Кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.
Журналистермен жүздесу барысында қала басшысы шаһарымыз үшін биылғы жыл көптеген маңызды оқиғаларға толы жыл болып отырғанын айта келе, Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы ретіндегі мерейтойын өткізуге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқанын баяндады.
Қаланың көркейіп, дамуына, алдағы мерейлі мерекелер – Шымкенттің 2200 жылдық тарихи датасын, Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын, Ұлы жеңістің 75 жылдығын лайықты атап өтуге байланысты журналистердің ой-пікірлерін тыңдап, кейбір сұрақтарға нақты жауап берді.
Мұрат Дүйсенбекұлы журналистер қауымымен алдағы уақытта да осылай жүздесіп, пікір алысып тұратынын жеткізді.