Инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа созылады. Ауру үдеген жағдайда адамның иммунды жүйесі әлсіреп, туберкулез секілді немесе иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунистік (әртүрлі типтегі иммун тапшылығы бар науқастарда дамитын жұқпалы аурулардың үлкен тобы) инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін. Инфекцияның жоғарыда аталған кеш белгілерінің жиынтығын жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (әрі қарай ЖИТС) деп атайды. Яғни жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) –АИТВ инфециясының соңғы кезеңі. Бүгінде аталмыш аурудан толық айықтыратын дәрі не вакцина жоқ, десе де, антиретровирусты терапия арқылы ауру ағымын баяулатып, науқастың өмірін ұзартуға, АИТВ жұқтырған әйелге антиретровирусты терапия жүргізу арқылы нәрестеде аурудың дамуын алдын алуға болады.
Ескеретін жайт, қазіргі таңда АИТВ жыныстық қатынас арқылы жиі тарайтыны анықталып отыр. Сондықтан кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтанып, қауіптің алдын алған жөн. Сондай-ақ АИТВ ортақ иньекциялық есірткі тұтынғанда, АИТВ жұқтырған анадан балаға жүктілік, босану кезінде және ана сүті арқылы жұғады. Бассейн, монша, душ, дәретхананы пайдаланғанда, қол алысқанда, құшақтасқанда, маса шақанда немесе басқа да жәндіктердің шағуы кезінде, АИТВ-жұқтырған адаммен бірге ыдыстарды, киімдерді, дәретхананы ортақ пайдаланғанда жұқпайды.
АИТВ-ны анықтаудың жалғыз әдісі – қанды зертханада тексеру. Әр азамат тіркелген өз емханаларында, ЖИТС орталығында, сенім бекеттерінде АИТВ-ға ТЕГІН тексерілуіне болады.
Б. СЫРБЕК,
Шымкент қаласы ЖИТС орталығының бас дәрігері
Ғ.СЫДЫҚОВ,
Шымкент қаласы ЖИТС орталығының эпидемиологы