурор шетінен соттап жатыр. Аузынан шығатын кесігі – 10 жыл. Бір аңқау қазақ та көтерілісшілердің ішіне жазатайым кіріп кеткен екен. Бәріне кесік айтылғанда бұ байқұстың аты-жөні аталмай қалыпты.
– Мені атамадыңыз ғой? – дейді соры арылмаған байқұс.
Прокурор түйіліп тұрып «саған да он жыл» деген екен.
Сот жүйесі осындай болмаса екен, жазықсыз жандарды сорлатпаса екен дейміз. Ол үшін оған жан-жақты білім керек. Ал, ол даналық кешегі Ұлы даланың билерінің кесігінде, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ғибратында жатыр.
«Ел болам десең бесігіңді түзе» дейді дана қазақ Мұхтар Әуезов. Халқымызда «Өткенді еске алған – өскендіктің белгісі, өткенді ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген аталы сөз бар. Осыны ұмытпаңыздар.