Тұрғындар тілегі – тұрақты назарда Избранное

Пятница, 10 Июль 2015 05:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4519 раз

Шағынаудандардағы жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде

Қала әкімі Дархан Сатыбалды 2015 жылдың 4 ақпанында тұрғындар алдында есеп беру кездесуінде шаһардың инфрақұрылымына қатысты бірқатар түйінді мәселелерді көтерген болатын. Қала әкімі аталған жиында айтылған ұсыныс-ескертулердің барлығы талданатынын, тиісті жоспарлы жұмыстардың қолға алынатынын хабардар еткен еді. Енді сол жоспарға сәйкес, Шымкент қаласын табиғи газбен, ауызсумен және электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Қайнарбұлақ ауызсудан тапшылық көрмейдi

ACD 9942222

Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – халық жаңадан қоныстанған шағынаудандардың, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту. Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұровтың мәлімдеуінше, бүгінде осы бағытта жоспарлы жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр.
Мәселен, Қайнарбұлақ елді мекенін ауызсумен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары (366,4 шақырым) аяқталып қалды. Ағымдағы жылдың қараша айында мұндағы 47 мың халқы бар елді мекен таза ауызсумен толықтай қамтылмақ. Ауызсу бойынша қараша айында «Нұртас» шағынауданындағы су өткізгіш желілерінің құрылысы (2-кезек) аяқталады. Сондай-ақ, «Қайтпас-2», «Самал-3» шағынаудандарын таза сумен қамтамасыз ету құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ал, «Қайтпас-1», «Ұлағат», «Мирас», «Қызылжар» және «Ынтымақ» шағынаудандарының мемсараптама бойынша жобалық-сметалық құны бекітіліп, жұмыстар қолға алынды.

Газ қай шағынаудандарға жеткiзiледi?

samal-3-gazҚалалық жерде тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартудың басты шарттарының бірі – шағынаудандарды газдандыру екені белгілі. Бұл бағытта да жоспарланған жұмыстар жеткілікті.
Алдағы қазан айының басында «Самал-3» шағынауданын газдандыру жүйелерінің құрылысы бітуі тиіс. Сонымен бірге Шымкенттегі «Қазығұрт» шағынауданын (К.Маркс бөлімшесімен) 1 қыркүйекке дейін  газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Сол сияқты Шымкент қаласындағы «Қайтпас-2» шағынауданын газ жүйелерімен қамтамасыз ету мәселесі де шешілді. Мұнда құрылыс жұмыстары (49,2 шақырым) 2013 жылы басталған болатын. Аталған шағынауданға көгілдір отын 1 қазаннан қалмай жеткізілуі тиіс. Жоспар бойынша «Самал-2» шағынауданындағы газ құбырын тарту жұмыстары (174,1 шақырым) қараша айының соңында аяқталмақ. «Құрсай» (21,1 шақырым) «Мирас» (39,8 шақырым) шағынаудандары мен Тассай елді мекенін (44,1 шақырым) газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылуда.    

Электр жүйелерi де шешiмiн табады

Әлеуметтік маңызы бар жобаға бюджет қаржысын бөлу үшін алдымен тиісті жобалық-сметалық жұмыстары жасалуы тиіс. Бұл орайда Шымкент қаласын электр жүйелерімен толық қамтамасыз ету бойынша біршама талап-тілектер талқыланып, жобалау жұмыстары жүргізілді.
Мысалы, «Қайнарбұлақ» шағынауданында 10/0,4 кВ электр қуатымен қамтамасыз ету жобасы бар. Құрылысы 2014 жылдың наурызында басталған бұл жоба 2016 жылы ақталады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Шымкентте 220/110/10 кВ болатын «Бозарық» қосалқы стансасының 220 кВ желісінің құрылысы да қарқынды жүруде. Бұл жобаның іске қосылатын мерзімі – 2016 жыл. Атап өтерлігі, жоғарыдағы жұмыстардың бәрі де кесте бойынша атқарылуда.
Шымкент қаласын жылу жүйелерімен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар нәтижесіз емес. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласының Оңтүстік бөлігінде орналасқан ішкі орамдық жылу жүйесін (17,2 шақырым) ағымдағы жөндеу жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асуда. Кестеге сәйкес, бұл бағыттағы жұмыстардың аяқталуы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған.

Последнее изменение Пятница, 10 Июль 2015 10:43
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.