Аңызға айналған адам Избранное

Среда, 16 Июнь 2021 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1933 раз

Төкен Танаұлы... Бұл есімді бала кезімізден естіп өстік. Әйтпесе, мен туып өскен Шардара мен Төкен Танаұлы тұратын Атыраудың арасы қазіргідей интернет пен әлеуметтік желілер жоқ кезде жер мен көктей болатын. Қашықтыққа қарамастан, Төкен ағамыздың атағы айлы жерлерге асып, дақпырты тасып жататын.

209

 

Оның сыры не деп сұрарсыз... Себебі жақсылық жерде жатпайды. Оның ішінде жақсылықты жүйелі жасайтын жандардың аты-жөні дақпырт болып, ауыздан ауызға тарап, аңызға айналады.
Әдетте аңызға айналған адамдар арамызда жоқ болады. Сол кезде бала көңіл қай заманда болған кісі екен деп ойлаушы еді. Сөйтсек, бар адам екен, бар болғанда да шынында да нар адам екен.
Атыраудың, кімің бар дегенде көрсететін айтулы азаматтарының ортасынан ойып тұрып орын алған Төкен Танаұлын Атырауда жүріп халыққа қызмет ету абыройы бұйырғанда тани түстік.
Талай рет жүздесудің сәті түсті, сапарлас болдық. Әдетте ә дегеннен ойға оқиғалар мен алған әсер оралады ғой. Сондай сапарлардың бірінде Бекет атаның басына бардық. Бірнеше елге белгілі азамат бар. Атын атап жатпай-ақ қояйын. Төкен ағаның өзі біледі.
Атаның басына түстік. Әруаққа құран бағыштап, жоғары шықтық. Күн ысып тұр. Жыңғылдың арасынан әр жерден шегірткенің ызыңдаған үні құрғақ ауа арқылы тарағанда құлағыңның түбінде отырғандай. Тамақ құрғап, тіл таңдайға жабысып қалған. Атаның басына барып жүргендер жақсы түсінеді. Төкен Танаұлынан 10-20 жас кіші екі кісі артта қалып қойды. Төкен ағамыз оқ бойы озып кетіп, артына қарайлап, көлеңкеде күтіп тұрады. Жете бергенде алдыға түсіп алып, алшаң басып тағы озып кетеді. Әрең дегенде жоғарыға шығып, дем басып отырғанда бір кісі:
– Төкен аға, сізге жете алмай қалдық қой.
– Жетпіске келген соң жетесіңдер, - деп әзілдеді құрғақ терін сүртіп отырған інілеріне қарап.
Төкен Танаұлының өмірде де, кәсіпте де, мемлекеттік қызметте де осылай оқ бойы озық жүргеніне көпшілік куә.
Атырауда жұмыс істеп жүргенімде кабинетіме кіре беріс бөлме қашан да кісіге толы. Көбі көмек сұрап келеді. Үміт етеді. Шаруам шешіледі деп ойлайды. Сұраудың көбі заңға салсаң шешілмейді. Арасында шетелден келген қандастарымыз да бар. Бірнеше рет Төкен ағаға хабарласып, алдына жібердім.
Төкен Танаұлы сұраушылардың бетін қайтармайды. Біріне өз қалтасынан қаржы береді, біріне базардан орын береді, бірін жұмысқа кіргізеді. Қайырымдылық көрген қандастардың кейбірімен кейіннен көрісіп қалып, рақмет айтты. Жақсылықты
Төкен аға жасайды, мен алғысын аламын.
Төкен Танаұлына мен сияқты талай адам хабарласатынын ішім сезеді. Міне, осылай, Төкен ағаның аңызға айналған бейнесін жылдар өткен соң түсіндім.
Бұны бір деп қойыңыз.
Екіншіден, Төкен ағаның асыл жары Дина апамыздың өзі қандай кісі! Дастарханы кең, жүзі жылы. Айналасына айналайынын ешқашан аямайды. Дина апамыздың қолынан шәй ішпеген зиялы қауым өкілі кемде-кем шығар. Бұл үйде небір әңгімелер айтылады, естеліктер еске түседі.
Жақсы жандардың ұзағырақ өмір сүргенін қалаймыз. Төңірегіне сәуле түсіріп, шапағатын шашып жүре берсе екен дейміз. Мұндай адамдар қанша көп өмір сүрсе, жақсылығы соншама көбірек тиеді.
Төкен Танаұлының өмір салтына қарап, ғұмырлы болатынына сенемін. Бірде ұшақта қатар отырып қалдық. Стюардесса су ұсынып жатыр. Төкен ағамыз өзімен алып жүрген бір бөтелке суды алды да, ішіне бір шымшым ұнтақ салды да: «Біз ішіп жүрген судың көбі өлі су саналады. Аса пайдасы жоқ, зияны да жоқ болар. Мына ұнтақ суды тірілтеді» деді де, бөтелкені шайқап-шайқап, жол бойы ішіп отырды. Тағамды да талғап жеді.
Оның қандай ұнтақ, нендей қасиеті бар екенін тәптіштеп сұрап отыруға ыңғайсыздандым. Бірақ көкейде әліге дейін сауал жүр.
Бекет атаның басынан жоғарыға бір деммен шығатындай қуатты Төкен ағамыз қайдан алады екен?
Оның ешқандай құпиясы болмаса керек. Салаутты өмір салты мен жақсылығын көрген халықтың алғысы Төкен ағамыз бен Дина апамызға мәнді де мазмұнды, қуатты да қайырымды ғұмыр бергей.

Шыңғыс МҰҚАН,
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.