Қағаз жүйеден электронды паспортқа дейін... Избранное

Среда, 26 Май 2021 03:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3223 раз

Шымкент медицинасы: 30 жылда не өзгерді?

Биыл Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толды. Отыз жыл... бір қарағанда аз да, көп те болуы мүмкін. Бірақ, осы жылдар ішінде Қазақстан өз шекарасын шегендеп, әлемдік кеңістіктегі орнын бекітіп, әлеуметтік-экономикалық дамуға ерекше серпін берді.

864

 

Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өз жемісін бере қойған жоқ. Жоқтан бар жасап, дағдарып тұрған ел экономикасының күш алуына да біршама уақыт керек еді. Әсіресе, бұл аймақтарда қатты білінді. Газ, су, электр жарығының тапшылығына ұшырап, көпқабатты үй аулаларына қазан көтеріп, от жаққан күндер тұрғындардың есінен әліге дейін шықпаса керек. Иә, осы тұста мемлекет жедел қимылдап, нақты іске көшіп, ұтқыр шешімдер қабылдап үлгерген еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары медицина саласын аяққа тұрғызу оңайға түспеді. Кеңес дәуіріндегі жүйені жаңарту арқылы денсаулық сақтау саласы біршама қиындықтарға ұшырады. Нарықтық экономикаға көшуіне байланысты 1993 жылдан бастап Шымкентте медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар және басқа да медициналық мекемелер жабыла бастады. Қаржыландырудың жеткіліксіздігінен қалалық ауруханалардың саны қысқарып, бұл халыққа медициналық қызмет көрсетуді нашарлатты. Дегенмен, бұл уақытша қиындықтар болатын. Ел экономикасының жақсаруымен қалада жабылып қалған медициналық мекемелер қалпына келтіріліп, аурухана корпустары, қалалық емханалар және басқа да медициналық мекемелер салына бастады.

865


–Тәуелсіздік жылдары денсаулық саласын реформалау өте күрделі өтті. Өйткені, тоқтап қалған жүйеге жан бітіру оңай шаруа емес еді. Тәуелсіздік дегенде ең алдымен еске түсетіні –Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табанды еңбегі. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру – тақыр жерден тау тұрғызумен бірдей. Бұл – Елбасы саясатының жемісі болатын, - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов. – Мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылдау қай саланың болмасын тамырына қан жүруіне түрткі болады. Мәселен, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Республикасының санитарлық эпидемиологиялық салауаттылық мәселелері жөніндегі заңдары, денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі қабылданды.
Расында, денсаулық сақтау саласы бойынша қабылданған қаулы-қарарлардың қарасы аз болған жоқ. Мұның бәрі халық денсаулығы, ел игілігі жолында іске асырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында ана мен бала өлімін азайту жөніндегі 2008-2010 жылдарға, Қазақстан Республикасында қан қызметін жетілдіру жөніндегі 2008-2010 жылдарға, Қазақстан Республикасында ЖИТС індетіне қарсы іс-қимыл жөніндегі 2006-2010 жылдарға, Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті дамыту жөніндегі 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарламалар әзірленіп, енгізілді. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі іске асырылды. Ал 2020 жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істей бастады.

БАЗА ТОЛЫҒЫМЕН ЖАҢАРТЫЛДЫ

Денсаулық саласын қаржыландыру бірден іске аса қойған жоқ. Мәселен, 1991 жылғы Шымкенттің салаға бөлген жалпы бюджеті 50,8 млн. теңгені құрапты. Осы көрсеткіш 2021 жылы 79,1 млрд. теңгеге өскен.
–Тәуелсіздік жылдары қаланың медициналық ұйымдарының жарақтандырылуы 25,3% құрады. Ал, бүгінгі республикалық көрсеткіш - 77,5%. Бірақ, сол жылдары сала мамандары құрал-жабдық жоқ екен деп халыққа қызмет етуді тоқтатпады. Біздің бір жылды артқа тастауымыздың өзі көп істің атқарылғанын көрсетеді. Өйткені жыл сайын бөлінетін қаржының көлемі де ұлғайып отырады. Мәселен, материалдық-техникалық базаны нығайту үшін 3000 бірліктен астам медициналық техника сатып алынды, - дейді Бақытжан Позилов.
Денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселенің бірі медицина нысандарының жеткіліксіздігі еді. Күрмеуі қиын мәселе де жылдан жылға шешімін табуда. Нәтижесінде Шымкентте сол жылдары 154 нысан салынды. «100 мектеп, 100 аурухана» құрылысы аясында қала бойынша 6 нысан салынды: қалалық қан орталығы, 3 емхана, 1 балалар ауруханасы. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен кардиохирургия, трансплантология, онкология және инфекциялық орталықтың жаңа корпустары салынды. Демеушілік көмек есебінен қалалық залалсыздандыру орталығы және қалалық перинаталдық орталық салынды. Жыл сайын медициналық ұйымдарда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.
–Бүгінге дейін денсаулық сақтау саласы материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, медициналық нысандар саны жоспарға сай іске асырылды. Әрине, алғашқы жылдары тұрғындар үшін де, мамандар үшін қиынға соқты. Дегенмен, қазіргі пандемия кезеңіндегі хал-ахуалды реттеп, одан аман-есен шықсақ, біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Жоғары технология арқылы отаның сәтті өтуіне ықпал ететін тәжірибелерді меңгеруді тоқтатпауымыз қажет. Өйткені жыл сайын жоғары мамандандырылған технологиялар саны өсуде. Мәселен, Шымкенттің жүрек орталығында ашық жүрекке ота жасалып, стенттер орнатылуда. Қалалық №1 клиникалық аурухана базасында бауыр мен бүйректі транспланттау, сондай-ақ буындарды эндопротездеу бойынша 100-ден астам операция өтті. Онкологиялық орталықта жетекші мамандардың қатысуымен бауырдың қатерлі ісігімен ауыратын науқастарға 100 ота жасалынды. Қазіргі уақытта тамыр арқылы химиопрепараттарды енгізу арқылы бауырдың, мидың ісіктері бар науқастарға жасалған 50-ден астам операция сәтті өтті. Иә, әлемдік медицинада қолданбалы тәжірибелерді бағындыру – басты міндеттердің бірі, - дейді Бақытжан Жолдасбекұлы.

БІЛІКТІ ДӘРІГЕР – ЕЛ БАЙЛЫҒЫ

Медицина саласын білікті мамандарсыз елестету мүмкін емес. Өйткені адам өмірін арашалап қалатын олар білікті болуы міндетті де. Оларға бір-ақ рет білім алу жеткіліксіз. Дәрігерлер өмір бойы оқу, үйрену арқылы тәжірибе жинайды.
Айта кету керек, тәуелсіз-діктің алғашқы жылдарында медициналық мекемелер жабылып, соның себебінен жұмыссыз қалған немесе жалақысын айлап күтіп, жұмыстан шыққан мамандар аз болған жоқ. Бұл еліміздің барлық өңірлерінде тоқырау жылдары болған жағдай. Алайда қазір бәрі басқаша. Бүгінде 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету 39,1 (1991ж.-27,0) құраған. 1991 жылы дәрігерлердің саны 2205 болса, 2021 жылы маман саны 4205-ке дейін артты. Яғни, кадр тапшылығы 2 есеге төмендеген.
–Иә, дәрігерлер өмір бойы үйрену керек. Сол үшін де саланы ресурстық толтырумен қатар, мамандардың үздіксіз білім беру жүйесі орнатылды. Жыл сайын оқытылатын мамандар саны ондаған есеге артып отырды. Жүйелі, кадрлық саясаттың арқасында материализм мен баланы қорғауға басымдық бере отырып, халықаралық жобалар бойынша медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мүмкіндігі пайда болды. 4000-нан астам медицина қызметкері оқытылды, - дейді басқарма басшысы.
Бірнеше жыл бойы қалаға бағалау, оқыту, кейіннен мониторинг жүргізу және халықаралық стандарттарды енгізу, Ресей, Литва, Белоруссия, Оңтүстік Корея, Израиль, АҚШ-тан тәжірибе алмасу үшін шетелдік мамандар тартылып келеді. Жүйелі, жоғары технологиялар онкологиядан, туберкулезден болатын жалпы өлім-жітім, ана мен бала көрсеткіштерін төмендетуге мүмкіндік берді.

БАСТЫ КӨРСЕТКІШТЕР ӨЗГЕРДІ

30 жыл ішінде қала халқының жалпы өлім-жітім көрсеткіші 6,9-дан 4,8-ге дейін, яғни 30,4%-ға төмендеді. Ана өлімі 10 есеге, 79,8-ден 7,4-ке, ал нәрестелер өлімі 3 есе азайды. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 7,7-ден 0,9-ға дейінгі азайған статистиканы көрсетсе, қатерлі ісіктермен сырқаттанушылық және олардан тиісінше өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді.
2005 жылдан бастап халықтың жекелеген санаттарын, сондай-ақ аурулардың белгілі бір тізбесі бойынша науқастарды амбулаториялық деңгейде жеңілдікпен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді енгізу, сондай-ақ профилактикалық скринингтер жүргізу халықты уақтылы анықтау мен емдеуге бейімділікті жақсартуға және науқастарды жүргізудің амбулаториялық кезеңінің тиімділігін арттыруға қол жеткізуге мүмкіндік берді. Амбулаториялық кезеңде дәрілік заттарды жеңілдікпен және тегін босатуға жататын аурулар тізбесінің, аурулардың белгілі бір түрлеріне скринингтердің жыл сайын кеңеюі байқалады.
2020 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 1 жалпы практика дәрігеріне жүктеме 2500-ден 1600 адамға дейін төмендеді. МСАК ұйымдарын ірілендіру жоспарлы түрде жүргізіліп, халыққа қадамдық қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Халықты амбулаториялық деңгейде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету үшін 2021 жылға 7,2 млрд.теңге бөлінді. Ауруларды ерте анықтау мақсатында жыл сайын 300 мыңнан астам скринингтік зерттеулер жүргізіледі, ауруларды басқару бағдарламалары енгізілді.
Қаланың барлық медициналық ұйымдарында ақпараттық жүйелер енгізілді, халықтың 100%-да электрондық денсаулық паспорты толтырылды.

P.S.  

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі заманғы медицина саласының айырмашылығы жер мен көктей. Ол тұста маман жағынан да, сапа жағынан да, техника жағынан да жағдай қиын еді. Сондықтан да, денсаулық сақтау жүйесін ұзақмерзімді жоспарлау ісіндегі басым бағыттың бірі – ел аумағында сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің маңызды болғаны рас. Өйткені, ұлт денсаулығы - табысты болашақтың негізі, бақытты өмірдің кепілі.

Р.Қонарбекқызы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.