74 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ Избранное

Пятница, 13 Август 2021 04:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1732 раз

74-otbasy-baspanaly-boldy

Шымкентте 74 азаматқа жалдамалы пәтердің кілттері табысталды. Олардың ішінде 39 отбасы әлсіз топ санатындағы, 28 отбасы көпбалалы және жетеуі ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар санатындағы азаматтар. Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов мәлімдегендей, биылғы жылға 976 адамды сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделген. Жыл басынан бері шаһарда 682 тұрғын баспаналы болған. Оның ішінде 300 жалдамалы пәтер жұмыс істейтін жастарға, 25 пәтер жетім балаларға, 176 пәтер көпбалалы отбасыларға, 181 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына берілді. Қалған 294 пәтер тұрғын үйлердің құрылысы аяқталған соң тапсырылады.

–Осы жылдың шілде айында арнайы комиссияның қорытындысымен 74 әлеуметтік әлсіз топқа жататын және көпбалалы азаматтарға пәтер беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда қала бойынша 45 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Олардың 20 мыңға жуығы мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, 8 мыңы көпбалалы аналар, 16 мыңы әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтар және     1800-і жетім балалар. Ай сайын шаһарда 600-700 адам баспана кезегіне тіркеледі. Пәтер кезегінің жылжуы қалада баяулағаны рас. Осыған орай кезекте тұрған азаматтарды тезірек баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, ол қазір талқылану үстінде. Аталған бағдарлама іске асырылған уақытта пәтер алушылар саны арта түседі деген сенімдеміз, - деді Азамат Жақыпбекұлы.

Басқарма басшысының айтуынша өткен жылы жалпы саны 1596 азамат жалдамалы баспанамен қамтылды. Оның ішінде жұмыс істейтін жастарға 904 пәтер берілсе, 692 пәтер тұрғын үй кезегі санаттары бойынша тапсырылды.

Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Ал, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы  аясында несиелік бағдарламалар арқылы ұсынылуда. Биыл  мұқтаж азаматтарға ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде әр азаматқа 1 миллион теңгеден тұрғын үй сертификаты беріле бастады. Оның жалпы сомасы 500 млн. теңге. Осы бойынша азаматтардың құжаттарын қабылдау – ақпараттық жүйенің www.kezekte.kz  сайты арқылы биыл шілденің 26-нан бастап басталды.

–Қазіргі таңда тұрғын үй сертификатына 404 өтінім түсті, 45 азаматтың тұрғын үй сертификатын алуға өтініші мақұлданды. Айта кеткен жөн аталған мемлекеттік қызмет толығымен электрондық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, «Отбасы банктің» «5-20-25» бағыты бойынша кредиттік тұрғын үйлерден қалған 730 пәтер биыл сатылымға шығарылды. Қазіргі таңда сатылған 721 пәтерден бюджетке 6 992,4 млн. теңге түсім түсті. Бұл пәтерлерді алған азаматтардың 291-і тұрғын үй кезегіне тіркелгендер, - деді А.Рысжанов.

Сондай-ақ жыл басынан бері «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы 1037 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жоспарға сәйкес биыл 60 кредиттік тұрғын үй (3 824 пәтер) пайдалануға берілмек.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.