Шымкентте “Шанышқылы Бердіқожа батыр: тың зерттеулер мен тұжырымдамалар” атты ғылыми-практикалық конференция өтті

Пятница, 29 Май 2015 05:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7463 раз

Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақ хандығының 550 жылдығын дәстүрге сай атап өту туралы бастамасы еліміздің барлық азаматтарына үлкен жауапкершілік жүктегені анық. Осы орайда Шымкентте “Шанышқылы Бердіқожа батыр: тың зерттеулер мен тұжырымдамалар” атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Парламент мәжілісінің депутаттары, тарихшы-ғалымдар және журналист-жазушылар қатысты.

0000056Жеке басынан жалпақ жұрттың, атаның намысынан жалпы ұлттың, от басынан байтақ Отанның мүддесін жоғары қоя білген, сол жолда басын бәйгеге тіккен қолбасшылардың біріШанышқылы Бердіқожа батыр (1708-1786). Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізген майданда қолбасшылар арасында Бердіқожа батырдың айрықша аталуының терең мәні бар. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Бердіқожаның ержүрек қолбасшы және қабілетті елші болғанын аңғарамыз.

Әйгілі МәшҺүр-ЖүсіпАбылай заманындағы ең атақты, сенімді батырлардың бірі болғандеп сипаттаған Шанышқылы Бердіқожа батыржоңғарларға қарсы Ұлы жүздің қолын бастаған батырлардың бірі. Ол Қабанбай батырмен қанаттаса жүріп Ұлытау өңіріндегі Бұланты, Білеуті мен Сарысу бойындағы Итішпес, Алакөл маңындағы Аңырақай шайқасында, Алтайдағы Ұлансу, Мамырсу, Шар, Шорға шайқастарында Ұлы жүз жасақтарын басқарған. Бердіқожа батыр тек көзсіз батыр ғана емес, сонымен бірге Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтелген. Мәселен, Абылай хан Бердіқожа батырсыз Хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған. Жоңғарларға тойтарыс берілгеннен кейін жаужүрек батыр Ресей және Қытай басшыларымен мәмілеге жүрген.

Конференцияда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы және зерттеуші ғалым Бақтыбай Қасымбеков баяндама жасап, әйгілі батыр жайында тың деректерімен бөлісті.

Бердіқожа батырдың өшпес ерліктері мен өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, «Шанышқылы Бердіқожа батыр» атты кітап жарық көрді. Сондай-ақ, батыр бейнесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, қайта жерлеу рәсімі өткізілді, – деді Дархан Қыдырәлі. Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі таңда айтулы батыр туралы деректі фильмдер түсірілді. Танымал ақын Н. Айтұлының «Бердіқожа батыр» поэмасы елге жарияланып, оның аудио нұсқасы дайындалды. Батыр кесенесінің жобасы дайындалып, арнайы веб-сайт (www.berdeke.kz) пен қоғамдық қор ашылған.

Тарихшылардың айтуынша, даңқты батыр қартайса да қайратын көрсетіп, ат үстінде ерлікпен қаза болады. Аласапыран заманда халқына қорған болған Бердіқожа батырды елі арулап жерлеп, ардақтап күмбез тұрғызады. Қарқаралы жерінде, Көкшетау мен Дуана таулары арасында, Дағанделі өзенінің биік бір белесінде сәулетті мазары бой көтерген.

Айта кетейік, Бердіқожа батыр есімі Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, А.Сейдімбек сынды жазушы-зерттеушілердің мақалаларында жан-жақты баяндалған.

Последнее изменение Пятница, 29 Май 2015 05:29
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.