Қалдықтарды қайта өңдеп, электр қуатын өндіреді

Понедельник, 30 Сентябрь 2024 09:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 123 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бастаған делегация биылғы жылдың жазында Шымкент пен Сиань қалалары арасындағы бауырлас қатынастар аясында Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған еді. Сапар барысында жерлестеріміз сауда-экономикалық форумға қатысып, бірқатар нысандарды, соның ішінде жергілікті қоқыс өңдеу зауытын аралап көрген болатын.

Ғабит Әбдімәжитұлы сапар барысында қол жеткізген келісімдер нәтижесінде жақында қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді. Шетелдік инвесторлар Шымкент қаласында электр энергиясын өндіруге арналған ірі қоқыс өңдеу кешенін салу жобасын жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп отыр.

Жалпы тікелей инвестиция көлемі шамамен 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл кешен елімізде теңдесі жоқ және қоқыстарды жағу арқылы энергия өндіру, түтін газдарын тазарту және шлактардан құрылыс материалдарын өндіру сияқты функцияларды жүзеге асырады. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жыл сайын 365 мың тонна тұрмыстық қалдық қайта өңделеді. Ал электр энергиясының жылдық өндіріс көлемі шамамен 147 миллион кВт/сағатты құрайды. Бұдан бөлек, жоба экологиялық жағдайды жақсартып, қала бюджетіне қосымша түсім әкелуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Қала әкімі кездесу барысында шетелдік кәсіпкерлерге қаламызға қызығушылық танытқандары үшін алғыс білдіріп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асырылып жатқан жобалары және инвесторлар үшін жасалған қолайлы жағдайлар туралы ақпарат берді.

Компания Қытайда мұндай жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибесі бар және қазіргі таңда қалдықтардан электр энергиясын өндіруге мамандануда. Кездесу соңында қала әкімі жауапты сала басшыларына инвесторлардың ұсынысын мұқият қарастырып, жобаны жүзеге асыру үшін «Жол картасын» әзірлеуді тапсырды.

 

А.САЙЛАУҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.