АДАЛ БОЛУ – АБЫРОЙЛЫ ӘРІ ТИІМДІ Избранное

Среда, 27 Март 2024 05:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 162 раз

немесе жалпыға ортақ декларациялау салық мәдениетінің артуына ықпал етеді

Ұлттық құрылтайдың Атырау қаласында өткен үшінші отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндеті Әділетті Қазақстанды орнату екенін айта келіп: «Шын мәнінде, әділдік, ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында» деп, тұжырымды ой айтты.

Deklara

 

Біздің елімізде отаншылдық жайлы әңгіме көп айтылады. Бірақ, көптеген азаматтарымыз өз құқығын талап етуге белсенді болғанымен, өзінің Отан алдындағы борышын орындауда, мемлекеттің, қоғамның, жұмыс берушісінің, тіпті, өз отбасының алдындағы міндеттерін орындауға келгенде салғырттық танытып жатады. Яғни, бізде әділеттілікті талап ету бар да, жауапкершілікті мойынға алып, көтеру жағы кемшін. Бұл жағдай өзгермейінше, біздің елімізде әділетті қоғамның орнауы екіталай.
Азаматтың мемлекеттің және қоғам алдындағы ең әдепкі әрі маңызды міндеттерінің бірі – салық төлеу, салықты уақтылы және толық көлемінде төлеу. Салық мәдениеті қалыптаспайынша, біздің қоғам ешқашан алға баспайды. Өркениетті елдерде салықтан жалтару — ең үлкен қылмыс, ұятты іс болып есептеледі, ал, біздің қоғамдық санада, керісінше, әртүрлі жолмен салықтан жалтару пысықтықтың, «мықтылықтың» белгісі ретінде бағаланып жатады. Бұл – ұлт сапасына кері әсер ететін жағымсыз құбылыс.
Әділеттілік пен адалдық жайлы күндіз-түні насиxат айтқанымызбен, жұрттың бәрі бірдей адал азамат болып кетпейтіні бесенеден белгілі. Сол үшін мемлекет бүгінде көлеңкелі экономиканы шектеп, салық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін түрлі құқықтық тетіктерді іске қосып жатыр. Соның бірі 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен қолданысқа енгізіле бастаған жалпыға ортақ декларациялау дер едік.
Елімізде декларациялау 2021 жылы басталды. Оның түпкі мақсаты – жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құру. Сондай-ақ, әділ салық салуды қамтамасыз ету мен әлеуметтік саясатты жетілдіру көзделген. Соның арқасында мемлекет сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуді көздеп отыр. Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңі аясында мемлекеттік қызметкерлер мен оған теңестірілгендер және олардың жұбайлары, барлығы 580 мыңға жуық адам кірістері, активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырды. Ал, 2023 жылы бюджеттік ұйымдардың және квазимемлекеттік сектордың қызметкері мен олардың жұбайлары, жалпы 2 миллионнан астам азамат декларация тапсырды.
Биыл жалпыға бірдей декларациялау жөніндегі науқанның үшінші кезеңі басталды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке декларацияны кәсіпкерлер, сондай-ақ, олардың жұбайлары ұсынады. Науқанға шамамен тағы 4 миллионға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Азаматтардың қалған санаты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тапсырады. Осылайша, 2025 жылы 13 миллионнан астам декларация рәсімдейді деп күтіледі.
Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Алтынбектің айтуынша, декларацияның ресми атауы – 250.00 форма. Бір жылдан кейін, яғни 2025 жылы бұл форма орнына кәсіпкерлерге кірістер мен мүлік туралы декларацияны – 270.00 форманы тапсыру керек болады.
Бөлім басшысының айтуынша, декларацияда Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі барлық мүлік көрсетілуге тиіс. Атап айтқанда, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, 10 мың айлық есептік көрсеткіш (АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, сондай-ақ шетелдегі жылжымайтын мүлік пен автокөлік құралдары декларациялауға жатады.
Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасы уәкілетті органдармен жұмыс бөлімінің басшысы Мақсат Рахымбаевтың айтуынша, декларацияны жеке кәсіпкерлер, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың, заңды тұлғалардың басшылары, соның ішінде директорлар кеңесінің төрағалары, заңды тұлғаның алқалы басқару органының бірінші басшылары, жеке басшылар, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің төрағалары, заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен қатысушылары тапсыруға міндетті. М.Рахымбаевтың сөзіне сүйенсек, филиалдар мен өкілдіктердің басшылары, тұрғын үй/саяжай кооперативтерінің мүшелері және діни бірлестіктердің бастамашы азаматтары мұндай декларацияны тапсыруға міндеттелмейді.
– Бұл талаптар жұмыс істемейтін және уақытша тоқтатылған кәсіпорындарға да қолданылады. Сондықтан болашақта кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғысы келмейтін кәсіпкерлерге жұмыс істемей тұрған жеке кәсіпкерлікті тездетіп жабуды ұсынамыз. Ал, заңды тұлғалардың енді ұйымды таратуға уақыты болмайды, сондықтан олар міндетті түрде декларация тапсыруға мәжбүр болады, – дейді Мақсат Рахымбаев.
Мамандар бағалы қағаздар, цифрлық активтер, үлестік қатысу шарттары, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 36,92 миллион теңге (10 мың АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, нотариалды куәландырылған қарыз шарттарынан бөлек, құны 3,4 млн теңгеден асатын мүліктердің де (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар) жалпыға бірдей декларациялауға жататынын айтты.
Айта кетейік, декларацияны «e-salyq­azamat», «салық төлеуші кабинеті», «электрондық үкімет» мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ, бүгінгі күні екінші деңгейлі банктердің қосымшаларында декларацияны тапсыру функциялары іске қосылды. Декларацияны қағаз түрінде де, электронды түрде де 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет екен. Мемлекеттік кірістер органдары декларациялардағы көрсетілген деректердің дұрыстығын 2026 жылы ғана тексере алады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, салық кодексінде тәуекелдің үш дәрежесін қарастыратын камералдық бақылау бар. Олар: төмен, орташа және жоғары тәуекел. Төмен дәрежелі тәуекел үшін ештеңе болмайды. Тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтар бойынша хабарлама беріледі. Тәуекел дәрежесі жоғары бұзушылықтарға хабархат жіберіледі.
Мамандардың айтуынша, декларацияны бірінші рет ұсынбаған жеке тұлға ескерту алады. Ал, келесі жылы тапсырмағандарға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Декларацияда толық емес немесе бірінші ретте анық емес мәліметтерді ұсынғаны үшін ескерту жарияланады. Бір жыл ішінде шартты қайталап бұзғандар 3 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.
Бүгінде Шымкент қаласында 131 мыңнан астам кәсіпкерлік нысан белсенді жұмыс істеп тұр. Қазір осы кәсіпкерлердің кейбірі заңға қайшы болғанына қарамастан электронды төлем тәсілдерінен бас тартып, тек қолма-қол ақшамен төлем қабылдап жатыр. Олар осы құйтырқы әрекеті арқылы кірістерін азайтып көрсетіп, салықты толық көлемде төлеуден жалтарғысы келеді. Бірақ, салық органдары кәсіпкерлерді «өтіріктің арты бір тұтам» екенін ұмытпауға шақырады. Себебі, бизнесмен қазір табысын жасырып, салықты азырақ төлегенімен, күні ертең сол салығы төленбеген қаржыны жұмсауына тура келмей ме? Қаржыны туыстардың есепшотына аудару арқылы салықтан жалтаруға тырысу да құтқармайды. Себебі, кәсіпкердің өзі болсын, туысы болсын кез-келген азаматтың ірі көлемдегі шығындары мемлекеттік кіріс органдарының қызығушылығын тудырады. Егер азаматтың шығындары декларацияда көрсетілген ресми кірісінен асып кетсе, ол ақшаның қайдан келгенін түсіндіріп, дәлелдеп беруге тура келеді. Сондықтан, ол ақшаның есебін Сіз бермегеніңізбен, туысыңыз береді деген сөз.
Егер жеке тұлға салық органдары өкілдеріне ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмаса, сол ақшаның 10 пайызы көлемінде жеке табыс салығын төлеуіне тура келеді. Бұл жеке кәсіпкерлер төлейтін 3 пайыздық табыс салығынан әлдеқайда көп. Оның үстіне салық органдары кәсіпкердің өз кірісін жасырып, азайтып көрсеткенін анықтаса, оған көп мөлшерде айыппұл салуы әбден мүмкін. Демек, ендігі жерде кәсіпкерлерге де, басқа азаматтарға да заң шеңберінде әрекет етіп, адал болу әлдеқайда тиімді болмақ. Міне, осылайша жалпыға ортақ декларациялау баршамыздың біртіндеп адал азаматқа айналуымызға, сол арқылы әділетті қоғамның орнауына елеулі әсерін тигізбек.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.