АПТАП ЫСТЫҚТА АБАЙ БОЛАЙЫҚ!

Среда, 26 Июнь 2024 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 302 раз

Күн суық мезгілде шуақты күндерді сағынатынымыз анық. Алайда, аптап ыстықтың да қаупі жетерлік.

 

Күн астындағы демалыстан кейін кездесетін әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, жүрек айну немесе құсу секілді жағдайлар баршаға таныс. Қатты қызып кеткеніңізді күн астында тұрған уақытта ғана емес, бірнеше сағаттан кейін де сезінуіңіз мүмкін. Күн сәулесі адамдарға қуаныш гормоны мен аса бағалы D дәруменін сыйлайды. Алайда, күн астында ұзақ жүру денсаулыққа зиянын да тигізіп жатады. Бұл адамдардың күн астында жүргенде қауіпсіздік шараларын ескермеу салдарынан болады.
Аптап ыстық кезінде, яғни жаз айларында күндізгі сағат 11-16 аралығында күн астында ұзақ жүрсеңіз, жағажайда, бау-бақшада немесе жаттығу кезінде күн өтуі мүмкін. Күннің тікелей сәулелері салдарынан бас ысып, бас миының бөліктері қызып кетеді. Мұның барлығы артериалық қысымның көтерілуіне себеп болады. Ал бұл жағдай ұсақ тамырлардың үзілуіне, орталық жүйке жүйесі мен адам ағзасы үшін маңызды функциялардың бұзылуына әкеледі.
Ыстық өтудің қаупін арттыратын факторлар:
-артық салмақ;
-жүрек-қан тамырлары аурулары;
-алкогольдік ішімдіктен мас болу және темекі шегу;
-тым тығыз (синтетикалық) және тар киім;
-қорғаныш бас киімінің болмауы; неврологиялық проблемалар;
-егде жас; желсіз және қапырық ауа-райы;
-антидепрессанттар қабылдау.
Күн өтудің үш деңгейі бар:
1) Жеңіл – зардап шеккен адамның бойында әлсіздік болып, бас ауырады, жүрегі айниды. Сондай-ақ жүрегі қатты соғып, көз қарашығы ұлғаюы мүмкін.
2) Орта – адамның аяқ астынан дене қызуы көтеріледі, басы ауырып, жүрегі айниды, басы айналады және құлағы шыңылдайды. Сонымен қатар жүріс-тұрысы бұзылып, көзі қарауытады, есінен танып, мұрнынан қан кетуі мүмкін.
3) Ауыр – ауру аяқ астынан асқынады. Зардап шеккен адамның беті ысып, қызарады да, артынша сұрланады. Бет терісі мен шырышты қабықтары сұрғылт-көк түске немесе қою көк боялады. Бұл қан айналымының бұзылғанын білдіреді. Дене температурасы 41-42°C-қа дейін көтеріледі. Осы күйде оның қан тамырының соғуы әлсірейді және жиілейді, тырысу, бас айналу, галлюцинация, сандырақтау, есінен тануы немесе комаға түсуі мүмкін.
Күн өту кезіндегі негізгі ем – зардап шеккен адамды салқындату және ағзаның судан айырылуына жол бермеу. Бұл жағдайда дұрыс алғашқы көмек көрсету маңызды. Адамды көлеңке жерге апарып жатқызып, оның аяғын көтеру керек және маңдайына кез келген салқын затты қойып, кеудесін қысып тұрған киімді, ер адамдардың белдігі мен галстугын шешу керек. Сонымен қатар зардап шеккен адамның жеке заттарын тексеру қажет. Себебі ол қант диабетімен ауыруы, сондықтан гипогликемия болуы мүмкін. Егер бұл күдік расталса, тез арада аузына қант немесе шоколадты езіп салу керек. Ал, науқастың жағдайы нашарлап, бірақ ол ештеңеге шағымданбаса, оған нитроглицерин берудің қажеті жоқ. Себебі бұл науқастың жағдайын асқындырып, жедел жәрдем жұмысына кедергі келтіреді. Қан тамырларын кеңейтетін бұл препаратты аса сақтықпен қолдану қажет.
Күн өткен жағдайда мамандар зардап шеккен адамға салқын минералды су беруге немесе аздап тұз немесе қант қосылған таза ауыз су ішкізуге кеңес береді. Бұл ағзадағы су-тұз теңгерімін қалпына келтіруге көмектеседі. Сонымен қатар дымқыл сүлгі немесе суық су құйылған пакетті қолтыққа, шапқа және мойынға қою арқылы денені салқындатуға болады.
Адам естен танған жағдайда мүсәтір спиртін науқастың мұрнына жақындату керек. Күн өту белгілері көп жағдайда инсульт, дәріге аллергия, ауыр бактериялы инфекция жұқтыру немесе қалқанша без ауруының асқынуы симптомдарына қатты ұқсас болады. Сондықтан дұрыс диагностика үшін тез арада жедел жәрдем шақыру керек. Зардап шеккен адамды реаниматолог, кардиолог, невролог немесе басқа да маман тексеруі мүмкін.
Күн өту белгілері бар адамға, әсіресе егде жастағы, жүрек-қантамыр патологиясы немесе созылмалы ауруы бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмек қажет болады.

Г.ЖАПБАР,
ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ-нің Шымкент қаласы бойынша
филиалының дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.