Жеке мәселесімен шағым айта келген азаматтың бірі - І топтағы мүгедек Рүстембек Серікбаев. Қоларбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі азамат 2013 жылы пәтер кезегіне тұрғанын айтады. Кезегім жылжыр емес деген азаматтың қамқоршысы жоқ және тегін берілетін қоларбаға қол жетізе алмаған.
– Інім арбаға таңылып отыр, өзім қараймын. Баспана кезегіне тұрғанына 6 жылға жуықтап қалды. Әзірге менің бала-шағаммен тар жерде тұрып жатыр. Ауру адамға қарау оңай емес. Оған өзім қарайтындықтан жұмысқа да тұра алмаймын. Жуырда мені қамқоршылыққа тағайындаңыз деп барсам, комиссия мүшелері жұмыс істейтініңіз туралы анықтама алып келіңіз деп айтты, - деп шағымданды Р.Серікбаевтың ағасы.
Б.Нарымбетов жағдайды тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасынан
келген Мәлік Әбдінұровтан сұрады. Оның айтуынша, Р.Серікбаев кезекке 4981-болып тұрған. Қазір кезек жылжып 2399-ға келіпті. Жауапты маман қазіргі таңда мегаполисте тұрғын үйлер көптен салынып жатқандықтан, кезектің ауылы алыс емес екенін жеткізді. Партия филиалы төрағасының орынбасары азаматқа тиесілі көмекші құрылғылардың берілуін тез арада шешуді жауапты мекемеге жүктеді.
Айта кетейік, қоғамдық қабылдауда баспана кезегімен қоса мүгедектік санатқа ауыстыру, жалақы мәселесіне қатысты шағымдар да айтылды. Арыздардың барлығы жауапты мекеме өкілдерімен бірлесіп қаралды. Енді олардың шешімінің табылуы «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің бақылауында болады.