«Тұлпарға мінген ұлы даланың Тарпаң мінезді ұлы боламын»

Среда, 05 Июнь 2019 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3615 раз

Шымкенттегі Асанбай Асқаров атындағы орталық ипподромда Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен этнотанымдық шара өтті. Ұлттық спорт түрлері мектебі көкпар бөлімінің шабандоздары сәйгүліктеріне қонып, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу сынды ұлттық ат спорт ойындарында сынға түсті.

IMG 0779

Шабандоздар алдымен ауыздығын кере сүзген арғымақтарды көрермен қауымның алдында ерттеп көрсетті. Бұдан кейін аударыспаққа кезек келді. Бұл – спортшыдан ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі.

Есіркеп Мәлік пен Серікбай Айбек есімді ауыр салмақтағы балуандар сайысында қарымта шабуыл жасаған Серікбай Айбек жеңіске жетті. Екінші жұп – Жақсылық Ақарыс пен Сабыр Бақдаулеттің тартысы бес минутқа созылып, сайыста айқын басымдықпен Сабыр Бақдаулет жеңді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында өткен танымдық шара бозбалалар мен жігіттердің теңге ілу ойынына жалғасты. Онда жасөспірімдер арасында ұлттық спорт сайыстарында ел намысын қорғап жүрген спортшылар Рахат Қамбаров пен Нұрбағлан Сәдуақас өнер көрсетті. Бұл ұлттық ойын көбіне қыз ұзату және сүндет тойлардың думанында ойналады.

IMG 0817

Алаңға мұнан соң Шыңғыс Марикажар пен Назерке Қасымбек шығып, жігіт қызды қуа жөнелді. Жүйрік атының көмегімен қызды қуып жеткен бозбала ойын шарты бойынша бетінен сүйді. Қыз да өз кезегінде қайтар жолда жігітті қамшылап, қарымтасын қайтарды. Шара соңында орталық директоры, мәдениет саласының үздігі Жәнібек Тағаев қонақтарға, қатысушыларға ризашылығын білдіріп, үздіктерді Алғыс хаттармен марапаттады.

«Тұлпарға мінген ұлы даланың Тарпаң мінезді ұлы боламын» деп Маралтай ақын жырлағандай, ұлы даланың төсін арғымақтың құлағында ойнаған жігіттер дүбірге бөлеп, ғаламат бір ойын көрсетті.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.