Шымырбековтердің шарапатты ісі

Среда, 17 Август 2016 08:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3764 раз

Қала тұрғындары Мырзабек және Роза Шымырбековтер көпқабатты үйде тұрса да, шағын ауласында алма, жүзім, жаңғақ және өрік секілді ағаштарды өсіріп, жемісін көріп отыр. Сондай-ақ, айналасын көріктендіріп, үлкендерге қаланың қым-қуыт тірлігінен бір сәт болса да демалуына және балақайлардың жаздың аптап ыстығында көлеңкеде ойнауы үшін ыңғайластырған.

WhatsApp Image 2016-08-16 at 15.50.04

Қос зейнеткер «Нұрсәт» шағынауданындағы №101 үйде тұрады. Олар мұнда осыдан тоғыз жыл бұрын көшіп келіпті. Алғашында құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, айналада бірде-бір жасыл желек болмаған екен. Содан, ауласына раушан гүл отырғызып, ағаш екті. Сондай-ақ, Мырзабек Шымырбеков өз қолымен еккен жүзім ағаштары үйдің кіре берісіне күннен қорғайтын пана болумен қатар, жемісін де бере бастады.

– Қол қусырып отырмай, үйдің айналасына бір сәт көңіл бөлуге ден қойдым. Алдымен ауланы реттеп, гүл ектік. Ағаштан жасалған үлкен үстел қойдық. Онда осы үйдің тұрғындары, әсіресе өзіміз секілді зейнеткерлер шахмат пен нарды ойнайды. Мақтан тұтар көршіміздің бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов. Жаздыгүні жүзім керемет көлеңке беріп тұрады. Айналамызды жасыл желекпен көмкерейік деген мақсатта жоспарлаған ойларымыз біртіндеп жүзеге аса бастады. Қазір аулаға үш түп жаңғақ ағашын ектім. Күн сайын таңертең тұрып, оларды шелектеп суарамын. Ал үйдің артында үш түп алма мен өрік әжептеуір сая. Олардың жеміс бергеніне үш жыл болды. Дәл қазіргі уақытта алма уылжып пісіп тұр, – дейді зейнеткер.

WhatsApp Image 2016-08-16 at 15.49.39

Шымырбековтер отбасы ауласын көріктендіріп қана қоймай, оның тазалығына да аса мән береді. Үйдің айналасын таза ұстау туралы көршілеріне үнемі ескерту жасап отырады. Олар мұны тек сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсете білді. Мәселен, үйдің кіре берісіне қоқыс тастайтын жәшік орнатып қойған. Тіпті жас балаға дейін қоқысты сонда тастау керектігін жақсы түсінеді. Қазіргі кезде көпқабатты үйлердің есіктері еріксіз жарнама орнына айналған. Түрлі-түсті қағаздар жабыстырылып, кіре берістің ажарын кетіріп тұр. Ал бұл үйдің есігінен ондай бірде-бір жарнама қағазын көрмейсіз. Бұл мәселені шешу үшін

Мырзабек Шымырбеков есіктің екі жанына арнайы тақта іліп қойған. Жұмыс ұсынып, хабарландыру ілгісі келгендер үшін тақталар керемет мүмкіндік болды.
Мырзабек аға мен Роза апай алдағы уақытта балалар ойнайтын алаңшаны көріктендірсек деп отыр.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.