Тойдың төресі – Шымкентте

Пятница, 29 Январь 2016 06:01 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9436 раз

қазақ тойының дәстүрі неге өзгерді?

Қазақтың тойсыз күні жоқ. Белгілі қаламгер, публицист Мархабат Байғұт айтпақшы, «қазекең той жасамай тұра алмайды. Дүйсенбі мен жексенбінің, қаңтар мен желтоқсанның арасында да той қызып жатады». Шымкент те мұндай қызықты думаннан кенде емес. Десе де, замана көші алға жылжыған сайын тойдың дәстүрі де өзгеріске ұшырай бастады. Мұндайда қайтсек, парасат биігінен көрінеміз? Неге біз тойға кешігеміз? Тойдың тәлім-тағылымы қай деңгейде? Олқылықтарды қайтіп түзетеміз? Міне, осы сауалдар төңірегінде ой бөліскенді жөн көрдік.


fIERh3J8UfObESTme4YNm77dPuT6EVӘдет-ғұрпымыз ұмытылмасын

«Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» дейді сыншыл қазақ. Былтыр Шымкентте той өткізудің өзіндік талғамы, әдеп-жоралғысы туралы қалалық Ардагерлер кеңесі зиялы қауыммен бірге дөңгелек үстелде бас қосып, келелі мәселелерді ортаға салған-тұғын. Бәрекелді деп риза болғанбыз. Жиынға қатысушылар сонда ұсыныстар мен сын-ескертпелерді жинақтап, өңір тұрғындарына Үндеу жариялағаны есімізде. «Дөңгелек үстелде» облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов той мәдениетіне қатысты көшелі пікірін айтқан.

– Қазір бесік, тұсаукесер, сүндет, ұзату, үйлену, туған күн секілді атап өтілетін тойлардың барлығы да бір сарынға түсіп кеткені байқалады. Әр атаудың қадір қасиеті, жоба-жоралғысы болады емес пе? Бізде оның өзіндік қадір-қасиеті әлі күнге ескерілмей келеді. Бұл мәселеде ұлттық ғұрпымыз аяқ асты тапталып жатқан жоқ па? Осыған мән беруіміз керек.  Тойдың жаңашылдығын, кемшілігін облыстық деңгейде БАҚ беттерінде көрсете отырып, көпшілікті ұлттық құндылықтарды қастерлеп сақтауға үндегелі жатырмыз, – деген еді сонда Ж.Мәуленқұлов.

Айтса, айтқандай-ақ, қазіргі тойларда өзгешелік көп. Басқасын былай қойғанда жұртшылық тойға бірнеше сағаттап кешігіп келуді әдетке айналдырды. Тілек айтам деп, сағыздай созылып тұрып алатындар да жоқ емес. Сонымен қоса, асабалардың анайылығы, жұртты қинап шапалақ ұрғызуы, кейбір ағайынның әдептен аттап, көзді ала бере ас-тағамды пакетке салып жіберуі – бүгінгі тойлардағы көңілге қаяу түсіретін көріністер. Байыптай қарасақ, Өзбекстан, Тәжікстан сынды көршілес елдерде той салтына қатысты бүгінде арнайы Жарлық бекітілген екен. Онда ысырапшылыққа жол бермеу, тойды өз уақытымен бастап, аяқтауға дейін мұқият қадағаланатын көрінеді. Бізге де осындай механизм керек секілді.

Тойға неге кешігеміз?

Тойға кешігу – шынында бүгінде «бас ауруға» айналды. Қай тойға барсаң да, уақытымен басталып жатқаны сирек. Жасыратыны жоқ, мұны бәріміз де байқап жүрміз. Ендеше осы кешігу дейтін олқылықтан қалай арылуға болады? Бұл жөнінде облысымызға белгілі жазушы-журналист, той туралы БАҚ бетінде ашынып та, батырып та айтып жүрген Мархабат Байғұт былай дейді:

– Біз өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Жұртты кешікпеуге үйрету керек. Жетісай жақта, осыдан жиырма жылдай уақыт бұрынырақта бір оқиға болған. Тойдың кешігіп басталуы жаман әдетке айнала бас­таған кезең көрінеді. Күндердің күнінде бұрын облыстық соттың мүшесі, ауданда прокурор болған Роман Зұлпықаров деген кісі кең, мол ауласында үлкен той жасайды. Кешкі сағат сегізге деп шақыру билетін таратады. Тұп-тура сегізде қақпасын жабады-дағы, тойды бастап жі­береді. Аудан әкімі, облысыңыздың басынан барған біраз кісілер кешіккендіктен, кіре ал­май қалады. Араға адам салып, кешірім өтініп, әзер қатысады әлгілеріңіз. Міне, Роман көке­міздің сол тәртібінен кейін тойлар дәл уақ­ы­тында басталатынға айналған. Көпке дейін. Әр ауданнан, әр қаладан сол Рекең секілді ағала­ры­мыз мінез көрсетсе, жағдай түзелер ме еді дейміз де.

Мархабат аға өте дұрыс айтады. Қазіргі тойларда қонақтармен қатар, той иелері құда мен құдағилар да кешігіп келетінді шығарды. Әй деп жатқан әже жоқ. Бұған да тоқтам болу керек емес пе?

Жуырда Астанадағы тойларда асабалық етіп жүрген той басқарушымен пікірлескенбіз. Ол өзі басқаратын барлық тойды дәл уақытында бастайтынын айтып қалды.

– Айтылған уақытта тойды бастаймын. Бұл – менің басты қағидам. Өткенде бір тойда солай еткем, үй иесі «анау сыйлы қонағымды күтпесек болмайды» деп өкпесін білдірді. Мен басқа асаба жалдаңыз дедім. Амалсыз келісті. Айтыңызшы, ол жерде келген қонақтар неге бір адам үшін сағаттап күтіп отыруы керек? Отағасы реніш білдірсе де, мен сондағы қонақтарға ой салып кеттім. Бұл еріккеннен емес, жұрттың кешікпеуі үшін жасаған амалым, – дейді әлгі асаба.

Әрине, осылайша жеке адамды, шағын топты тәрбиелеу арқылы да тойға кешікпеу керектігін еске салып, қоғамды тәрбиелеуге болады. Қоғам түзелсе, ұлт та түзелетінін ескерсек, қадірлі оқырман, сіз де осы кезден алдымен өзіңізді, содан кейін айналаңыздыды кешікпеуге үйретіңіз.

Құдаларға қой дейтін кім бар...

Сөз жоқ, той өткізуде өзге аймақтардың ішінде Шымкентпен бәсекеге түсетіндер аз. Хан сарайынан кем емес тойханалар, дастарханға қойылатын тағамның түр-түрі, тойдың ерекше сценарийі бәрі-бәрі Шымқалаңыздан табылады. Тек қалтаңызға қарай көсілсеңіз болғаны. Шымкентте бүгінде 400-ге жуық тойхана, 70 продюсерлік орталық бар екен. «Көркем», «Гранд холидей», «Алтын сарай» сынды сәулеті келіскен, беделді мейрамханаларда күн құрғатпай тойлар өтіп жатады.

Жақында сол тойхананың бірінде танысымыз дүркіретіп үйлену тойын жасады. Шақыру қағазында көрсетілген мерзімде барғанбыз. Әттеген-айы, келген қонақтардың қатары тіптен көрінер емес. Рас келдім бе, жоқ қателесіп қалдым ба деп, шақыру қағазына қайта-қайта үңіліп қоямыз. Басталуы 19-00-де деп көрсетілген екен. Сағат тілі 21-00-ді көрсетіп тұр. Халық жиналып үлгергенмен, той басталмайды.

– Бәрі жиналды. Бастай бермей ме? – дейді жанымдағы алыстан келген қонақтың бірі.

– Жастар «гулянкада» жүр екен, – деп жауап беріп жатыр келесі бір мейман.

Осы екі ортада келген меймандар дүркін-дүркін тысқа шығып, жүйкесі жұқарғандары темекі тартып, бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, уақыт өткізді. Осылай жұрттың тағаты таусылып отырғанда жас жұбайлар да келіп жетті-ау. Енді басталатын шығар деп, асаба жаққа мойнымызды бұра бастағанбыз. Бірақ той басталмады. Сөйтсек, бас құдалар кешігіп жатыр екен. Қойшы әйтеуір, кешкі 19-00-де делінген той ырғалып-жырғалып жүріп, 22-00-ге таман басталды. Бәрі демей-ақ қоялық, көптеген тойлар осы «сценарийде» өрбіп жатқаны өтірік емес.

Тағы бір тойда болдық. Әлгі тойдың ерекшелігі, онда дөрекі әзілдер жиі айтылып, ақ жаулықты аналарымыз бен қариялар ұяттан беті қызарып отырды. Ішімдіксіз өткен келесі бір тойда шәйнекке арақ құйылып, қызара бөртіп отырғандарды да көзіміз көрді...

Тойдың бәрі нашар емес, мәселе ұйымдастыруында деп ойлаймыз. Келесі бір тойда көңілімізді көтерген жайт болды. Асаба да сөзге шешен, ағып тұрған жігіт екен. «Биыл тарихымызды ұлықтап жатқан жыл. «Өткенді ұмытқан өшкендіктің белгісі» деген, осы орайда сіздерге ел тарихынан бірнеше сауал қоям. Дұрыс тапқанға сыйлығым бар» деп һакім Абайдың бірнеше томдығын, сонымен бірге тарихи кітаптарды ұсынды. Міне, бұл да елді бірлікке, тарихқа құрмет көрсетуге шақырған ізгі шара. Біле-білгенге, тойдың тағылымы да осындайда көрінеді.

Тойдың көркі – ұлттық нақыш

3Шымкентте той көп. Белгілі эстрада жұлдызы Төреғали Төреәлінің сөзінше айтсақ, «Шымкент – нағыз тойдың Отаны». Құдай тойдан айырмасын дейміз. Дегенмен, кейбір тойлардың дарақылыққа ұласып, дәстүрімізден алыстап жатқаны да жасырын емес.

Қазіргі тойларда қалыңдықтың гүл шоғын лақтыруы, торттың бетіндегі шырақтарды үрлеуі сияқты өзге жұрттың салттары еніп кетті. Халқымыз әдет-ғұрыпқа бай халық. Әсіресе тойға байланысты салт-ырымдар аз емес.

Үйлену тойын ұлттық нақышта өткізген елімізге танымал спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров  БАҚ-қа берген сұхбатында халқымыздың әрбір дәстүр жоралғысы тәрбиелік мәні жоғары екенін айта келе, оларды әрбір тойымызда дәріптей жүрейік деп ой қосыпты.

– Тойдың қарсаңында самаурын алып шығып, үлкен кісілерге шай ішкізсек, олардың батасын алсақ деген ой келгені. Сөйтіп, дәл той қызған уақытта ортаға самаурын әкелініп, қариялар жағы жұбайым Маржанның қолынан шай ішті, – деп еске алады спортшы.

Қазір той-думанды арақ-шарапсыз өткізу үрдіске айналып келе жатыр. Өзге аймақты қайдам, біздің Оңтүстікте оған деген оң өзгеріс қалыптасып келеді. Жиі болмаса да жиын тойдың ішімдіксіз өтіп жүргенін көріп жүрміз. Неге мұны қолдамасқа! 

Ендігі  бір айта кетер нәрсе – асабалардың той жүргізу әдебі. Кейбір асабалар елді күлдірем деп, бүлдіріп жүр. Жаттап алған бір-екі ауыз сөзін кеңірдегі қызарғанша күшеніп айтатындары да жетіп артылады. Анайы анекдот айтып жатқанда, күлкі былай тұрсын, жылағың келеді. Үлкен отыр, кіші отыр демейді. Жалпы, тойда асабаларға жүктелер жауапкершілік жоғары. Өңірімізге белгілі тарихшы, өлкетанушы Өмір Шыныбекұлы асабалардың біліктілігіне қатысты былайша пікір білдірді.

– Асабаларды арнайы оқытып, серификат-лиценциясыз той басқартпаудың амалын жасайтын кез жетті. Ниет болса, ол шаруа қиын емес! Талай тойға барып жүрміз. Кейбірінде асабалардың өре-танымы өте төмен екендігі байқалып қалады. Әр айтқан сөзіне қинап шапалақ ұрғызып, елдің есін алады. Сөзінің құнары, іліп алар дәмі болса, келген қонақтар өздері-ақ қошемет көрсетіп отырады емес пе, – дейді ол.

Ойды ой қозғайды. Былтыр Шымкент қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігі «Үздік той тілегі» атты байқау ұйымдастырды. Ондағы түпкі ниет, тойдағы келеңсіздіктердің алдын алып, той мәдениетін жетілдіру. Оңды бастама нәтижесіз болған жоқ. Байқауда сүзгіден өткен үздік сценарийлер көптің алғысына бөленді.

– Біздің басты мақсатымыз – халқымыздың көнеден келе жатқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын насихаттап, той өткізу мәдениетін жетілдіру, асыл мұраларымызды қайта жаңғырту, – дейді «Жаңа дәуір» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлбосын Какимова. Айта кетерлігі, аталған қоғамдық бірлестіктің ұйытқы болуымен қала бойынша осыған дейін «Үйлену тойлар» байқауы, «Үздік той сценариі» және «Үздік той тілегі» байқаулары да өткізілген болатын.

Әрине, қойнауы қазынаға толы Оңтүстікте нешеме тойлар өтіп жатыр. Бәріне мін тағып, сын айтып, сапыра сөйлеуден аулақпыз. Оған халықтың өзі таразы. Айтпағымыз, әрбір тойды тәрбие құралына ай­нал­ды­ра білсек деген ниет. «Ұлтты жою үшін оның салт-дәстүрін жою керек» депті қытай ойшылы Конфузы. Осы тұрғыдан алғанда, той – тек тамаша ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың да кеңінен насихатталатын алаңы болуы керек.

Сіз не дейсіз?

mbaigutМархабат Байғұт, жазушы, публицист:

– Мен кезінде «Егемен Қазақстан» газетіне “Элита қайда, ел қайда?” деп мақала жазғанмын. Жалпы, элитаныкі ме, елдікі ме – тойдың бәрін дәл уақытында бастап, жұртты жалықтырмай, жарасымды аяқтауға батыл бетбұрыс керек. Мүм­кіндігінше ішкілік жағын азайту, бірте-бірте ішкіліксіз тойларға көшу – орын­далмайтын мақсат емес, қазекемнің қымыз-қымыраны барда. Асабаларда да терең білім көрініп тұрғаны абзал. Көпшілікті баурай білмек қабілет, туабітті бейімділік, суырыпсалмалық қасиет өз алдына, бұлармен бірге ол ұлтыңыздың ғана емес, әлем халықтарының құндылық­тары­нан, әдет-ғұрыптарынан, арғы-бергі тарихынан, салт-дәстүрлерінен жан-жақты хабардар, туған тіліне шебер, көркем әдебиеті мен мәдениетінен терең білімді, білікті болмағы шарт. Солай болып жатса, ол той мәнді де, сәнді өтері анық.

IMG-20160127-WA0008Еркеғали Балажан, «Үйлену тойлар» байқауының жүлдегері:

– Менің ойымша, той иесі алдын ала қонақтарға кешікпеуін ескерту керек. Мәселен, жуырда өзімнің үйлену тойымда отбасымызбен ақылдаса келе шақыру қағазына "кешікпей келіп, асықпай кетуіңізді сұраймыз" деп арнайы жаздық. Осы әсер етті ме, той дәл уақытында басталды. Бізде мынадай түсінік қалыптасқан: «Ерте барғанда не істейміз, бәрі кешігіп келеді ғой» деген. Бұл дұрыс емес! Ең алдымен той иесін сыйлау керек. Шақырған уақытта бару  – бұл үлкен жауапкершіліктің белгісі. Сонда той да қызықты болып, адамдар да көңілді отырар еді.

maiaМайя Алибжанова, іс-шара жүргізуші:

– Шымкенттегі бірнеше тойға қатысып жүрмін. Көпшілігі кешігіп басталатыны жасырын емес. Уақытымен өтетіні некен-саяқ. Жуырда прокуратурада қызмет істейтін азамат той жасады. Қонақтар дәл уақытында келді. Кейін білсек, той иесі қонақтардың әрқайсысына тойдан кешікпеуді мұқият айтқан екен. Меніңше, тойдың уақытында басталуы шаңырақ иесіне байланысты. Жалпы тойға кешігіп келу – мәде­ниет­сіздік, өзіңді де, жұртты да сыйламаудың көрінісі деп есептеймін.

 

Последнее изменение Среда, 01 Март 2017 05:21
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.