СКРИНИНГ – ДЕНСАУЛЫҚ САҚШЫСЫ

Пятница, 03 Май 2024 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 71 раз

Скрининг азаматтардың денсаулығына шағымы жоқ болса да, белгілі бір жас аралығында адам бойында кездесуі мүмкін ауруларды ерте сатысында анықтау үшін қажет. Яғни, дерттің алдын алу үшін тұрғындарды профилактикалық медициналық тексеру. Азаматтар емханаға бір рет барғанда арнайы тексеру әдістерін қолдана отырып, қатерлі ісік немесе басқа да аурулардың (скрининг түріне байланысты) алдын алуға немесе олардың пайда болу ықтималдығын уақытында анықтауға мүмкіндік тудырады.

 

Скринингтен өткізу «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» ҚР ДСМ м.а. № 174 бұйрығымен реттеледі.
Медициналық сақтандыру қажет пе?
Профилактикалық қарап-тексеру және скрининг бойынша медициналық көмек ТМККК және МӘМС бойынша көрсетіледі. Учаскелік дәрігердің қабылдауы тегін медициналық көмек шеңберінде жүргізіледі. Сондықтан сақтандырылған тұлға мәртебесі қажет емес.
Алайда пациентті консультациялық-диагностикалық қызметтерге (кардиолог, эндокринолог және офтальмологтың консультациясы, талдаулар алу, рентгеннен өту немесе қандай да бір басқа тексерулерден өту) жіберу үшін азаматтың сақтандырылған мәртебесі керек. Өйткені бұл қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.
Жас ерекшеліктері бойынша скрининг қалай бөлінеді?
30-39 жас аралығындағы әйелдер мінез-құлық қаупі факторларын ерте анықтау мақсатында скринингтен өтеді. Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмен болуына немесе алкогольді шамадан тыс тұтынуға қатысты пациентке салауатты өмір салты және дұрыс тамақтану жөнінде ұсынымдар беріледі.
40 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау үшін скринингтен өтеді. Қан қысымының, холестериннің, қан глюкозасының деңгейі мен дене салмағының индексі анықталады.
30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойыны обырын ерте анықтауға тексеруден өтеді. Оның ішінде ПАП-тест және тереңдетілген диагностика – (бейне) кольпоскопия, биопсия және гистологиялық зерттеу бар, бейінді мамандардың консультациясын алады.
40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырын ерте анықтау үшін екі проекцияда маммографиялық тексеруден өтеді. Қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – нысаналы маммография, сүт бездерінің УДЗ, трепанобиопсия, пункциялық немесе аспирациялық биопсия, гистология, бейінді мамандардың консультациясы жүргізіледі. 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер гемокульт-тесттің көмегімен колоректалдық обырды ерте анықтауға тексеруден өтеді. Болмаса, қажет болған жағдайда тереңдетілген диагностика – толықтай бейнеколоноскопия, оның ішінде наркоз, эндоскопиялық шертпелі биопсия, гистологиялық зерттеу арқылы мамандардың консультациясын алады.
Мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы, яғны оның азаматтары. Ал, әрбір азаматтың басты байлығы – денсаулық. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, Шымкент қаласының әрбір тұрғынын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қауіптің алдын алуға шақырамыз.

Алтынай АҚЖІГІТОВА,
Шымкент қалалық №2 аурухананың
СӨСҚ дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.