САЛҒЫРТТЫҚ САН СОҚТЫРАДЫ

Среда, 26 Июнь 2024 04:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 42 раз

Жаздың ыстығында күнге және ыстық құмға қыздырыну, салқын суға шомылу жанға сондай жайлы. Алайда, «Су сенің досың және дұшпаның» деген тәмсілді де естен шығармау керек.

 

Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік ережелері мен шараларын сақтамаудың соңы өкінішті жағдайға душар етуі мүмкін. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін төмендегі ережелерді орындаған жөн:
– Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз;
– Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз;
– Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар;
– Суда ұзақ шомылып, өзіңізді шаршап немесе тоңып, қалтырауға дейін жеткізбеңіз;
– Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз;
– Қоршау белгілерінен, буйлардан тысқары аумаққа шықпаңыз;
– Техникалық ескерту белгілерінің, буйлардың және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.
Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылу қауіпті. Себебі, инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ағын суда ұзақ «өмір сүреді». Мәселен, іш сүзегі – 183 тәулік, дизентерия – 12-92, оба – 4-92, туляремия – 7-31, бруцеллез – 4-45 тәулікке дейін тіршілік етеді.
Суық суда шомылып, қол-аяқтың тырысып қалуына әкеліп соқса:
– жүзуді тоқтатып, суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз, сабыр сақтаңыз;
– қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз;
- балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп, қол-аяғыңыздың басын қысып, бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз немесе аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз;
– тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.
Егер шомылу кезінде иірімге тап болсаңыз:
– кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз.
– Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз;
– Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып, жағаға қарай жүзіңіз.
Суда ұзақ шомылу шаршап-шалдығуға әкеліп соғады. Егер суда шарашасаңыз немесе тоңсаңыз тез арада жағаға қайтыңыз. Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз, шалқалай жатып қолыңызды бұлғап көмекке шақырыңыз.
Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта суық өтіп, қайтыс болады (5-7С 2-ші дәрежелі гипотерамия).Ал, 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады.
Организмнің жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек келеді, ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады.Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болуы мүмкін. Сондықтан суық суда әрбір секунд қымбат.
Суда қатерге ұшыраған адамға көмек көрсеткенде:
– мүмкіндігінше тездетіп қолдан дем алдыру тәсілі арқылы оттегі жетіспеушілігін жою керек;
– адамды судан алып шыққаннан кейін оның киімін беліне дейін шешіп, демалу жолдарының жоғары жағын және асқазанын судан босатуға кірісу керек;
– суға тұншыққан адамның аузын азу тістерінінің арғы жағынан саусақпен қармай немесе қол орамалмен, шай қасықтың сабымен немесе жалпақ темір затпен ашу керек;
– Ауыз ішін шырыш пен балдырдан тазалау керек;
– адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің, бүгілген аяғының үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып баса беру қажет. Ең жеңіл және тиімді тәсіл – «ауыздан ауызға» немесе «ауыздан мұрынға» ауа үрлеу.
Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.

Жаңбырбай МАМЫТ,
ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ-нің Шымкент қаласы
бойынша Филиалының фельдшері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.