#8 Индустриалды аймақтар – Шымкент өнеркәсібінің тірегі

Пятница, 13 Август 2021 04:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 550 раз

industrialdy-aimaktar-3

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық тоқырау бүкіл посткеңестік кеңістіктегі сияқты Шымкент қаласының да өнеркәсіп саласын күйретіп кеткені белгілі. Бұрынғы одақтас республикалар арасындағы экономикалық байланыстар үзілген кезде қаладағы жүйеқұраушы кәсіпорындар жұмысын тоқтатты.

Жас тәуелсіз мемлекеттің алдында өнеркәсіп саласын уақыт талабына сай қайта құрып, оны ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, экономикалық тұрғыда тиімді салаға айналдыру міндеті тұрды. Осынау күрделі міндетті жүзеге асыруға кейінгі онжылдықта жүзеге асқан Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы және сол бағдарламаның аясында ашылған индустриалды аймақтар зор септігін тигізді деп айта аламыз.

«Оңтүстік» индустриалды аймағы – республикада алғашқылардың бірі болып ашылған аймақ. 2010 жылы бұрынғы фосфор зауытының аумағын тазартып, оған көлік және инжинерлік инфрақұрылым желілерін тартуға бюджеттен 6 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсалған. Сөйтіп, 337 гектар аумақ жаңа өндіріс орындарын ашуға әзірленді. Мұндай индустриалды аймақтың артықшылығы кәсіпорын ашуды жоспарлаған инвестор тек жер телімін ғана тегін алып қоймайды, сонымен қатар ол өз кәсіпорнына электр қуаты, газ, су, жол мен темір жол тұйығын жеткізу мәселесіне де бас қатырмайды. Осындай инфрақұрылымының барлығы әзірленген жер телімін алып, сол жерге өз зауытын сала береді.

Шымкенттегі алғашқы индустриалды аймақ көп ұзамай өзін-өзі ақтай бастады. Алғашқы 5 жылдың өзінде мұнда 35 кәсіпорын жұмысын бастаса, бүгінде бұл көрсеткіш 72-ге жетіп отыр. Индустриялды аймаққа жалпы 62 миллиард теңге инвестиция тартылған. Қазіргі таңда онда 4500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Осылайша, «Оңтүстік» индустриалды аймағының территориясы сұранысқа ие тауарлар өндіретін бәсекеге қабілетті кәсіпорындармен толып отыр. Олардың арасында құрылыс материалдарын, өндірістік электр құралдарын, мотор майын және өзге де тауарлар өндіретін заманауи кәсіпорындар бар.

Мәселен, машина жасау саласында трансформаторлар өндіретін «Asia Trafo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа зауыты 2019 жылы іске қосылған. Зауытта Швейцария мен Германияның озық еуропалық заманауи технологиялық жабдықтары орнатылған. Өндірісті басқару жүйесі толығымен  автоматтандырылған. Компанияның өнімдері барлық еуропалық стандарттарға сәйкес келеді. Өндірілген өнімдердің 60 пайызы ішкі, ал, 40 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады екен.

industrialdy-aimaktar-1

Мұнан бөлек Шымкент қаласында 2016 жылы «Тассай» индустриалды аймағы ашылған. Оның аумағы 89 гектарды құрайды. Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, бес жылдың ішінде бұл аймаққа да 28 миллиард 100 миллион теңге инвестиция тартылып, 18 кәсіпорын ашылған. Бұл кәсіпорындарда 1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Қазіргі таңда тағы 16 кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Оған 11 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін осы кәсіпорындардың тағы 2-еуі іске қосылып жаңадан 70 жұмыс орны ашылмақ.

«Тассай» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың бірі –  «Nurtau distribution company» кондитерлік фабрикасы. Компания директорының орынбасары Ұлжалғас Бегайдарованың айтуынша, фабрика тәулігіне 3 тонна кәмпит пен 3 тонна сағыз өндіреді екен.

— Біздің кәсіпорында екі ауысыммен 200 адам жұмыс істейді. Кәмпиттің 20 түрін, ал, сағыздың 25 түрін өндіреміз. Күніне 6 тонна өнім өндіреміз. Біздің өнімдер экологиялық тұрғыда таза, оның құрамында адам ағзасына зиян келтіретін ешқандай қоспалар жоқ. Сондықтан өнімдерімізге сұраныс өте жоғары, — дейді Ұлжалғас Ескендірқызы.

— Индустриалды аймақта инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету бағытында «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламалары табысты іске асып келеді. Бұл қала экономикасының дамуына үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуға, тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Тассай» индустриалды аймағындағы заманауи кәсіпорындардың тағы бірі — «Болашақ – 7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түрлі сусындар шығаратын зауыты. Жалпы аумағы 2 гектарды алып жатқан бұл кәсіпорынға 1 миллиард 30 миллион теңге инвестиция құйылған. Компания басшысы Нұрлан Омаровтың айтуынша, мұнда жылына 34 миллион бөтелке сусын құйылады. Оның ішінде минералды ауыз су, газдалған және энергетикалық сусындар бар.

Ал,  «AZALA Textile» компаниясының мата-тоқыма фабрикасы жылына 2 800 тонна жіп пен 14 миллион метр мата өнімдерін өндіреді. Бұл фабрика — отандық жеңіл өнеркәсіптің көшбасшыларының бірі. Жоғары сапалы өнім шығаратын компания өз тауарларын Латвия, Литва, Германия, Италия, Польша және ТМД-ның бірқатар елдеріне экспорттайды.

bereke

Береке ДҮЙСЕБЕКОВ, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

—Индустриалды аймақтар қала экономикасының дамуына зор үлес қосып жатыр. Олар қала экономикасын өрге сүйреуші негізгі драйвер десек те артық айтқандық емес. Себебі, өндірістік аймақтарда дайын өнімдер өндіріліп, сол шығарылған тауардан түскен пайданың бір бөлігі шаһар бюджетіне салық ретінде түседі. Нақты айтар болсақ, Шымкенттегі қос индустриалды аймақтың территориясы 427 гектарды құрайды. Оған 90 миллиард 100 миллион теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде индустриялық аймақтар құрылғалы онда орналасқан кәсіпорындар 260 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, оның 110,9 млрд. теңгелік өнімін шетелдерге экспорттаған. Индустриалық аймақ қатысушылары 5 500 адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке 19,5 млрд. теңге салық төлеген.  Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, халықтың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табуда.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде Шымкенттегі «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары өндіріс орындарына жүз пайыз толған. Ендігі кезекті қала экономикасының әлеуетін барынша арттыру мақсатында тағы 4 индустриалды аймақ ашу жоспарланып отыр.

Оның біріншісі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазір ол жерге инженерлік инфрақұрылым жүйелері салынуда. Мұнда шамамен құны 200 млрд. теңге болатын 60 ірі заманауи кәсіпорын ашылады деп күтілуде. Аймаққа инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Бүгіннің өзінде 100 млрд. теңгеге 25 инвестициялық жобалардың пулы жасақталған. Келісімдерге сәйкес биыл 10 жобаның құрылысы басталады.
Екіншісі – ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Мұнда құны 23 млрд.теңгені құрайтын 1 810 жұмыс орнымен 21 жоба іске асады. Ал, үшіншісі 136 гектарды алатын заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені аймағы. Мұнда 30 млрд. теңгеге 2 мың жұмыс орнымен 20 жоба іске асатын болады.

Шымкент қаласында ашылатын төртінші индустриалды аймақ —«Стандарт» жеке индустриалды аймағы. Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырланады деп жоспарланған. Заманауи қоймалар, шағын өндірістік цехтар ашылады. Аймақта 180 млрд. теңгені құрайтын 30 жоба іске асып, 4,5 мың адам жұмыспен қамтылуы көзделген.

Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Шымкент қаласы өнеркәсібі — экономиканың негiзiн қалайтын және айқындайтын  секторлардың бiріне айналды. Олай дейтініміз, 2020 жылы Шымкенттің жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп өнімдері құрады.

Сонау 1991 жылы қаланың өнеркәсіп орындарымен 9,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 654,2 млрд. теңгеге дейін өскен. Осынау өсімге бүгін біз сөз еткен индустриялды аймақтардың да қомақты үлес қосқаны талассыз.


Қызықты деректер:

Әлемдегі ең алғашқы индустриалды аймақ 1896 жылы Англияның Манчестер қаласында құрылған. Содан кейін Еуропаның басқа да қалаларында, соңынан АҚШ-тың штаттарында пайда бола бастады.

Индустриалды аймақтардың басты артықшылығы – оларда дайын көлік пен инженерлік инфрақұрылым болады.

Әлемде индустриалды аймақтардың атауы әртүрлі айтылады. Бір елдерде біздегідей индустриалды аймақ десе, енді бірінде индустриалды парк немесе технопарк деп атайды.

Әсіресе, Батыс Еуропада индустриалды аймақтар өте көп. Бір ғана Германияның өзінде 200-ден астам технологиялық парк болса, АҚШ-та оның саны 400-ден асады.

АҚШ-тың Алабама штатындағы Хантсвилль индустриалды аймағында Toyota, BASF, Pratt & Whitney, Northrop сияқты ірі компаниялардың кәсіпорындары орналасқан.

Соңғы онжылдықта индустриалды аймақтар Азия, Шығыс Еуропа және Балтық жағалауы елдерінде де жақсы дамып келе жатыр.