ТУ ТҮБІНДЕ ТҰТАСЫП бейбітшілікті насихаттап жүр Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 04:32 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 289 раз

12 маусым күні Астана қаласынан AMANAT партиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен шыққан «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруі Шымкентке келіп жетті. Ұлттық киім киіп, еліміздің туын ұстаған 50 шақты адам 10 мың шақырым жолды жаяу жүріп өтуге ниетті.

TUUU

 

Бірінші аялдама Қырғызстан болған. Шеру Орталық Азияның Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттері мен Ресей Федерациясы тұрғындарына қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсетпек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шеруге қатысушылардың көздегені – осы елдермен мәдени қарым-қатынасты арттыру және халықтар арасындағы байланысты нығайту. Айта кетейік, үшінші кезеңде қатысушылар Еуропа мен Азияның 18 елін аралайды.
– Біз Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың 16 елі бойынша 9 мың шақырымға жуық жолды –16 маршты жаяу бағындырдық. Осынша шақырым жолдың әрбір метрінде, километрінде біз өз туымызды биік көтеріп алып жүреміз. Жолымызда кездескен әрбір адамға өз еліміз туралы толыққанды мәлімет береміз. Біздің басты миссиямыз – елімізді әлемге таныту. Шерудің алғашқы кезеңі аяқталғаннан кейін келесі сапарға дайындаламыз. Еуропа мен Азияның 17 елін аралаймыз, – дейді шерудің атқарушы директоры Руслан Абдуллин.
Халықаралық шеру халықтың қаржылық қолдауымен өтіп жатыр. Байқағанымыз, шеру қатысушылары отбасыларымен жүр. Шерушілердің ең кішісінің жасы – 4-те. Ал, ең үлкені 79 жастағы қырғыз ақсақалы сапта ту ұстап жүр. Бейбітшілік пен бірлікті дәріптеген шерушілерді барлық жерде жақсы қарсы алып, шығарып салуда.
Оларды Шымкент жұрты да салтанатты түрде қарсы алды. Пушкин кітапханасында өткен кездесуде ән шырқалып, шерушілердің дәстүрлі «Шаңырақ» флэш-мобы көрсетілді. Кітапхана залында шерудің тарихын бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылған.
Айта кетейік, шеру 1995 жылы, Қазақстанның бір топ белсендісі шиеленіске қатысушы тараптарды келіссөз үстеліне отыруға шақыру үшін Шешенстанға барған кезінен басталған.
– Біздің міндет – еліміздегі тазалық пен нұрдың басты жасаушысы халық екенін көрсету. Барлық жерде Қазақстанның туы мақтанышпен желбірейді. Білесіз бе, біз Кавказды аралап жүргенімізде жергілікті тұрғындар тоқтап қалды, кейбірі қазақша хабарласты. Өткен ғасырдың 40-жылдарында қазақ топырағынан пана тапқандар осы естелікке адал болып қалды, бірнеше ұрпаққа жеткізді, – дейді шерушілер.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.