Барлық салада оң өсім бар Избранное

Среда, 15 Сентябрь 2021 04:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 317 раз

ҚР Премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен Үкіметтің отырысы өтті. Селекторлық режимде өткен жиынға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, орынбасарлары мен барлық басқарма басшылары қатысты. Үкімет отырысында еліміздің Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономикалық көрсеткіштердің орындалуы жөнінде хабарлама жасады.

741

 

–Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім 5 өңірде – Шымкент қаласында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында байқалады. Ал, 6 көрсеткіш бойынша 8 өңірде өсім бар. 3 өңірде 5 көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Батыс Қазақстан облысында тек 3 көрсеткіш бойынша өсу байқалды, - деді Әсет Ерғалиев.
Шымкент қаласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың 8 айында 201,1 млрд теңгені құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,9 пайызға артқан. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның құрылымында жекеменшік инвестицияның үлесі 72 пайыз болса, мемлекеттік инвестицияның үлесі – 28 пайызды құрайды.
Жекеменшік инвестиция үлесінің артуы инвестициялық штаб жұмысының тиімділігін көрсетеді. Апта сайын өтіп жатқан штаб отырыстарында инвестиция салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешу үрдісі қалыптасты. Онлайн режимде өтіп жатқан жұмыс кездесулерінде бизнес өкілдері тап болатын бюрократиялық кедергілерді жою жөнінде шұғыл шешімдер қабылданып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылым жүйелерін тарту, жерге орналастыру мәселелері оңтайлы шешімін тауып жатыр.

Мұндай қолдаулардың нәтижесінде қаңтар-тамыз айлары аралығындағы кезеңде жылжымайтын мүлік операциялары 76,3 пайызға, көлік саласындағы жобалар 61,9 пайызға, өнеркәсіп жобалары 56,1 пайызға, коммерциялық тұрғын үйлер құрылысы 51,7 пайызға орындалды.
Тұрғын үй құрылысы саласында биылғы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 14 541 пәтерлі 275 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Жалпы ағымдағы жылы 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 1916 отбасыға коммуналдық пәтерлер, жеңілдетілген кредиттік тәртіппен 2096 пәтер пайдалануға беріледі. Халықтың аз қамтылған санаттары үшін 500 тұрғын үй сертификаттары табысталмақ.
Қаланың базалық секторларында оң өсім динамикасын сақтап, тұрғындардың әл-ауқат жағдайын арттыру бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында өңірлердің 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары да пысықталды.
Аймақтардағы дайындық барысы жөнінде баяндаған ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Шымкенттегі білім беру, денсаулық сақтау нысандарының алдағы жылыту маусымына 100 пайыз дайын екендігін айтты.
Қалада орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1 945 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 1 847-сі, яғни 95%-ы жылу маусымына дайын. Қалған тұрғын үйлерде дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Ал, әлеуметтік нысандар – білім (256), денсаулық сақтау (109), спорт (33), жұмыспен қамту (14) нысандары толығымен дайын.
Шымкенттегі жылу жүйелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 29,5 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның 28,4 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл 96% құрап отыр, қазан айына дейін жұмыстар толығымен аяқталады.
Қала тұрғындары жылу маусымында 77,6 мың тонна көмірді қажет етеді. Қазіргі уақытта қоймада 56 мың тонна көмір бар (72%). Алайда, тұрғындардың қажеттілігіне қарай көмір тасымалданатын болады.
Инфрақұрылым жүйелері бойынша табиғи газ - 100%, электр – 90%, ауыз су – 85% дайын.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.