Әл-Фараби ауданы: Сыртқы жарнамадан бюджетке 86 млн теңге түскен Избранное

Пятница, 18 Январь 2019 05:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2982 раз

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында 404 көше бар, оның 48-і кезек күттірмей жарықтандыруды қажет етеді. Шымкент қаласы энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы тарапынан аудан аумағындағы 19 көшені жарықтандыру және тағы 5 көшеге қайта құру жұмыстарын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтуде.

DSC 5972

Бұл – Әл-Фараби ауданының əкімі Ғабит Мәуленқұловтың аудан тұрғындарына 2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебінде айтылған мәліметтер. Сәуле шағынауданындағы №129 мектепте өткен есеп беру жиынына, Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Данат Жумин, қалалық мəслихат депутаттары, қалалық коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің, білім жəне денсаулық сақтау салаларының өкілдері, ішкі істер басқармасының қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Сондай-ақ, Сәуле, Бадам (Откормсовхоз), Химфарм, Залинейный, Қарасу шағынаудандары, 195-орам, Текесу тұрғын алабының тұрғындары мен көше, үй басқарушылары жиналып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды.

DSC 6140

Аудан əкімі өз есебінде Əл-Фараби ауданы əкімінің аппаратына 2018 жылы 3015 хат түсіп, заң аясында қаралып, тиісті жауаптар берілгенін айтты. Бұған қоса қала əкімінің 2018 жылғы 16 шілдедегі өкіміне сəйкес, 167 адам аудан əкімінің жеке қабылдауында болып, өз өтінішін айтқан. Оның 113-і шешімін тауып, 21-і бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. 33 хат құзырлы мекемеге жолданған. Сонымен қатар əлеуметтік желілерден түскен 153 өтініш бойынша да тиісті жұмыстар атқарылған.

Аудан көлемінде белгіленбеген орындардағы ретсіз саудамен айналысқан 1400 тұлғаға заң аясында шара көріліп, 439 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Заңсыз орнатылған 128 дүңгіршек алынып, сот шешімімен оның 34-і сүрілді. Жерді нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған 10 меншік иесіне заң аясында 2 320 000 теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, жеке кəсіпкерлер жарнамаларын заңдастыруға міндетті.

– Бұл бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде 200 заңды тұлға тіркеліп, 2018 жылы сыртқы (көрнекі) жарнама бойынша аудандық бюджетке түскен түсім көлемі 86 миллион теңгені құрады, - деді Ғ.Мəуленқұлов.
Аудан тұрғындарының 99,7%-ы ауыз су, табиғи газ, электр қуатымен қамтылған. Қала аумағына Сайрам ауданынан енген 195-орам (Бадам) мен 276-орамдағы (Сəуле) жаңақұрылыс аумағын инфрақұрылымдық жүйемен қамту 2019-2020 жылдарға жоспарлануда. Есеп беру жиынында тұрғындарды мазалаған негізгі сұрақтар да осы бағытта өрбіді.

Тұрғындардың бірі Сәуле, Бадам шағынаудандарына қатынайтын №116, 22, 86 бағыттардағы қоғамдық көліктердің жұмысына сын айтты. Оның бірінде көлік аз, келесі бағыт автобустары үнемі жолаушыға лық толы жүреді. Ал №86 бағыттағы көліктер кешкі 18:00-ден кейін жұмысын тоқтатады, дейді тұрғын.

Шымкент қаласының мал шаруашылығы және ветеринария басқармасына иесіз ит-мысықтармен күресу жұмыстарына байланысты да бірқатар ұсыныстар мен шағымдар айтылды. Сұрақтардың бірі мектеп маңындағы көшелерді жарықтандыру жайында болды. Сәуле шағынауданының тұрғыны қыстың күні сабақтан қайтқанша қас қарайып кететінін алға тартты.

Есеп беру жиынында тұрғындар жазбаша және ауызша жалпы саны 20-дан астам сұрақ қойды. Оның бірқатарына сала мамандары жауап берді. Десе де, назарға алып, мақсатты түрде айналысу үшін Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов сұрақтарға жақын күнде нақты жауап беретінін айтты.

– Сіздер қойған сұрақтың барлығы бүгінгі хаттамаға тіркеледі. Айтылған мәселелерге байланысты қажет болса, басқармаларға хат жолдаймыз. Шағынаудан кураторларына нақты тапсырмалар берейік. Сосын жауапты хат түрінде, баспасөз беттерінде тағы жариялайтын боламыз, - деді аудан әкімі.
Тұрғындардың біразымен кездесу белгілеп, жеке қабылдауына шақырған Ғабит Патшаханұлының жұмысына тұрғындар қанағаттанарлық деп баға беріп, бұдан әрі де жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуге ықылас танытты.

DSC 5962

Последнее изменение Пятница, 18 Январь 2019 06:19
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.