«Нұртастың» келешегі кемел

Вторник, 20 Декабрь 2016 09:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5205 раз

Шымкентте демографиялық ахуалдың күн санап артуына байланысты қала аумағында халық тығыз шоғырлануда. Бұл қаланың Қазақстандағы урбанизациялық орталықтың бірі ретінде танылып, агломерациялық дамуды қажет ететін үшінші мегаполиске айналуының басты себебі де осында. Тұрғындар саны артқан сайын оларға қызмет көрсететін мамандардың қажет екені белгілі. Осыған орай Шымқалада екі жыл бұрын төртінші аудан – Қаратау ауданы құрылған еді. Бүгін біз жаңа аудандағы жер көлемі 295 гектарды алып жатқан «Нұртас» шағынауданы туралы сөз қозғаймыз.

nurtas 100 3

Тұрғын разылығы

Шымкент қаласының шығыс бөлігінде орналасқан «Қайтпас-1», «Тассай», «Нұрсәт» шағын-аудандарының ұштасқан тұсы бұрынырақта бос жатқан дала еді. Соңғы 10-20 жылда халық игілігіне пайдалана бастады. Үш шағынауданға бөлініп тұрғанымен түрлі коммуналдық қызметтерге сұранысы бір аумақ уақыт өте келе қаланың орталығына айналды. Содан жер көлемі нақтыланып, жаңа шағынаудан құрылды және оған «Нұртас» атауы берілді. Шағынауданның жоғарғы жағы Астана даңғылы бойындағы Әкімшілік-іскерлік орталығымен шектесіп жатыр. Ал төменгі жағы С.Бәйтереков көшесінің бойынан Алматы тас жолымен қиылысып, шығысқа қарай Тәуке хан көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінде 12 мыңнан астам тұрғыны бар.
– Бұл маңнан жер телімін алғанымда «Қайтпас-1» шағын-ауданына қарайтын. Ол кезде жақын маңда әлеуметтік нысан тұрмақ, көрші табу мұң болатын. Суды бөшкеге жинап, сүзіп ішкен кездеріміз де болды. Сол жылдары ел қоныстанбаған даланың бүгінде көше-көшеге бөлініп, әжептеуір қала кейпіне еніп келе жатқаны қуантады. «Нұртас» атауын бергелі коммуналдық жағдайға көңіл бөліне бастады, – дейді «Нұртас шағынауданының 72 жастағы тұрғыны Аманкүл Ділдәбекова.
Аманкүл апаның 8 немересі «Ақсұңқар» көшесімен оқуға қатынайды. Бірақ, мектепке баратын жолдың бойында терең сай орналасқандықтан бір көше артқа айналып баруға мәжбүр болған. «Ақсұңқар» көшесінің біраз тұрғыны қоғамдық көлік жүретін «Гүлдала» көшесіндегі аялдамаға жетуі қиын еді. Одан бөлек, жедел жәрдем, бұл маңайды біле бермейтін басқа да қызмет көліктері тастақ жолмен 500 метрдей жол жүріп келеді. Межелі орынға 100-200 метр қалғанда әлгі сайдан өте алмай артқа қайтатын. Осы мәселені шешіп беру үшін А.Ділдәбекова «Нұртас» шағынауданы тұрғындарының атынан Қаратау ауданы әкімдігіне өтініш жасайды. Әкімдіктің қолдауымен үлкен сайды толтыру үшін түрлі құрылыс қалдықтары, жарамсыз бетондар, тастар төгілді.
– Үлкен сайды жабу оңайға соққан жоқ. Шамамен 300-ге жуық камаздың жүгі кетті-ау. Соның өзі тек жол түсіруге жетті. Сайдың қалған бөлігіне әкімдік әлі де кесек, топырақ, түрлі құрылыс қалдықтарын әкеліп жатыр, – дейді А.Ділдәбекова.

Бүгінгі жағдайы қандай?

52 көшесі бар шағынауданда ауыз су «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС тарапынан толығымен қамтамасыз етілген. Көгілдір отынның жерасты трассасы да тартылған. Әзірге 12 көшеде асфальт бар, 35 көшеге тас төселген. Тағы жаңадан құрылысы жүріп, енді ғана тұрғындар қоныстана бастаған 5 көшеге тас төсеу жоспарланған.
Қаратау ауданы әкімдігінің «Нұртас» шағынауданы бойынша жетекші маманы Шыңғыс Дүйсенбаев қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

nurtas 100 1

– «Нұртас» шағынауданының, көшелердің тазалығына «Ақсемсер» ЖШС жауапты. Ал әр үйдің тұрмыстық қалдықтарын, қатты заттарын тасымалдау жұмысын әрбір тұрғынмен келісімшарт негізінде «Спецавтотранспорт» ЖШС-і жүргізеді. Бұл мекеме әзірге 30-ға жуық көшенің тұрғындарымен санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуде. Жаңадан орналасып жатқан тұрғындарға тазалық сақтау жайын әрдайым үгіттеп отырамыз, – дейді Ш.Дүйсенбаев.
Ш. Зәкірұлының берген мәліметіне сүйенсек, шағынауданның ішкі көшелерінен орталыққа қарай №20 және №14 бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды. Ал С.Бәйтереков көшесінен №4, 103, 42, 40 бағыттағы маршруттар тұрақты түрде жүріп өтеді.
– «Нұртас» шағынауданында 19 жеке кәсіпкер бар. Оның екеуі ірі – «Темір базары» және «Сайман» құрылыс заттар сауда желісі. «Ақсауыт» көшесінде орналасқан Қаратау аудандық ІІБ №63 учаскелік полиция пунктінің инспекторы, полиция майоры Бағдат
Мелдебеков. Қ.Төлеметов көшесінің бойындағы «Алматы» айналма жолында орналасқан №68 УПП инспекторы, полиция майоры Нұрғали Ширманов та «Нұртас» шағынаудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – дейді Шыңғыс Зәкірұлы.

 

Күн тәртібінде кезекке қойылған

nurtas 100 2«Нұртас» шағынауданының тыныс-тіршілігін жақсарту мақсатында Қаратау ауданының әкімі Ғ. Мәуленқұлов және оның орынбасары М. Жолдасбеков тұрғындармен кездесіп, өзекті деп тапқан мәселелерді күн тәртібіне қойып отырады. Сондай жиындарда шешімін тапқан мәселелердің бірі – тұрғындарға қызмет көрсететін №20 бағыттағы маршруттың жолын ұзарту. Бұрын «Нұртас» дәрігерлік-амбулаториялық орталығынан қайтатын автобус бағыты бұдан былай жаңадан пайдалануға берілген №61 «Нұртас» балабақшасына дейін ұзарды. Осындай жиындарда халық қызметшілеріне шағынаудан тұрғындарының өтінішін жеткізетін – Сұлтанбай Қасымов.
– Бұдан басқа, қоғамдық көліктердің кестеге сәйкес жүруіне мониторинг жүргізу, су басу қаупі бар аймақтарда тиісті мекемелермен бірігіп ирригациялық арық орнату бойынша жұмыстар атқару, шағынаудандағы бұзылған жолдар мен аузы ашық құдықшалар, қисайған бағаналарды анықтап, тиісті мекемелермен ретке келтіруді қадағалау, топырақ көшеге  шағал тас төсеу, көше тазалығын сақтау мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастыру күн тәртібіне қойылып, күннен-күнге тұрмысымыз түзеліп келеді. Коммуналдық мәселенің көбі шешімін тапты. Алдағы уақытта жарық пен жолға қатысты түйткілді түйіндер де осылай шешімін тауып жатса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді орам басшысы.
С.Қасымов Қаратау аудандық әкімдігінің қызметкері Ш. Дүйсенбаевқа маңызды іс-шараларға ауданның ардагерлерін шақырып құрмет көрсету жайлы ұсынысын айтты.
Шағынауданда Әбутәліп
Толыбаев басқаратын «Шебер-2» ЖШС-і орталықтандырылған кәріз жүйесін жүргізуді қолға алған екен.
– 15-ке жуық жұмысшылар тобын жұмылдырып, жобаны ертерек аяқтағымыз келген еді. Әзірге ауа райының күрт суып кетуінен техниканы басқару қиын болып тұр. Бірақ, біздің қалада мұндай суық ұзаққа созылмайды, жұмысты мүмкіндігінше тоқтатпаймыз, – дейді ол.
Кәріз жүйесін жүргізу жұмыстары аяқталғаннан кейін бірнеше көшеге асфальт төсеу жоспарланған.
«Нұртас» шағынауданының сапалы электр жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Осыған байланысты Қаратау әкімдігі жекеменшік 2 электр трансформаторын «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің балансына өткізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруда.
«Нұртас» халқына қызмет ететін әлеуметтік нысандар қатарында №3 қалалық Емхана мен «Нұртас» шағынауданына қарасты дәрігерлік амбулатория бар. Екі бірдей жаңадан ашылған №72 және №85 жалпы орта мектептер шағынаудан тұрғындарына қызмет етеді. Бұдан бөлек, №61 «Нұртас» мемлекеттік және 4 жекеменшік балабақша бар. Қаратау ауданы әкімдігі қызметкерлерінің сөзіне сенсек, «Нұртас» – болашақта орталықтағы нұры шалқыған шағынауданның бірі болмақ.

Последнее изменение Вторник, 20 Декабрь 2016 10:35
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.