Тегін тіл үйретіп, жарнаманы аударып береді Немесе түкпірдегі Түтіні түзу орталық жайлы не білеміз? Избранное

Пятница, 04 Сентябрь 2020 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4248 раз

Перде тігу салонында дизайнер болып көптен бері еңбек ететін шымкенттік Римма Михайлова қазақша сөйлемек түгілі мүлде түсінбейтін. Ал салонға перде тіктіруге көбіне қазақтар келеді. Үйіне сәнді перде тіктіруге алыс ауылдардан мықты дизайнерді іздеп арнайы келетіндер де бар. Бірақ, қызмет көрсетуші мен тұтынушының арасын үнемі тіл білместік ажыратып тұрады. Орыс тілін білмейтін клиент пен қазақша түсінбейтін дизайнердің бірлесіп жұмыс істеуі қиын. Бұл қиындық тапсырыстың көлемін азайтты. Бұлай тірліктің жүрмейтінін түсінген Римма бірден тілдерді оқыту орталығына тартып отырды.

306

 

– Қазақша үйренгенім жақсы болды, - дейді жаңадан тіл сындыра бастаған Р.Михайлова қиналса да қазақша сөйлеуге тырысып. – Клиенттерім де көбейді. Олардың не қалайтынын жақсы түсінетін болдым. Тіл білгеннің зияны жоқ. Әсіресе, біз сияқты қызмет көрсетуші кәсіпкерлер қазақша білуі қажет.
Бір қарасам, елдің бәрі емдік массажын мақтайтын Несіпкүл апайым да Римма баратын оқу орталығына жол тартып бара жатыр.
– Тез арада ағылшын тілін үйренуім керек. Шетелге қыдырып баруды армандап жүрмін. Орталықты ағылшын тілін тегін үйретеді. Мұндай мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?! – дейді менің таңданысыма асыға жауап қатып.
Осыдан кейін орталық жұмысының бүге-шүгесіне дейін білуге қалай қызықпайсың?!
Шымкентте Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы 1997 жылдан бері жұмыс істейді. «Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп, тіл меңгеру көрсеткіші анағұрлым артқан қазіргідей уақытта бұл орталықтың жұмысына қаншалықты сұраныс бар?» деп ойлайтын шығарсыз. Біздің де ойымыз солай болған. Ал шынтуайтына келсек, орталықтың қызметіне деген сұраныс артпаса, кемімеген. Тіл үйренушілер саны күн сайын көбеюде екен. Мысалы, 2018 жылы 1668 адам келіп, тіл үйренсе, былтыр екі мыңға жуық адам келген. Ал биыл... Ол жайлы сәл кейінірек.
«Білсем, көрсем...» деген бүгінгі жұрттың құмарлығы тіл үйренуге ден қойғаны қуантады. Дегенмен, көкейде «қай тіл өтімді болып тұр?» деген сауал тұрды. Заман талабына қарай ағылшын тілін үйренгісі келетіндер көп шығар деп болжағанбыз.
– Қазақша үйренгісі келетіндер көп, – дейді орталықтың директоры Нұрила Жұманова. – Әрине, кезінде орысша оқып, үйінде тек орысша сөйлеген аға-апаларымыздың бүгінде немерелерімен қазақша тіл табысу үшін үйренетіндері де бар. Дегенмен, іс қағаздарын сауатты жазу, биік мінберлерден сауатты сөйлеу, дайындап берген баяндаманы дұрыс оқи алу үшін де біздің орталыққа келіп сабақ алатындар аз емес.
Бұл орайда қазақ тілін үйрету тобының оқытушысы Мөлдір Абайқызының айтары көп. Ол үшін әр тіл үйренушінің ынтасы, талпынысы қымбат. Соған қарай ол да күнделікті тұрмыста аса қажетті сөздерден бастап, шешендік өнер деңгейіне жеткенше тіл үйренушіні баптайды. Арасында қазақтың салт-дәстүріне, өнеріне, тарихына негізделген әдістемелік құралдар қолдануды әдетке айналдырған. Видеосабақтар, қосалқы құралдар, жаңа технологияның көмегімен жаңартылған білім бағдарламасына сай әдістеме қолдану – бұл орталықтағы барлық оқытушының машығы.
Айтпақшы, тіл үйренушілердің жасы да, қызметі де әртүрлі. Жасы да, кәрісі де, мемлекеттік қызметші, зейнеткер де тіл үйренуге асығады. Ұлы Абай айтқандай, білмекке, көрмекке құмартқанды «...ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?». Көкірекке сәуле, көңілге сенім құятын тіл білу ғылымы бар ғылымның бастауы дерсің.

307


– Жасыратыны жоқ, әсіресе, кезінде ауыл мектептерін бітіріп, бүгінде әжептеуір лауазымды қызметке көтерілгенімен, орыс тіліне деген шорқақтық сенімді жұмыс істеуіне кедергі келтіретін кездер де болады екен. Ондай азаматтарға да есігіміз ашық. Біздегі тәжірибелі мамандар орыс тілін сауатты үйретеді, – деген
Нұрила Жұманованың сөзіне таңқалғанымызды жасырмаймыз. Себебі, біз «ресми іс қағаздарын жүргізу, жоғарыға ақпарат, есеп беру 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі» деген мәліметті малданатынымыз рас. Шынтуайтына келгенде Шымкенттегі республикалық деңгейдегі мекеме, департаменттерде іс қағаздарын жүргізу әлі де болса екі тілде. Ал мұндай мекемеде қызмет ету үшін екі тілге де сауатты болу ләзім.
Орталық жұмысымен танысып жүріп жасы 70-терге тақаған Фаткүл есімді татар апаға жолықтым.
– Қазақша үйреніп жүрмін. Қазір сабақ қашықтан болуда. Бәрібір көзбе-көз отырып оқығанға жетпейді ғой. Сондықтан түсінбегенімді ерінбей келіп, сұрап аламын. Себебі, үйде отырып, немерелеріме қазақша үйретуім керек. Осы елдің тілін, дәстүрін білуге міндеттіміз. Қазақша сөйлей алғаныммен, салт-дәстүр, тарихы, әдебиеті жайлы мол мағлұматты тек осы орталықтан ғана тегін оқып білуге болады. Сол үшін де сабақты үзбеймін, – дейді жігерлі жан.
Айта кету керек, тілдерді оқыту орталығындағы басты жаңалық – латын әліпбиін үйрететін арнайы курстың ашылғаны. Мұнда да сабақ тегін. Латын әліпбиі туралы талай ғылыми-семинар ұйымдастырып, ғалымдармен талқылау жасап, әдістемелік құралдар жасаған орталықтың бұл ерен еңбегі республика деңгейінде жоғары бағаланып отыр. Бағалау демекші, орталықтың оқытушысы
Айсұлу Оспанова жуырда қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесін, онлайн сабақ үлгісін ұсыну арқылы республикалық байқауда бас бәйге алды.
– Өткен жылы біз 45 балабақша мен 35 мектептің орыс тілді сыныптары арасында «Ана тілі және отбасы» байқауын өткіздік, – дейді орталықтағы әдістемелік жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы Гүлзина
Қуанышбекқызы.
Әр іс-шараға дайындық мұқият жүргізілетіндіктен, орталықтың өз әдістемелік құралдары да көп. «Тіл. Тәуелсіздік. Тағлым», «Денсаулық сақтау саласының термин сөздері мен құжат үлгілері», «Іс қағаздары және оның үлгілері» сияқты әдістемелік кітаптар жетерлік. Бәрін де осы орталық мамандары өздерінің іс-тәжірибесі негізінде жазып шыққан. Таптырмас оқу құралы.
Десек те, мемлекеттік тілді меңгеру, сауатты жазу мәселесінде түйткілді мәселелер де жоқ емес. «Мысалы, медицина, ішкі істер, банк саласы ақсап тұр» дейді орталық мамандары. Аурухана, емханаларға, банктерге бас сұға қалсаңыз, көрнекі құралдар, кеңестердің көбі тек орыс тілінде жазылып ілінген. Бар деген қазақшасында қате көп». Ал қате көрсе, түзетуді талап ету – орталық мамандарының қанына сіңген дағды.
– Көшеден, дүкеннен қазақшасы қате жазылған көрнекілік, жарнама көрсем міндетті түрде сол мекеме иесіне ескерту жасаймын. «Мынауыңызды түзетіп қойыңыз» деп. Әрине, көбі бастапқыда «Арнайы жарнама агенттіктеріне ақы төлеп жасатқанбыз» дегенді алға тартып, түзетуге асықпағанымен, «Бізге келіңізші, тегін аударып, тегін түзетіп берейік» дегенді естігенде, ұялып қалады. Келетіндері де бар. Көмектесеміз. Себебі, қазір көбі аудармаға ақы төлеуден гөрі ең оңай жолы деп, интернеттегі сөздікке салып аударуға машықтанған. Ал ол аударма көбінде қате мағына беретіні бар. Немесе «калькаға» салғандай, қазақшасы мағынасыз, тұрпайы болып шығады. Жалпы, кез келген азамат қазақ тілінің жанашыры болуы керек. Банкте болсын, кез келген ортада болсын, қызметті қазақ тілінде көрсетуді талап ете білсек, көп нәрсе өзгереді. Ол үшін біздің орталық көмектесуге әрдайым дайын, – дейді Нұрила Жұманова.
Айтса, айтқандай-ақ, орталықтағы тіл үйрету курстары мен жарнама, көрнекілік жазу ісі үшін ешкім де ақы алмайды. Барлық қызмет тегін көрсетіледі. Әттеген-айы сол, бұл орталықты іздегендер жарты қаланы аралап әзер табатыны болмаса...
Әйтпесе, 23 жылдан бері орталықтан 24 мыңнан астам азамат түрлі деңгейде тіл үйреніп шыққан. Қазір 800-ден астам азамат қазақ, орыс, ағылшын тілінде сабақ оқып жүр.

Екатерина АВДЕЕНКО,
Шымкент қалалық № 40 мектептің 10 сынып оқушысы:

319

– Мен бос уақытымда жеңіл атлетикамен айналысамын. Жасым он бесте болса да біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгергенім бар. Жеңіл атлетикадан спорт шеберімін. Халықаралық жарыстарға жолдама ұтып алдым. Елімізде болып жатқан жағдайға байланысты спорттық жарыстар уақытша тоқтап тұрғанымен, жаттығуды үзген емеспін. Спорт жаттығуынан өзге менің ұдайы айналысатын ісім –
қазақ тілін үйрену. Ол үшін қаламыздағы Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Гүлшаһар Өтебайқызының онлайн сабақтарынан қалған емеспін.
Ұстазымның көмегімен мектепте қазақ сыныбына ауыссам деген ниетім де бар.
Қазақ елінде туып-өскен мен сияқты өзге тілді ұлт өкілдері осы елдің патриоты екенін алдымен мемлекеттік тілді меңгеру арқылы көрсетуі керек деп ойлаймын. Есімін әлем ойшылдары
мойындаған дара тұлға – Абай Құнанбайұлының шығармаларын өз тілінде, қазақша оқығым келеді.
Ол үшін аянбай еңбек етуге дайынмын. Себебі, менің өмірлік ұстанымым – Ыбырай Жақанов айтып кеткендей – «Еңбек – ырыстың қазығы».

Жәмила МАМЫРӘЛІ

 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.