Бір әулеттен – 30 офицер! Избранное

Среда, 26 Июнь 2024 04:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 287 раз

23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бұл – бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытып жүрген полиция қызметкерлеріне, осы салада қызмет еткен ардагерлерге, қызмет барысында өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні.

30OVSer

 

Елдің амандығы, халықтың тыныштығы үшін күні-түні аянбай қызмет етіп жүрген полиция қызметкері көп, бірақ әулетімен өз тағдырларын осы саламен байланыстырғандары кем. Шымкенттік Өмірзақовтар әулеті сол аздың бірі. Қазір бұл салада династиясының үшінші ұрпағы қызмет етіп жүр. Бүгінге дейін бұл әулеттен тараған ұрпақтан 30 офицер шыққан. Олар еліміздің әр атырабында құқық қорғау саласында қызмет етеді.
Полицейлер династиясының басында – ҚР ІІМ-нің құрметті қызметкері, отставкадағы полковник Батырхан Өмірзақов тұр. Ол 1958-2017 жылдар аралығында судья, милиция және ардагерлер кеңесінің төрағасы саласында қызметін атқарған. «Өлеңім, сырым менің, шыным менің», «Тарихқа тағзым», «Өткен күндерден қалған іздер», «Қанағат болған өлшемім» атты жеті бірдей кітаптың авторы.
Нұрсұлтан Өмірзақов – полицейлер династиясының үшінші ұрпағының өкілі. Бүгінде Шымкент қаласы полиция департаментінде қызмет етеді. Шені – полиция майоры. Полиция департаментінде Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының аға инспекторы.
– Атам Батырхан ішкі істер органында 1958-2017 жылдар аралығында қызмет еткен. Аға жолын інілері жалғастырды. Әкелеріміз де осы салада қызмет етті. Олардың ізін біз бастық. Ағайын-туысымызбен бір салада жүрген соң бір-бірімізбен тәжірибе алмасамыз, үлкендеріміз ақылдарын айтып, бағыт беріп отырады. Қиын сәтте қолдап, жігерлендіреді. Бауырларым да, мен де бұл жолды бала кезден армандадық. Полиция формасында ағаларымыздың еңсесі биік көрінетін. Бала кезімізде әрқашан әкеміздің, ағаларымыздың полиция қалпағын киіп көрдік, формаларына қызыға қарадық. Орта мектепті бітіргеннен кейін, өмір жолын таңдау уақыты келгенде, осы мамандықты таңдадық. Біздің әулетіміз осы мамандықты әрқашан ерекше құрметтейді, – дейді Нұрсұлтан Еселханұлы.
Жас полиция қызметкері: «Форманы кидің бе, әрқашан биікте бол» деген ұранды ұстанады.
Қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты, әулеттегі абыройды биік қоятын полицейлер династиясының бұл саладағы еңбек өтілі – 66 жыл.

Г. ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.