МЕМҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

Среда, 20 Март 2024 05:04 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 323 раз

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау, олардың бұзылуына жол бермеу бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер тарапынан Әдеп қағидаттары мен стандарттарын сақтауға басымдық беріп, аталған бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп отыр.

 

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде белгіленген қағидаттар мемлекеттік қызметшінің атқаратын қызметінің аса маңыздылығы мен оған ерекше жауапкершілік жүктелетінін айқындайды. Мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттары мемлекеттік қызметшіге жоғары талап қояды. Осы ретте, әрбір мемлекеттік қызметші өз іс-әрекетін, мінез-құлқы мен адалдықты жеке мүддесінен жоғары қоюға міндетті. Халықтың тарапынан сынға ұшырамау үшін әрбір мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің әдеп қағидаттарын қатаң сақтауы керек.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті бүгінде бұзушылықтарды алдын-алу шараларын атқаруға, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстарды атқаруға басымдық беріп келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуы бойынша мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде жұмыс уақытынан тыс жұмыс атқарған 32 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтіріліп, оларға тынығу уақыты берілді. Мәселен, Шымкент қаласының әкімдігіне қарасты басқармада жүргізілген мониторинг барысында 6 қызметшінің жұмыстан тыс уақытта жұмыс орнында отырып, еңбек еткені анықталған. Мәселені зерделеу барысында мекеме басшысының қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту туралы бұйрықтың қабылданбағаны айқындалды. Департамент тарапынан қабылданған шаралар нәтижесінде аталған қызметшілердің барлығына үстеме жұмыс атқарғандары үшін тынығу уақыты беріліп, құқықтары қорғалды.
Сонымен қатар, департамент тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын беру және іссапар шығындарын төлеу талаптарының сақталуына қатысты жүргізілген талдау қорытындысы бойынша 23 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілген. Атап айтқанда, талдау барысында Шымкент қаласының әкімдігіне қарасты 5 басқармада қызметшілерді іссапарға жіберу барысында тәулікақының кем төленуіне қатысты 11 дерек және тұрғын үй жалдау шығындарының кем төленуіне байланысты 6 дерек анықталған. Департамент қабылдаған шаралар нәтижесінде аталған қызметшілердің барлығына тиісті төлем төленіп, аталған басқармаларда қызмет атқаратын 17 қызметшінің құқығы қорғалды.
Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде әдеп нормаларын сақтамау деректері бойынша тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілердің үлесі 40 пайызға төмендеген. Бұдан бөлек, 2023 жылы Әдеп жөніндегі кеңестің 8 отырысы өткізіліп, онда 45 мәселе қаралды. Олардың 70 пайыздан астамы профилактикалық сипатта болып, әдептілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды, 2 қызметшінің құқығын қорғау қамтамасыз етілді. Жыл қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес ұсыныстары 100 пайыз орындалды.
2023 жылы департамент тарапынан 19 тексеру мен профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесі бойынша 260-тан астам бұзушылық анықталған. Бақылау шараларының нәтижесі бойынша қабылданған шаралардың арқасында 9 қызметшінің құқығы қорғалған. Агенттіктің үйлестіруімен әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 240-тан астам азамат пен мемлекеттік қызметшілерге жеке консультативтік көмек көрсетілді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан осындай бұзушылықтарды болдырмауға, олардың алдын алуға, азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да кеңінен жүргізіледі.

Д.ЖАНЫСБЕК,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша
департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.