Жол картасы – жүйелі істер бастауы Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:48 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1810 раз

Алға қойған айқын мақсатты іске асыруда жүйелі жоспардың болуы аса маңызды. Бұл – еліміздегі жетекші саяси ұйым «Nur Otan» партиясының басты ұстанымының бірі. Партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша дайындалған Жол картасы жоғарыдағы сөзіміздің жарқын мысалы.

858

 

Естеріңізде болса, жыл басында Елбасы – партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, сайлауалды бағдарламаны іске асыру бойынша әрбір өңір, қала және аудандарда жалпы саны 217 Жол картасы қабылданған болатын. Оның ішінде «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасы да бар.
Үшінші мегаполис бойынша партияның алдағы бес жылды қамтитын сайлауалды бағдарламасын жасауда тұрғындардың 700-ге жуық ұсынысы ескерілді. Халық пікірі ескерілген сайлауалды бағдарламаны іске асырудың нақты қадамдары жазылған Жол картасы 149 іс-шараны қамтыды. Барлығы 10 басымдыққа топтастырылған іс-шараның орындалуы партияның Саяси кеңесінің, оның жанынан құрылған қоғамдық кеңестер пен фракция мүшелерінің бақылауында. Енді Жол картасындағы басымдықтарға, оның орындалуы бойынша қол жеткізген көрсеткіштерге тоқталсақ.
Елімізде ең өзекті мәселенің бірі – баспана екені бәріне аян. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жеті басым бағыттан, бес бастамадан тұратын Жолдауында «Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арады аяқталады. Сонымен қатар, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай,
бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады» деген болатын. Президенттің бұл бастамасы Жол картасындағы алдағы бес жылда Шымкентте 5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй (41 827 пәтер) салу туралы жоспарының жүйелі әрі жедел іске асуына ықпал ететіні анық.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында баспанадан бөлек, білім беру саласы бойынша ең өткір мәселе мектептердегі орын тапшылығы екенін атап өтті. Нақты қадамдар жасалмаса 2025 жылға қарай мектептердегі орын тапшылығы 1 миллионға жетуі мүмкін екенін ескертті. Соған сәйкес, алдағы бес жылда еліміз бойынша 1000 мектептің бой көтеруін тапсырды. Шымкент қаласында бұл күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламаны жасау кезінде осы мәселе ескерілген. Оны шешу мақсатында алдағы бес жылда 42 мектеп салу жоспарланған. Соның негізінде үшінші мегаполисте үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін түпкілікті шешу көзделген. Айқын мақсатты орындау үшін биыл Шымкентте жаңа оқу жылы қарсаңында 20 мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады. Осылайша жоспар 208 пайызға артығымен орындалды. Апатты мектеп мәселесі күн тәртібінен түсіп, үш ауысымды мектеп саны 9-ға қысқарды.
Халықтың саулығы – партияның назарындағы басты мәселе. Осы бағытта 2025 жылға дейін қалада 10 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Алға қойған мақсат бойынша биыл 5 медициналық мекеме салынды.
Халықтың саулығы қаланың өсіп-өркендеуіне тікелей байланысты. Ал деннің саулығы салауатты өмір салтын ұстанумен ұштасатыны сөзсіз. Бұл туралы Президент өз Жолдауында «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын», - деп, бұл бағытта өңір әкімдері спорт инфрақұрылымын дамытуы қажет екенін шегелеген болатын.
Өз кезегінде партияның Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін бекітілген Жол картасында да спортты дамытуға басымдық берілген. Атап айтқанда, қалада 2025 жылға бұқаралық спортты дамытуда 6 спорт кешенін салу мақсат етілсе, соның екеуі биыл салынып, жоспар жүз пайыз орындалды. Сонымен қатар, осы жылдың еншісінде 6 стрит-воркаут салу жоспарланған, бүгінде 7 стрит-воркаут пайдалануға берілді. Осы жылы 73 спорт алаңшасын салу жоспарланған болса, жоспар 165 пайызға артығымен орындалып, 115-і ашылды. Мұның барлығы алдағы бес жылда Шымкентте спортты серік еткендер үлесін 33 пайызға жеткізу межесін жүзеге асыру бағытында атқарылуда.
Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша бекітілген Жол картасында биыл 14 мыңнан астам азаматты жұмыс орнымен қамту көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде орындалды. Қаланың экономикалық әлеуетін жақсарту үшін Оңтүстік арнайы экономикалық аймағында 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Қазір оның 12-сі іске іске асты. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша бес жылда жүзеге асуы тиіс 42 инвестициялық жобаның биыл 8-і орындалды.
Жалпы, Жол картасында көрсетілген 149-іс шараның сапалы әрі дер кезінде орындалуы бойынша қалалық әкімдіктегі тиісті басқармалардың жұмыс қарқынына «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелері жүйелі түрде бақылау жүргізіп келеді. Бұл бағытта 2021 жылдың 9 айында фракцияның 11 отырысы өтті. Күн тәртібінде 68 мәселе қаралып, 56 ұсыныс берілді.
2021 жылдың 9 айдағы қорытындысы бойынша Жол картасындағы 149 іс-шараның 28-і іске асырылды. Осылайша бағдар берер Жол картасының орындалуы 23 пайызды құрап отыр.
Жалпы Жолдау мен Жол картасындағы басымдықтардың сабақтасып, үйлесім табуынан Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарды баяндауда нақты зерттелген мәселелерге жіті мән беретінін бағамдауға болады.
Алға қойған мақсаттарды жүзеге асыруда бізге ең әуелі бірлік пен еселі еңбек керек.

Жанар БЕКТАЕВА,
«Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы
филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.