Текеметтi төрге шығарған Құттыбек

Пятница, 10 Апрель 2015 05:42 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7608 раз

Жұртшылықтың жүрегінен ойып тұрып орын алу өнер адамының бәріне бірдей бұйыра бермейтін бақыт. Сол бақыттың құсын басына қондырып, өнер өлкесінде үздік үлгісімен дараланған азаматтардың бірі – шымкенттік белгілі суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Құттыбек Жақыпов. Ол – кәсіпқой қолданбалы қолөнер шебері, кілемді өрнектеп, киізге ою басқан, қазақи дәстүрлі өнерге жаңаша леп әкелген азамат.

IMG 2826Кілем тоқу, киіз басу – мұның барлығы ертеден келе жатқан қазақтың төл өнері. Ұлтымыздың салт-дәстүрінен сыр шертетін бейнелер суреттелген ою-өрнек бұл қазақтың гобелен өнері. Бұл кәсіп аса ұқыптылықты, ыждаһаттылықты талап етеді. Себебі, өрнектелген әрбір туындыда астарлы ой, пәлсапалық мағына тізбектелген моншақтай бір-бірімен үндесіп жатуы тиіс. Осынау мехнаты мол жұмысқа өмірін арнаған Құттыбек Тыныбекұлының әрбір туындысында көшпенді қазақ өмірінің тұрмыс салты жаңғырып, Сақ дәуірінен бастап қазіргі түркі халықтарына дейінгі орнаменттер үйлесім тапқан.
– Дәстүрді, тарихты ешқашан аяқ асты етпеу керек. Қолөнер дегеніміз, бұл ата-бабадан мұра болып келе жатқан шоқтығы биік өнер. Бұл туындылардан қазақ халқының жүріп өткен жолын аңғаруға болады, – дейді суретші бізбен әңгімесінде.
Шымкенттегі жаңадан ашылған облыстық бейнелеу мұражайында жуырда Құттыбек Жақыповтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Жаңғырық» атты шығармашылық көрмесі өтті. Өнерсүйер қауымға ерекше сюжетті текемет, тоқыма, гобелендік шығармаларын таныстырған шебердің көрмесіне халық өте көп жиналды. Әсіресе, суретшінің «Жекпе-жек», «Сүйінші», «Құйын», «Шағылыс», «Тұңғиық» атты гобелендері келушілердің сүйсінісін тудырды.
IMG 2826-2– Көрмеге ең таңдаулы 40-тан аса еңбегімді қойдым. Бұл шығармашылық көрмеме 3 жылдай уақытымды жұмсадым. Қазақтың тоқымасы, киізі, кілемі, текеметі, қазіргі тілмен айтқанда, гобелені – ата-бабамыздан келе жатқан асыл мұра. Бұл қазіргі таңда ұмыт болып бара жатыр. Міне, соны қазіргі ұрпаққа көрсетіп, төрге іліп, биікке көтеру қажет, − дейді Қ. Жақыпов.
Құттыбек Тыныбекұлының өмір жолын қысқаша баяндасақ, ол шығармашылық жұмыспен 1981 жылдан бастап айналысып келеді. Ол жастық шағында белгілі қылқалам шебері, қазақтың ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы, туған ағасы Құрасбек Тыныбеков секілді елге танымал суретші болуды армандады. Осы ойдың жетегімен 1977 жылы Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны 1981 жылы үздік тәмамдады. Кейіннен 1996 жылы Ленинабад мемлекеттік университетін бітірді. Ашхабад қаласындағы (1985 ж.) Бүкілодақтық, Ташкент қаласындағы (1986 ж.) республика аралық көрмелердің лауреаты және жеңімпазы атанды. Оның жұмыстары республикалық, бүкілодақтық, шетелдік журналдарда жарық көрді. Еңбектері Мәскеу қаласындағы Шығыс мұражайының, Ашхабад қаласындағы Түркіменстан бейнелеу өнері мұражайының, ҚР Мәдениет министрлігінің Көркемсурет көрмелер дирекциясының, ТМД және шетелдердің галереяларының меншігінде сақтаулы. Құттыбек Тыныбекұлының 26 жасында, яғни КСРО Суретшілер одағының Қазақстандағы ең жас мүшесі болғанын замандастары әлі күнге дейін аңыз етіп айтады.
Шебердің айтуынша, ол 1990 жылдардағы еліміздегі тоқырау жылдарында күнкөріс қамымен басқа салада еңбек етіп көріпті. Дегенмен, «Ат айналып қазығын табар» дегендей, өзінің сүйікті өнеріне қайта оралып, кәсіби шеберлігін арттыруды мақсат еткен. Он саусағынан өнері тамған шебер туралы оның әріптестері мен ұстаздары әрдайым әсерлі әңгіменің тиегін ағытады. Белгілі суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Насыр Рүстемов былай дейді:
IMG 2826-1– Құттыбек туып-өскен Төле би ауданының табиғаты әсем, керемет мекен. Оның жұмыстары – осы тамаша өлкенің сұлулығын қамтыған ғажап гобелендері. Құттыбектің өзі де әрбір туындысында тұмса табиғатпен біте қайнасады. Ол – өнерде өзінің қайталанбас ізін қалдырған біздің замандасымыз. Құттыбекті өнердің жілігін шағып, майын ішкен мамандар – КСРО-ның халық суретшісі, Мәскеу академиясының өнертанушы докторы В. Макаров және Өзбекстанның халық суретшісі, өнертанушы докторы, академик, миниатюрист Чингиз Акмаровтың мойындап, талантына тәнті болуы да тегін емес.
Зерделеп қарасақ, шынында, Құттыбек Тыныбекұлының жасаған әр туындысында терең философиялық пайымдар, нәзік иірімдер үндестігі, тебіреніске толы ойлар, ең бастысы қазақи болмыс көрініс тапқан. Осының бәрі де көзге ерекше эстетикалық ләззат береді. ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Амандос Ақанаев жоғарыдағы ойымызды қуаттай түседі.
– Құттыбек – ұлттық құндылықтарға жастайынан сусындап өскен. Ол шежірелерді, аңыздар мен ертегілерді, өсиет әңгімелерді терең білетіндігімен ерекшеленеді. Сондықтан болар, оның шығармалары нағыз құндылықтарға, Отанына, халқына және оның мәдениетіне деген шынайы махаббатпен астасып жатыр, – дейді белгілі суретші А. Ақанаев.
Шымкенттік шебердің қазіргі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу үшін таяуда шеберханасына барғанбыз. Шағын ғана бөлменің іші көздің жауын алған картиналар мен гобелендерге толы екен. Тапсырысқа сай қызметкерлердің қызу жұмыс жүргізіп жатқанына да куә болдық.
– Ата-бабаларымыздың тұрмыста кең қолданған бұйымының бірі – текемет. Әсіресе, көшпенділер өмірінде текеметтің алатын орны өзгеше болған. Ол қазақтың дәстүрлі баспанасы – киіз үй ішіне жылылықпен қатар, әсемдігімен де ерекшеленіп тұрған. Сонымен қатар, шаңырақ ішіндегі адамдарды астынан өтетін сыздан қорғаса, бір жағынан түрлі аурудың алдын алу рөлін де атқарып отырған. Менің арманым, халқымыздың ертедегі мәдениеті мен дүниетанымынан хабар беретін осы текеметтер кескіндеме өнерімен бірдей төрде ілініп, жарқырап тұрса деймін. Осы бағытта жұмыстарымды жандандырып, жобаларымды жасап жүрмін, – дейді шебер.
Құттыбек Жақыповтың айтуынша, қолөнер бұйымдарына еліміздің әр өңірінен қызығушылық танытып, тапсырыс беретіндер де бар көрінеді. Туындылар көлеміне қарай әр түрлі бағаланады. Сатып алушылардың ішінде ұлт руханиятына үлес қосуды көздеген меценат азаматтар да, іргелі мекемелер де жетерлік. Мәселен, жуырда шебердің «Мәңгілік ел» туындысы 7 мың АҚШ долларына бағаланып, оны бір мекеменің басшысы аттай қалап сатып алыпты.
– Шүкір, мемлекет тарапынан еңбегіміз де лайықты бағаланып жатыр. Былтыр жыл соңында «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталдым. Жалпы, суретшілердің жеке шығармашылық көрмесін өткізуге облыстық Мәдениет басқармасы да қолдан келген көмегін аяп жатқан жоқ, – дейді Қ. Жақыпов.

Последнее изменение Понедельник, 14 Март 2016 06:10
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.