Мемлекет қаражаты орынды жұмсалуы тиіс Избранное

Пятница, 22 Февраль 2019 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2880 раз

Шымкент қаласының аумағына 2014 жылы енген елдімекендерде жер телімін қалалық мекенжай бойынша қайта рәсімдеу жұмыстарын әлі күнге аяқтай алмай жүрген тұрғындар бар. Тұрғылықты жері нақты заңдастырылмағандықтан Абдулабад, Тұрдыабад, Базарқақпа, Шаңырақ елдімекенінің кей тұрғындары мекенжай анықтамасын ала алмай, соның салдарынан түрлі мүмкіндіктерден қағылып отыр.

DSC 4065

Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Марат Тамабаев №21 сайлау округінің тұрғындарымен кездесіп, жер телімін әлі күнге қалалық мекенжай бойынша заңдастыра алмай жүрген тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады. Қала аумағына енген елдімекендер мен тұрғын алаптардағы өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында Шымкент қалалық мәслихаты бірқатар басқармаға шақыру жіберген.

Тұрғындар арызын тыңдауға Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі Қ.Баймендиев пен Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы С.Мұратов келді.

Еңбекші аудан әкімі аппаратының Қаратөбе аумағы бойынша халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Самат Жүнісбаевтың төрағалығымен өткен жиынға Абдулабад, Тұрдыабад, Базарқақпа, Шаңырақ елдімекендерінің ауыл билері және тұрғындары жиналды.

Ауыз су мәселесі шешімін тапты

– Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сондай-ақ, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды. Бюджет көлемі бұрынғыдан артты. Ал мәселелерді қарау, оны шешу жолдары оңайланды. Бірқатар заңнамалық өзгерістер орын алды. Осының бәрін негізге алатын болсақ, халық арызын қарау бұрынғыдан жедел атқарылуы тиіс, – деді Марат Сәрсекұлы.

DSC 4136

Депутаттың айтуынша, 2018 жылы Қаратөбе аумағында 30-дан аса жол белгісі орнатылып, әлеуметтік бағыттағы 1 қоғамдық көлік жаңа кестемен өз жұмысын бастаған. Бұған дейін ауыз суға жарымай отырған Тұрдыабад, Абдулабад елдімекендерінде аталған мәселе шешімін тапты.

Қала бюджетінен қаражат бөлініп, су құбырларын тарту құрылысы аяқталды. Енді жазға дейін аталған елдімекендерде абоненттеу жұмыстары жүргізілмек. Ауыз су бойынша аталған жұмыстар биылғы жыл соңына дейін Базарқақпа тұрғын алабында да жалғасады.

– Ескеретін бір нәрсе бар: белгілі бір жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарға биыл қаражат қаралған болса, келесі жылы ол жоба орындалу мақсатында бюджетке ұсынылуы керек. Егер ол жоба әзірленбей немесе әзірленген жоба жоба күйінде 2-3 жылға шегеріліп қала берсе, демек, бюджет қаражаты босқа жұмсалды деген сөз.

Қазіргі тәртіп осындай, – деген М.Тамабаев бұдан былай «жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде» деген жауаптың нәтижелі орындалуына баса мән беруді еске салды.

Мұрағаттағы құжаттарды сұрау қажет

Халықпен кездесуде шешуі қиын түйіннің бірі – тұрғылықты мекенжай, жер дауы мәселесі сөз болды.
Базарқақпа тұрғын алабының биі Абдумутал Исраилов тұрғындар үйдің техникалық паспортын қайта жасатуға мәжбүр болып отырғанын алға тартты.

– Біз қазіргі үйіміздің құжаттарын Базарқақпа тұрғын алабы Сайрам ауданына қарасты кезде жасатқанбыз. Енді қала аумағына енген соң жаңа мекенжайды заңдастыру мақсатында құжаттарды рәсімдейін десек, үйдің техникалық паспортын қабылдамай отыр.

Соның салдарынан біз қайтадан техникалық паспорт үшін шығындалып, жасатуымызға тура келмек. Қала аумағына енген елдімекен, тұрғын алаптардың құжаттарын аудандардан алдыру жағын неге қолға алмасқа? – дейді ауыл биі.
А.Исраиловтың айтуынша, үй құжаттары дұрыс болмағандықтан, тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтама ала алмай отырған тұрғындар да бар.

– Қала аумағына енген елдімекендердің құжатын жинақтап өткізуге Сайрам, Төлеби ауданының мұрағаттары да құлықсыз. Шымкент қаласының мұрағат қызметі осы ақпан айында Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету жəне архивтер басқармасына берілді.

Аталған басқарма аудандарға сұраныс хат жолдау жағын қарастырғаны дұрыс. Себебі, мұнда мекенжай анықтамасының жоғынан әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыдан қағылып, тіпті несие алуы мұңға айналған тұрғындар бар, – деп түсіндірді депутат.

Жылжымайтын мүлікті жаңа мекенжай бойынша қайта рәсімдеу барысында кездесетін қиындықтарға жиі қозғау салатын халық қалаулысы сыбайлас жемқорлықты болдырмауды алға тартты.

– Сұлтан Даниярұлы, қала аумағына енген 44 елдімекен халықтың өтінішімен жүзеге асқан жоба емес. Бұл – урбанизация үдерісі нәтижесінде жасалған Шымкент қаласының агломерациясы.

Демек, стратегиялық маңызы бар өзгерістердің орындалуына жергілікті тұрғындар ғана емес, оларға осы бағытта қызмет көрсететін әрбір мекеме қызметкері мүдделі болуға міндетті. Жерді заңдастыру, құжаттарды рәсімдеу кезінде осы мәселеге мән берулеріңізді сұраймын, – деді М.Тамабаев.

Шымкент қаласы жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы Сұлтан Мұратов жиында қозғалған мәселелерді басшылық назарына ұсынатынын айтты.

«Жеріме үй салып алды...»

– Біз Сайрам ауданына қарайтын кезде менің атыма берілген жерге қазір басқа біреу үй салып алды. Олар жерді қалалық мекенжай бойынша заңдастырып алған. Оның да, менің де жерге мемлекеттік актіміз бар. Салығын да төлегенбіз. Бірақ, екі ортада мен жер телімінсіз қалып отырмын, – деп көмек сұрады Гүлнар Тампиева.

С.Мұратов бұл азаматшаға көмектесетінін айтып, дәл осындай сұрақпен бетпе-бет келген қала тұрғындары болса, басқарма қызметіне жүгінуге шақырды.

Абдуллабад елдімекенінің ауыл биі И.Эргешов №148 бағытта жүре бастаған жаңа қоғамдық көліктің жол жүру кестесін Сайрамның орталығына дейін созып беруді өтінді. Бұл сұраққа Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қайрат Байменов жауап берді.

– Шымкентте әлеуметтік бағытта жүретін 10 бағыт болса, қазір оның 4 бағыты қызмет көрсете бастады. №148 қоғамдық көлік – соның бірі. Биыл Шымкент қаласына тағы жаңа автобустар алынады. Сонда қалған 6 әлеуметтік бағытты іске қосамыз. Сіздердің өтінішіңізді сол кезде қарап, кестеге аздаған өзгеріс енгізуді басшылық назарына ұсынатын боламыз, – деді бас маман.

DSC 4158

Халықпен кездесу барысында айтылған бірқатар сұрақтарды Шымкент қаласы мәслихатының депутаты М. Тамабаев және әкімдік, басқарма қызметкерлері назарда ұстайтынын мәлімдеді. Оң шешімін тапқан мәселелерді біз – тілшілер де тасада қалдырмаймыз.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.