Қошқар ата өзені – демалысқа қолайлы мекен

Среда, 12 Июль 2017 06:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7128 раз

koshkar-ata-53

Қазір жаздың қақ ортасы. Қауын-қарбыз, жеміс-жидектер пісіп, шомылу маусымының нағыз қызған шағы. Әсіресе, Оңтүстік өңірде. Шілденің шіліңгір ыстығында ауыл тұрғындары таң сәріден жұмыстарын бітіріп, тал түсте малды су жағасына түсіріп, күннің көзі қайтқанға дейін қою көлеңкенің құшағына кетеді. Ал қала ішіндегі күйбең тіршілік бір сәтке де тоқтаған емес. Сондай кезде денеңді сергітіп, 62 тамырыңа қан жүгіртетін Қошқар атаның суық суына күмп еткің келеді...

Суының емдік қасиеті бар, Шымкент шаһарын қақ жарып өтетін Қошқар ата өзеніне түс еңкейе келдік. Ағаштардың көлеңкесі созылып, саясына адамдарды шақыра түскендей. Арнайы шомылуға арналған жерде адам қарасы өте көп. Жас жеткіншектер салқын суға түсіп, ойын ойнап, улап-шулап жүр. Ал үлкендер жағы салқындаудан бөлек, судың емдік қасиетін де ескеріп келген. Шомылып болған соң күнге денесін күйдіріп, қызған тастың үстіне отырады. Бұл да бір халықтың емдік терапиясы. 

Өзен жағасына киім ауыстыратын арнайы орындар мен көлеңкелі сәкілер қойылыпты. Саясындағы бір атамыз киімін киіп, жүргелі тұр еді, қасына барып, жөн сұрастық. Аты Жолдас. Алматыдан келіпті. Қан қысымы болғандықтан, Қошқар ата өзеніне жиі түседі екен. Осы жерді ретке келтіріп, арнайы шомылатын орын әзірлеген азаматтарға үлкен ризашылығын білдірді. Себебі, «Бұл судың тек қан қысымын ғана емес, буын, тері ауруларын, ас қорыту мүшелерін де емдейтін қасиеті бар» дейді.
Атамызбен аз-кем әңгімелесіп болған соң, назарымыз денесі күнге әбден күйген егде кісіге түсті. Есімі Қайрат. Бұл кісіні Қошқар атаға жиі келетіндер жақсы біледі екен. Өйткені, ол таң атқаннан қара кешке дейін осы жерде. Суға түскенінен, күн астында отыратыны көп. Сондықтан да терісі күйіп, ерекше түске енген.


 Біле жүрейік!

Өзеннің суы шипалы. Бұрын бұл жерде бұлақ көп болған. Сондықтан да Мыңбұлақ аталған. Қошқарата кезінде соның біразының көзін ашып, халықтың алғысын алыпты. Деректерге сүйенсек, Қошқарата XI ғасырда өмір сүрген. Шын аты – Қылыш. Төртінші атасы Арқар деген ержүрек, батыр кісі болған екен. Сол атасы «Сен Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп батасын берген. Содан бері Қошқарата атаныпты дейді аңыз. Бұл өзен бастауын Қазығұрт тауының төмен тұсынан алады.


koshkar-ata-1-53

— Өзен суына түсіп, күнге қақталып жүргеніме 15 жылдан асты. Күн сайын таңертең келіп, 12:00-ге дейін бір түсемін. Ертерек келген тіпті жақсы. Кейін түс қайта 4-5 шамасында қайтадан 3-4 сағат демаламын. Денсаулыққа пайдасы көп. Мұны кейде қыс мезгілінде де жасаймын. Бірақ ол кезде басқа әсер береді, - дейді 63 жастағы Қайрат ағамыз.
Қошқар ата өзені жер астынан шығып жатқан мөлдір әрі мұздай бұлақ суы. «Ой сұрақтан, су бұлақтан бастау алады» дегенді ескеріп, бастауға қарай бет түзедік. Жол-жөнекей өзеннің майда балықтарын тамашалап, салқын бидай көжеден дәм таттық. Өзен басындағы «ауа райы» керемет. Адамдар бұлақ маңындағы көк шөп үстіне дастархан жайып, демалып, айдарынан жел есіп отыр. Ара-арасында суға бір сүңгіп келеді. Кейбіреулері шомылып болып, еріндері дірілдеп жағада отыр. Қазір оларға ми қайнаған ыстық титтей де сезілер емес. Оның үстіне шомылатын жерге көлеңке түсіп, судың салқындығын бір қалпында ұстап тұр. Оларды көріп суға түспеген біздің денеміз салқындап қалған ба қалай өзі?
Тағы бір жайт – өзен маңында жаттығып жүрген спортшылар көп. Дене шынықтыруға арналған бір емес, екі белтемір бар. Жүгіруге де қолайлы. Ыстықтасаңыз суға бір түсіп аласыз. Рахат!
Осылай біз де біраз жайтты көзімізбен көріп, кері қайттық.
Шымкентте жаздың ыстығында жаныңызға жайлы жер іздесеңіз, Қошқар ата өзеніне келіңіз. «Неге?» десеңіз, біріншіден – ақысыз, тегін. Екіншіден – қаланың ортасында орналасқандықтан, көпшілікке жақын. Үшіншіден – таза, денсаулығыңызға пайдалы. Төртіншіден, бесіншіден... деп кете беруге болады. Қысқасы барды бағалайық, ағайын!

Последнее изменение Среда, 12 Июль 2017 06:35
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.